Мамандық таңдау – болашағыңды айқындау

0
1699

Өткен айда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «IT технология, автоматтандыру және агроөнеркәсіптік кешенді механикаландыру» факультетінде «Ашық есік күні» өтті. Оған Талдықорған қаласының «INNOVERSE TALDYQORGAN» мектебінің бітіруші түлектері арнайы келіп қатысты.

ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы-ректоры Тілектес Есполовтың айтуынша, «Ашық есік күнінің» негізгі мақсаты – мектеп бітірушілерге мамандықты дұрыс таңдауға бағыт беру, болашақта ауыл шаруашылығы маманы боламын деген талапкерлерге 90 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің тыныс-тіршілігін, факультеттердің ерекшелігін, «білім-ғылым-өндіріс» жүйесіндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін таныстыру және көрнекті ғалым ұстаздармен кездесу өткізіп, университет кампусымен, студенттермен жүздестіру.

Жас ұрпақ өмірінде мамандық таңдаудың маңызы зор, өмір жолындағы болашағын айқындайтын жауапты қадам екені белгілі. Биылғы жылғы мектеп бітірушілердің мамандықты дұрыс таңдауына бағыт бере отырып, біздер оларды заманауи университетте білім алуға және келешекте білікті маман ретінде еліміздің экономикасын, ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосуға шақырамыз. Мамандық таңдауда әрбір  жеткіншек өзі өскен ауылға қажетті, тиімді және өте маңызды саланы таңдай білуі керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы қыркүйектегі жолдауында «Елімізге жас білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жоба аясында кемінде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлау қажет. Жоғары оқу орындары мамандарды сапалы даярлауына жауап беруге міндетті», – деп атап өткен болатын.

Міне, осы талаптарға сай сапалы мамандар даярлай алатын Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті еліміздегі аграрлық саладағы жетекші, инновациялық озық білім мен ғылымның қара шаңырағы болып табылады. Республикамыздағы «ұлттық университет» мәртебесі бар 11 жоғары оқу орындарының алдыңғы қатарында көрініп келеді. Сондай-ақ, 2020 жылы Үкімет қаулысымен біздің ЖОО «зерттеу университеті» мәртебесіне ие болды. 2021 жылы әлемдік QS агентігінің рейтингіне қатысқан 1 600  ЖОО арасында университетіміз 551-ші орыннан көрінді.

Университетте қазіргі таңда 6 факультетке қарасты 21 кафедра қызмет етеді.

  • Агробиология
  • «Су, жер және орман ресурстары»
  • «Бизнес және құқық жоғары мектебі»
  • «ІТ-технология, автоматтандыру, АӨК механизациялау»
  • Технология және биоресурстар
  • Ветеринария факультеті

Бұл факультеттерде білім мен ғылымға еңбегі сіңген көптеген атақты академиктер мен профессорлар, PhD докторлар дәріс береді. Тек соңғы жылдары университетте магистратура мен докторантурада оқуды ойдағыдай аяқтаған, сонымен қатар, жетекші шет мемлекеттерде білім алған 200 жас ғалым конкурстық негізде оқытушылар қатарына қосылды. Құрылымдық бөлімшелер басшыларының 65 пайызы жас ғалым-оқытушылар. Университет 30-дан астам таяу және алыс шет елдердің жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зертханалық институттарымен тығыз байланыс орнатқан, 200 аграрлық жоғары оқу орнын біріктіретін Әлемдік Консорциумға мүше болып табылады.

Оқу орнында білім алушылар үшін барлық жағдайлар жасалған. 2016 жылы университетте халықаралық Агротехникалық хаб ашылды. Оның құрамында 11 ғылыми зерттеу институты,  8 инновациялық орталық, 49 заманауи зертхана, нақты жоба негізінде 18 халықаралық орталықтар жұмыс жасайды. Білім алушыларды әлеуметтік-тұрмыстық қолдау мақсатында 10 Студенттік үй қызмет көрсетеді. 

