Наурыз көже (әңгіме)

0
2502

Қайдан шыққаны және қайда баратыны белгісіз, алып құс бейнесіндегі әлдене сәт сайын сәуледей лыпып, төмендей берген. Ол сәуледей құбылып, төмен ойысқан сайын айнала бір түрлі тылысым тұңғиықтан шыққандай болып, ақ сәуле белең алып, ажары айқындала түскен.

– Жаным, қалың қалай?- деді Адам Ата тура өзіне ықтап, бір бүйірлей отырған Хауа Анаға  мүсіркей қарап.

Дауысы жылы естілді. Хауа Ана тіл қатты.

– Кәзірше жаман емес, алайда басым сәл зеңіп, кеудем қысылып тұр.

Адам Ата басу айтты.

– Сәл шыда, қазір құтты орынға табан тіреп те қалармыз.

– Сонда қайда бармақпыз,- деді Хауа Ана

Адам Ата шарасыздық танытып, алақанын жайды.

– Ол жағын бір Аллаһ білмесе, мен біле алмадым.

Алып құс бейнесіндегі әлдене ағындап келіп, келесі бір өңірге іліккенде дүние репеті тіптен айшықтана түскен. Тұмшалаған қараңғылық мүлде сейіліп, көгілдір әлем жарық еткендей болған. Айнала сүт шұғылаға малынып кеткендей еді. Жарқ- жұрқ еткен өткір сәуле көз жасқайды. Сөйткенше болмады, Құдайдың қос пендесі аяқтары төмен салбыраған қалпы жұлдыздай ағып, қара жерге топ ете түсіп еді. Не болғаны түсініксіз жұмбақ күй екеуін де төбеден ұрғандай етіп, есеңгіретіп тастаған. Сол көктен сорғалап, жерге жалп ете түскен күйі аз тыныстап, есін жиған. Әйел құйрығымен қадалып, ер кісі оны құшақтап, қысып ұстаған күйі тізерлей келіп құлап еді. Осы күнге дейін шілденің аптабында әйел затының май құйрығының сырты сұп- суық болып, ер кісінің қос тізесінің үсті жылымайтыны содан деседі…

Көзін ашып, бұлардың алғаш көргені Жер атты алып кеңістік еді. Әудем жерде өздерін әлдеқайдан әкелген алып құс бейнесіндегі бірдеме әлі қарауытады.

Көк аспан алтын шұғыласын молынан төгіп, айнадай мөлдірейді. Тура қарсы алдарынан шеті де, шегі де жоқ сол аспан реуіштес алып дария, одан бертін жап- жазық дала жатты далиып.

Бұл бүгінгі Үнді елі болғанда, алып дария әйгілі Ганга өзені еді.

– Хауатай, жағдайың қалай?- деді ер адам шын жанашырлық танытып.

– Аздап қиналып тұрған секілдімін.

Ер адам енді тәпіштеп сұрай бастады.

– Мәселен.

– Мәселен сегіз көзім сырқырап, құймышағым сыздап тұрғандай.

– Ол ту-ту алыстан ағындап келіп, қатты құлағанның әсерінен ғой. Сәлден соң бәрі қалпына келеді. Сауығып кетесің.

– Сөйтетін шығармын.

– Ішің қалай?

– Ішім солқ ете түсті, дегенмен ішегім үзілуден аман тәрізді.

– Қатты түскеннің әсері ғой, әлі қалыпқа келесің.

– Сөйтетін шығармын.

– Әрине, Хауатай сөйтесің, басыңның зеңгені қалай?

– Айығып келе жатқан сыңайлы…

Адам Атаның көзін ашып көргені осы жалғыз Ана еді. Жер үсті одан өзге екі аяқты пендеден ада болатын. Сол үшін де Адам Атаның көз алдындағы жалқы әйелге  деген сүйіспеншілігі шексіз еді. Алақанына салып аялаудан, үздіксіз еркелетуден әсте жалықпайтын. Екі сөзінің бірінде  оны әспеттеп, аялай тіл қататын.

