Орталық мешітте Әз-Наурыз дастарханы жайылды

0
2124

Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының шақыруымен қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері мен журналистер мерекелік дастарханда бас қосты. Бұл туралы Алматы Орталық мешітінің Баспасөз қызметі хабарлады.

Күн мен түннің теңелер, жер бусанып көктемнің шырайы келетін ұлттық мереке – Әз-Наурыз! Осынау айтулы мереке қарсаңында Алматы Орталық мешітінің ауласында қазақы киіз үй тігіліп, жайылған салтанатты дастарханда наурыз көже тарту етілді. Қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері мен журналистер оюмен өрнектелген он екі қанатты ақ боз үйде ұлттық сусын-тағамдардан дәм татып, әсерлі әңгіме мен ақ тілектер жолдады. Ел Тәуелсіздігінің тыныштығы мен тұрақтылығы жолында дәстүр мен діннің сабақтастығы аса маңызға ие екенін тілге тиек етті. Келген қонақтарға кәдесый ретінде ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының Наурыз мерекесімен арнайы құттықтау хаты, мүфтият баспасынан жақында жарық көрген «Қазақстандағы ислам тарихы» кітабы мен ұлттық дәм салынған қораптар үлестірілді.

«Наурыз – бағзы заманнан бері ұлт ретінде ерекше мән беріп келе жатқан ұлттық мерекеміз. Бұл күнде дуалы ауыз ақсақалдар дастархан басында бата беріп, ренжіскендер кешірім жолын ұстанып, татуласу сынды сауапты һәм салауатты шаралар біріне-бірі ұласып жатады. Алла Тағала осындай шуақты күндерімізді еселесін!» делінген Бас мүфти құттықтау хатында. 

Осы орайда қонақтар Алматы Орталық мешіті ұжымы мен дін қызметкерлеріне алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Халық бірлігі мен ынтымағы үшін дұға жасалып, бата берілді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here