Ақылбек Шаяхмет
Бұл жерде атам жүрген, әкем жүрген,
Әлі де парызым көп өтелмеген.
Қайысса қабырғасы бабамыздың,
Қалды ма ауыр жүгі көтермеген.
Қалды ма зар мен мұңы, шер-шемені,
Мақсатын алға қойған білсең еді.
Кіргізсе жерге де олар киіз қазық,
Қаға алмай жүрміз біздер бір шегені.
Аң атқан, егін салған, малын баққан,
Әйтеуір отбасының бабын тапқан.
Кеш жатып, ерте тұрып, еңбек қылу
Біздерге қалған мұра Әлімсақтан.
Ұялмай кере қарыс майдан асап,
Тарихты жүр біреулер қолдан жасап.
Келеді ел көзінен жасырғысы
Болғанын қырғын майдан, қанды қасап.
Ел-жұртым болсын деген есен-аман,
Орнатқан ақылымен әділ қоғам,
Күлтегін қалтыратса қас дұшпанын,
Жауларын тізерлеткен Білге қаған.
Бермеген өз еркімен жатқа қолды,
Кезінде Тұмар патша атқа қонды.
Бөктіріп қызыл қанға Кирдің басын,
Ерлігі ұрпағына мақтан болды.
Шыңғыс хан түріктердің қосқан басын,
Қалаған еркін елдің іргетасын.
Топтасқан қалың қауым маңайына,
Білген соң қасіретті жуытпасын.
Құптаған шығар ісін Хақ-Тағалам,
Куә ғой қара жер мен аспан оған.
Сан елді жинаған бір шаңыраққа,
Бар ма өзі Шыңғыс ханнан асқан адам?!
Анталап жан-жағынан шүршіт, қалмақ,
Жеріме қанды қолын болды салмақ.
Суырып қынабынан қылыштарын,
Сарбаздар ел іргесін қалды қорғап.
Анадан алып болып артық туған,
Бөгенбай, Қабанбайлар жауды қуған.
Шындықты шығарам деп шыңыраудан,
Исатай мен Махамбет белді буған.
Бейбарыс жат жерде де сұлтан болды,
Жауларын қарсы шыққан ұлтан қылды.
Батырлар атқа қонған бай-манаптың
Өтпейтін тамағынан қылқан болды.
Боламын олай болса несіне алаң,
Қасымның қасқа жолы асыл маған,
Тәукенің «Жеті жарғы» қағидасын,
Есімнің ескі жолын есіме алам.
Бірлігі Керей менен Жәнібектің
Берді ғой еңіреген еліме екпін.
Тойтарса қас дұшпанды тізе қосып,
Қалайша сол дағдыдан жерімекпін?!
Ерлігін еске алғанда Абылайдың,
Қалайша намысымды жанымаймын?
Ұмтылсам орындауға өсиетін,
Ендігі жүрісімнен жаңылмаймын.
Қазақтың соңғы ханы Кенесары
Кезіп жүр кең даланы елесі әлі.
Хан ісін жалғауға да байланысты
Дәл қазір еліміздің болашағы.
Абайдың қара сөзі ұйқыны ашқан,
Бұлағы Ыбырайдың шөлді басқан,
Фарабидің, Шоқанның ізгі ойлары
Ұрпаққа жеткен жоқ па бұлжымастан.
Өткізген қайда жүрсе сәтті күнін,
Танытқан барша жұртқа тектілігін,
Жалғасқан жеті атаға салт-дәстүрім
Жаңғырып осы күнге жетті бүгін.
Елемей күйбең тірлік сес қылғанын,
Ойлаған қонағы мен достың қамын.
Бөліп жеп түйір дәнді көршісімен,
Жимаған жұт жылы да дастарханын.
Жеріме көз алартып орыс келді,
Орыстың сөзін сөйлеп болыс келді.
Қазақтың тілін, дінін жоқ қылуға
Барлығы жан-тәнімен кірісті енді.
Төрт түлік жүрген жерді доңыз жайлап,
Қоныстан көшті қазақ соры қайнап.
Айналды топыраққа шүйгін жайлау,
Бір кезде түгі шығып, тұрған жайнап.
Іркіт қып жаңа ғана сауған сүтті,
Ленин, Сталиндей көсем шықты.
Халықты қойдай қырып, көрге тығып,
Өздері тұқымымен есен шықты.
Қылтиған қылша мойын қылта болды,
Түбіт пен қойдың жүні жұрқа болды.
Жайқалып өскен ағаш ормандағы
Салатын самауырынға жаңқа болды.
Алаштың арыстандай арыстары
Ғажап қой бір арнада табысқаны.
Нұсқады адаспайтын тура жолды,
Ұрпаққа аманатын табыстады.
Ақ таңын азаттықтың шын аңсадық,
Түбінде жаумай қоймас құралса бұлт.
Әлихан елдің қамын ерте ойлады,
Ақаң мен Жақаң шықты ұран салып.
Өзгеріп кеткеннен соң ата жолы,
Өзгеге тізгін беру қата болды.
Мұстафа шетке кетті мұң арқалап,
Жүсіпбек, Елдес, Мағжан қапа болды.
Еленбей елге сіңген ер еңбегі,
Халықтың шыққан тері төленбеді.
Көсемін атып, асып, жер аударып,
Жақсыны жіпке тізіп көгендеді.