Күндер өте берді. Бұлар болса жер атты жасыл жаһанның  дәмін татып, пенделік ғұмырдың бастапқы шақтарын бастан өткеріп жатты. Бірте- бірте адами тірлікке бейімделді, әрекет етуге, ішуге, жеугу, ұйықтауға дағдылана  бастаған.

– Адам,- деп Хауа Ана бір күні өзінің көптен бірі айта алмай ішіне бүгіп жүрген жан сырын жайып салды,-мен саған бірдеме дейін деп едім.

Жалғыз еркек әрине, елпең қақты.

– Айта ғой күнім, айта ғой.

Хауа Ана сөзін жалғаған.

– Айтсам былай, шынына келгенде осы жер маған түкте ұнамайды. Күні де бір түрлі, дәл шекеңнен шағып, шақыраяды да тұрады. Ауасы да қапырық. Желі де тымырысық. Тағам түрі де көңілге қона бермейді. Осы тұстан кетсек қайтеді?

– Қайда?

– Қайда екенін өзім де білмеймін. Әйтеуірі, бір аспандаған тауы, сайын сахарасы бар, ит басына іркіт төгілгендей ырғын жаққа кетсек деймін.

– Ондай тұс қайда бар екен?

– Дәл білмеймін, бірақ қалайда сондай жер бар.

– Әлбетте бар.

– Бар болса, сол жаққа кетелік

Осыдан кейін-ақ ерлі- зайыптылардың бұл араға деген көңілі суығандай еді. Ерте болсын, кеш босын, қалайда сол өздері арман еткен жерұйыққа кетуді армандап, қиялы қымырандай іри берген. Алладан жәрдем күткен.  Соңыра дегендеріне де жетті.

Бірде таң әлетінде ерлі- зайыптыларды баяғы алып құс тектес белгісіз бірдеме қос қанатына қондырып, ет пісер мезет өтер де өтпес уақытта  құзар шыңдары көкпен таласқан, етегі Нілге малып алғандай  жап- жазық далаға ұштасатын  көгілдір таудың терең қойнауына жеткізген.  Бұл – аты әлемге мәшүр қазақтың Алатауы еді.

Алатау ерлі-зайыптыларға салғаннан ұнады. Алғаш көрген сәтте- ақ тау сұлулығынан көз алмай, өздері бұған дейін көрмеген жер сұлулығына таңқалғандай болып, сілейіп тұрып қалған. Есіл ана бойын кернеген қуанышын жасыра алмай, баладай мәз болып, күле берген.

– Міне, тәңірінің оң көзі түскен жер деп, асқар тау деп осыны айт. Көркі қандай шіркіннің, қарасаң қарай бергің келеді.

– Иә, солай.

– Биіктігін айтсайшы, тура көкпен таласады.

– Иә, солай.

– Суларын айтсаңшы, тас бұлақтың түбінен қайнап шыққан мөлдір суы тіпті балдай. Ішсең құмарың бір қанбайды, іше бергің келеді, іше бергің келеді. Тіпті бейіштің суынан бірде кем емес.

– Иә, солай.

– Ал, таудың байлығында, аңы мен құсында, жемісі мен жидегінде мүлде есеп жоқ.

– Негізі солай.

– Демек, біз іздеген жер шұрайы осы.

– Негізі солай.

– Бізге осындай ғажап өңірді тарту еткені үшін тәңіріге мыңда бір рахмет.

– Рахмет, рахмет… Аллаһ ұлы! Аллаһ ұлы! Аллаһ ұлы!

Мезгіл шілде айы еді. Көгілдір тау сол шілде айының ғаламат көркіне малынып, тотының қанатындай түрленіп, құлпырып тұрған. Сол тотының қанатындай түрленген тау бұларға тотының қанатындай түрленген жаңа тірлік әлпетін ұсынғандай болған.

 Күндер көңілді өтті.  Ерлі- зайыптылар сол көңілді күндердің жетегінде шадыман шақтарды бастан кешірді. Елсіз иен тау қойнауын ұзақ шиырлады. Беткейден бүлдірген теріп, сайдан шие үзді. Тау жуасын талмап, қымыздықтың сөлімен таңдайын дәмдеді. Талай сайдың ырызғысынан ауыз тиіп, талай шыңның басына көтерілді. Сол шыңдардың ұшар басында отырып, қиял әлеміне шомды. Тірлік жәйлі толғанды.

