Ана тілі, ұлттық валютасы жоқ әлемнің ең бай елі

0
4629

Айналасын биік тау, орман қоршаған табиғаты көрікті жер. Жер көлемі біздің Аягөз қаласымен бірдей (160 км2). Яғни, елді бір күнде жаяу аралап шығуға болады. Өзінің ана тілі де (ресми тілі – неміс тілі), ұлттық валютасы да, мұнай-газы да, тіпті әуежайы да жоқ. Кішкентай ел болғанымен, әлемдегі ең бай екі елдің бірі. Сырттан қарыз алмайды. Өзге елдерге алақан жаймайды. Халқын салықпен, айыппұлмен тонамайды. Бақытты балалық, алаңсыз қарттық, дені сау ұрпақ, жоғары айлық – мемлекеттің басты ұстанымы. Еуропалық Одаққа да, НАТО-ға да кірмеген кәрі құрлықтағы санаулы елдің бірі. Бұл – Лихтенштейн.

Бізге бейтаныс Лихтенштейн – Австрия мен Швейцария елдерінің шекарасында орналасқан князьдық. Мемлекеттік құрылымы – конституциялық монархия. Елді Лихтенштейндер әулеті билейді. Яғни, Лихтенштейн – атауы билеуші әулеттің құрметіне қойылған әлемдегі үш елдің бірі (Иордания Хашимит Корольдігі мен Сауд Арабиясы). Князь – II-ші Ханс-Адам. Таққа 1989 жылы отырған 15-ші князь қазір 77 жаста. Премьер-министрі – Даниэль Риш. 44 жастағы ол билік басына 2021 жылдың 25 наурызында келді. Мемлекеттік діні – католицизм.

Заң шығарушы орган – Ландтаг. Парламентте 25 депутат заң қабылдайды. Олар 4 жылға сайланады. Соңғы сайлау қорытындысы бойынша Парламентке 4 партияның өкілі өткен. Соның ішінде Прогрессивті азаматтар партиясы (FBP) – 9 мандатқа, Патриоттар одағы партиясы (VU) – 8 мандатқа, Тәуелсіздер партиясы (DU) – 5 мандатқа, Еркін тізім партиясы (FL) – 3 мандатқа ие. Елде жалпы 5 партия тіркелген.

Қолданыстағы конституция өз күшіне 1921 жылы 5 қазанда енген. Жүз жылдан бері Ата заңға ешқандай өзгеріс енгізілмеген.

Лихтенштейн өзінің қарулы күштерінен 1868 жылы толық бас тартты. Дегенмен, конституцияда ел азаматтарының Отан алдындағы борышын өтейтіні жөнінде бап сақталған.

Батыс Еуропадағы кішкентай елде 38 мың адам тұрады. Соның 66%-ын жергілікті халық, қалғанын шетел азаматтары, негізінен Швейцария, Австрия және Германия азаматтары құрайды. Өмір сүруге қолайлы елге қоныс аударуға ниет білдірушілердің қатары өте көп. Дегенмен, Лихтенштейннің азаматтығын алу мүмкін емес.

Иә, Лихтенштейн азаматтық бермесе де, шетелдік компанияларды құшағын жайып қарсы алады. Өйткені, мұнда тіркелген компаниялар салықты еуропалық өлшеммен алғанда өте аз төлейді. Содан әлемдік кәсіпкерлер кәсіптерін осы Лихтенштейннен ашуға асығады. Мәселен, 38 мың халқы бар шағын мемлекетте 75,7 мың шетелдік компания тіркелген. Оларға қойылар басты талап – Лихтенштейннің бір азаматын жұмысқа алу. Ал, бұл елде еңбекке жарамды 19,5 мың адам ғана болғандықтан, халықтың көбі екі жұмыс істейді. Екі жұмыс – екі айлық. Соның өзінде жұмыс күші жетіспейді. Сондықтан күнделікті 13 мыңдай Австрия, Швейцария және Германия азаматтары Лихтенштейнге жұмысқа барып-келіп істейді. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, Лихтенштейннің азаматтығын алу, оның тұрғыны атану – әркімге бұйыра бермейтін бақ.

Айлық демекші, Лихтенштейннің бір азаматы жылына 180 мың доллар табыс табады. Сөйтіп, әлемдегі бай елдердің ішінде Катардан кейінгі екінші орынды алады. Жалпы ішкі өнімі жан басына шаққанда 98 мың долларды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша алдына тек тағы бір еуропалық шағын ел Люксембургті ғана салады.

Елдің бюджеті негізінен шетелдік компаниялардың салығынан (30%), пошта маркасын сатудан және туризмнен құралады.

Астанасы – Вадуц. Бас қаланың негізі XIII ғасырда қаланған. 5,8 мыңдай адам тұрады. Бар болғаны бес көшеден құралады. Өзінің әуежайы да, теміржол бекеті де жоқ. Дегенмен, қалаға жылына 250 мыңға жуық шетелдік қонақ келеді. Ал, 6 мыңнан астам халқы бар Шан елдің ең ірі қаласы саналады.

Лихтенштейн – мәдениеті жоғары, қылмысы төмен мемлекет. Бұл елде қылмыс дерегі осыдан он жыл бұрын тіркелген. Түрмеде жеті адам ғана отыр. Дегенмен, 120 полицей елдегі тәртіпті қадағалайды. Осылайша, Лихтенштейн әлемнің ең қауіпсіз елі ретінде әлемге танылды.
Бір қызығы, шағын елде ондаған театр, музей, газет-журнал бар. Елдегі жалғыз телеарна – 1FLTV. Ол эфирге неміс тілінде шығады.

Кішкентай ғана Лихтенштейн 1936 жылдан бері Олимпиада ойындарына қатысып келеді. Дегенмен, жазғы спорт түрінен әлі Олимпиада чемпионы шыққан жоқ. Ал, қысқы спорт түрінен ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері бар. Мәселен, қысқы Олимпиада тарихында Лихтенштейн 10 медаль иеленген.

Рас, Лихтенштейн – таулары мен баулары жасыл желекке бөленген ғажайып табиғаты бар әрі халықтың алаңсыз өмір сүруіне барлық қолайлы жағдай жасалған әлемдегі санаулы елдің бірі.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here