Қазаққа құрғаннан соң қазақ қақпан,
Арылмай қойдық сұмдық кесапаттан.
Жазықсыз адамдарға жала жауып,
Айырылдық қаншама асыл азаматтан.
Құрығын қазағымның болған құтты
Алаяқ белсенділер жерге тықты.
Шешеден үлгі алмаған қыздар шықты,
Әкенің тілін алмас ұлдар шықты.
Қу тірлік, сақтанбасаң, бұзар кімді?
Өзен мен көлдер қурап, су тартылды.
«Басына қарағайдың шортан шығып,
Жігітке қарап тұрған қыз артылды»
Былғады арам аяқ осы жолды,
Папка ұстап, шапка киген асыл болды.
Азығын жұрт аузынан жырып алып,
Мойынға мініп алып, масыл болды.
Қарақан басын ойлап өншең «мықты»,
Жүрегі момындардың болды күпті.
Аралар арасынан сона шықты,
Өрмекші ұясынан бүйі шықты.
Озбырлар толтырғанда кең көмейді,
Ұзынды алды жегіп ергежейлі.
Қисаймай ауызы да кейбір тілші:
«Сүйрейді елді солар өрге!» – дейді.
Ыржиып, жылы сөйлеп қытай келді,
Жас өскін тал-шыбықты бұтай келді.
Иыққа қарызыңды үйіп қойды,
Амал жоқ, жоғалтасың ұпайды енді.
Заманның ілескенде көшіне еріп,
Қартайдық ақсақалдың жасы келіп.
Ішімде шақыр-шұқыр шер қайнайды,
Беремін сонда көздің жасына ерік.
Тура би туғаны жоқ болды ғайып,
Ұрының қылған ісін қылмады айып.
Жүргенде күн көре алмай жесір, жетім,
Шенділер параменен алды байып.
Адамдар ұсақталып, майда болды,
Ғұмыры таусылмайтын айла болды.
Ашылып жасы жеткен қарттар үйі,
Қалада жетімхана пайда болды.
Жыр қылған Баяны мен Жібегін де,
Қазақтың қасиетін білемін бе?
Мысы оның білімі мен білегінде,
Күші оның мейірімді жүрегінде.
Құртқадай Тайбурылды баптай білген,
Қыздарым ар-намысын сақтай білген.
Туғанда ер басына сұрапыл күн,
Көп жігіт сыңарын да таппай жүрген.
Қыз шықты анасынан бұрын сөйлеп,
Қысқарды қос етекті ұзын көйлек.
Жігіттің екі көзін бақырайтып,
Қатындар бай іздеді жүрген күйлеп.
Болғанда нәзік жанның сиқы мұндай,
Қайтеді көрген кісі күлкі қылмай.
Тым құрыса болса қайтті аналардың
Бұрынғы жұрнағы мен қиқымындай.
Айналса суы кепкен жер құмына,
Аққулар айдын көлде қалқыды ма?
Болды ғой қарғасы мен құзғыны да,
Болды ғой Қодары мен Жантығы да.
Сонда да біздің қазақ тойға барған,
Мәз болған жегеніне тойған адам.
Құтылып шығу қиын шақшақ басты
Күн туса ми кемірер ой қамаған.
Бөгеліп тұрған кезде бірақ та ісің,
Сарқылып бойыңдағы қуат-күшің.
Болсаң да өзің пілдей, сөзің дүрдей,
Тышқаннан сескенетін сияқтысың.
Күтесің қысылғанда кімнен көмек,
Әруақты бабаларың жүрсін жебеп.
Алайда, қой аузынан шөп алмайтын
Ұлттың жуас мінезі неге керек?
Аштық пен қастыққа да жұмды көзін,
Тым сирек кездеседі мұндай төзім.
Кешірді дұшпанының қысастығын,
Көп кісі жақсы көрді сол мінезін.
Бала ұстап жол бойында қалған ана,
Шашылған сүйектері айдалада.
Басында атын жазған көк тасы жоқ,
Бар ма өзі өлгендерге қойған мола?
Кезігіп сұмырайлар сұрағанға,
Жол ашты басшыларға ұнағанға.
Жағымпаздар жарысы аламан боп.
Ескерткіш орнатылды тірі адамға.
Байлығы жер астының, жер үстінің
Сатылып кетті білем тегіс бүгін.
Сарқыты мен жұғыны қалды ма екен,
Тамақтың байлар жеді ең ыстығын.
Тұрғанда соғып қолын айналасы,
Сөйледі аузы қисық бай баласы.
Дарынды босағадан аттай алмай,
Төрге озды ақылы кем қайманасы.
Толқытып, тебірентіп сөзұғарды,
Ұлтымның өзге жұртта сөзі қалды.
Киімі, жүріс-тұрыс – бәрі өзгерді,
Тек қана жылтыраған көзі қалды.
Тарихта хаттаулы тұр қырқысқан күн,
Намысын алты Алаштың жыртысқан күн.
Киелі топырағында ізі жатыр
Ұлытау, Сарайшық пен Түркістанның.
Ендеше келешектен күдер үзбе,
Ноқтадан босататын еріңді ізде.
Жұмылсақ жұдырықтай қуат артар,
Мәселе тіреліп тұр енді бізге.
Бес күндік бұл жалғанда жан ұшырмай,
Қазақтың бұдан былай сағы сынбай,
Туған халқым!
Әлемге кетсін даңқың
Димаштың сыңғырлаған дауысындай.