Хауа Ана бейіштен қуылғанда киген киімінің әр тұсында, қалтасында, жең ұшында қалып қойған  әр қилы гүлдің, жеміс ағаштарының ұрығы ол жүрген жолдың сұлбасына төгіліп, қайта гүлдеп, қайта қанат жайды.  Соның бірі –Алатаудың терең сайларының табанына ұшып түсіп, араға санаулы жылдар салып, мәуелеп өсіп жеміс берген апорт алмасы еді. Сонымен не керек бейіштің жасыл бағынан келіп түскен ұрықтан пайда болған апорт алмасы тәңірінің біріншіден, көгілддір тауларға, екіншіден, қазақтарға  берген сирек сыйындай болып, мәңгілікке қалып қойды. Алма жеген жанды тәттілігімен тәнті етті. Алманың ең дәмді түрінің  жер бетінде өсетін бір ғана жері бар, ол Алатаудың баурайы, екіншісі ана әлемнің құшағындағы Бейіштің бағы… Дәлірек айтқанда, жаратушының о дүниедегі қазақтарға арнаған жасыл бақшасында өседі…

Жылдар жылжи берген. Сол сынаптай сырғығын уақыт ерлі – зайыптыларға фәни жалғанның ыстық – суығын, бар – жоғын, жақсылығы мен жамандығын мейлінше үйретіп еді. Жалқы ана ас әзірлеудің де алуан түрін үйреніп, әбден машықтангып алған. Бірде Адам Ата таңғы ас үстінде бөгде бір әңгіменің шетін қылтитты.

– Хауажан, – деді әйеліне мейірлене тіл қатып, – осы мен бүгін бір қилы болып тұрған сықылдымын. Тек мен ғана емес, күллі дүние бір түрлі болып, толғатып тұрғандай.

–  Мен де әлденені сезгендеймін.

– Осы дүние репетінде әсте байқала бермейтін бөлекше өзгеріс, жаңалық нышаны бар.

– Мен де бір тосын жайды топшылағандаймын.

– Дәл осы күн былтыр да, оның арғы жылы да айналайын тал бесікті табиғатты ерекше тербеткендей болған. Биыл да сол өзгеріс сезіледі. Ойлаймын, жарық пен қараңғылық теңескен сықылды.

– Жақсылық нышаны болғай!

– Бейіштен өзіңмен бірге келген алуан қилы жеміс, гүл атаулының бәрі де жеті санынан қадам алып, өркендеп өсіп еді. Сен осы жеті түрлі тағам түрінің қоспасынан ас әзірлесең қайтеді?

– Жарайды,- деген Хауа Ана қуана келісіп,- дәл осы күн мен тұннің теңелген құрметіне өзің айтқандай етіп, жеті түрлі тағам түріненн ас әзірлейін.

– Солай болсын, сөйте ғой Хауаш!

– Және бұл асты өзге мезетте емес, дәл бүгінгі күні жасап, ішетін болайық.

– Солай болсын, сөйте ғой Хауаш!

Хауа Ана ақыры сөйткен. Нан, ет, тұздан тартып, жеті түрлі дәмнен келісті етіп, керімсал көже жасаған. Қысқы соғымнан қалған кер бұғының жамбасының жартысы мен кәрі жілік, тоқпан жіліктің басы келесі қазанға салынды. Сорпа бетінде сүр еттің сары жалқын майы қалқыды. Үңгір ішін көптен бері байқалмаған бір тосын астың жұпар иісі кернеді. Хауа Ана жаңа асқа ерекше ден қойды. Және сол көжені келесі жылға дейін тірлігімді жалға, қазанымнан құт, дастарқаннан дәм кетпесін деп, Алладан тілеу тілеп, иман үйіріп ішкен.

Бұл Хауа Ананың жасаған, кейін мұқым мұсылмандарға, оның ішінде қазақтарға мирас болып қалған дәстүрлі наурыз көже еді.

Наурыз көже тарихы кейде өстіп те сыр шертеді. Аңыз түбі –ақиқат.   Мүмкін, рас та шығар… 

Дәнеш Ахметұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here