Бүгін жас қонақтарымыз осы құрылымдарда, атап айтқанда, озық ақпараттық технологияларды пайдаланатын бірегей Ситуациялық орталықта, Вагенинген университетімен жұмыс істеу институтында, Микроканалды көбею зертханасында, Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық, Су Хабы халықаралық зерттеу орталықтарында, Сүт және сүт өнімдерінің референттік зертханасында, сондай-ақ «Парасат» клубында болып, барлық білім беру жүйесі мен ғылыми-зерттеу процестерімен жақын танысты.

Мектеп түлектері алдында «IT технология, автоматтандыру және агроөнеркәсіптік кешенді механикаландыру» факультетінің деканы Нұрлан Әбділдин, Марал Момбаева («Ветеринария» факультеті), Заңғар Берікұлы («Ветеринария» факультеті), Қарақат Пыштақ («Су, жер және орман ресурстары» факультеті) сөз сөйлеп, ҚазҰАЗУ-дың басқа жоғары оқу орындарынан қандай ерекшеліктері мен артықшылықтары барын айтып, түсіндіріп берді.

«Біздің оқушылардың ата-аналары ауыл шаруашылығына білімді, білікті мамандар дайындауда озық тәжірибелерімен назар аудартқан және әлемдік деңгейдегі ұлттық ғылыми-зерттеу университетіне айналған ҚазҰАЗУ-ға іссапар ұйымдастыруды өтініп сұраған болатын. Шәкірттеріміз бүгін бәрін өз көздерімен көріп, үлкен әсерге бөленді. Университеттің белгілі профессор ұстаздарымен, студенттерімен кездесіп, ЖОО-ның және факультеттер мен мамандықтардың тарихымен, жетістіктерімен таныстық. Менің ойымша, осындай университетте оқуды таңдаған ұл-қыздарымыздың болашағы айқын болады деп сенеміз.  Алыстан келген ұландарға тамаша ақпараттық іс-шара – Ашық есік күнін ұйымдастырғандарыңыз үшін сіздерге алғысымызды білдіреміз», – деді «INNOVERSE TALDYQORGAN» мектебінің директоры Аян Тілеубекұлы. 

Өз кезегінде «INNOVERSE TALDYQORGAN» мектебінің оқушылары Елдар Нүсіп және Жанерке Ерікқызы да директордың сөзін қостап, алдағы уақытта университетке оқуға келетін ойларын білдірді.

«Біз экскурсия барысында ең озық ғылыми орталықтар мен зертханаларды, жұмыс істейтін инновациялық жабдықтарды көрдік. Біз болашақта осы жоғары оқу орны ғалымдарының жас командасының мүшесі болғымыз келеді», – деді олар.

Бүгінгі кездесулер мен ашық әңгіме өзінің үлкен қызығушылығын тудырғанын ортаға салған тағы бір шәкірт Ермек Тоқтар өз ата-анасының ауылда шаруа қожалығында жұмыс істейтінін айтты. «Олар маған еліміздің экономикасының драйвері болып табылатын аграрлық саланың дамуына үлкен үлес қосу үшін ҚазҰАЗУ-да білім алуға кеңес берді. Мен болашақта мал шаруашылығын зерттегім келеді және туған еліме осы салада тың жаңалықтарды әкелуді армандаймын», – деді ол өз әсерін бөлісіп.

«Өте дұрыс таңдау! Қолдаймыз! Біз, еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың институционалдық локомотивіне айналған университеттің басшылығы мен ұжымы өз тарапымыздан талапкерлер мен барлық білім алушылар үшін ең жақсы жағдай жасау үшін қолдан келгеннің бәрін жасай беретін боламыз. Алдына жарқын мақсат қоя білген және прогрессивті жастар үшін біздің есігіміз әрдайым ашық!» – деді университет басшысы Тілектес Есполов.

Өз тілшіміз

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here