Оралдың бас музейінде сақталған домбыралардың тарихы

0
1651

«Тарих – өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі». Бұл сөздердің авторы – Нұрсұлтан Назарбаев. Тамыры тереңге жайылған тарихымызды танып-білу, жас ұрпаққа насихаттау әр адамзаттың міндеті. Мектеп қабырғасында оқып жүріп біз ғасырдан ғасырға жалғасын тауып келе жатқан еліміздің тарихын кітап беттерінен оқысақ, ал көне тарихымыздан сыр шертетін жәдігерлерді музейден көре аламыз.

Музей – киелі және қасиетті мекен. Музей – мәдени мекен. Өңіріміздегі осындай мәдениеті мен тарихы бір жерде ұштасқан киелі мекен – Батыс Қазақстан облыстық Тарихи-өлкетану музейі. 185 жылдық тарихы бар музей қорында 115 мыңнан астам жәдігер бар. Музей қорына жәдігерлерді әр жылдары қала, облыс тұрғындары сыйға берсе, кей жәдігерлерді музей қызметкерлері жинақтаған. Соның нәтижесінде қорда ежелгі тас дәуірінен жеткен жәдігерлерден бастап күні бүгінге дейін қолданыста болған жәдігерлер сақтаулы. Олар: киіз үй жабдықтары, ыдыс-аяқтар, киім-кешектер, картиналар, құжаттар, фотосуреттер, күнделікті тұрмыс-тіршілікте қолданылатын заттар, жиһаздар, музыкалық аспаптар… Соның ішінде музыкалық аспаптарға тоқталсақ.

Музыкалық аспаптар – әр халықтың мәдениеті мен тарихының бір бөлігі. Өйткені, біз музыка арқылы сезімдеріміз бен көңіл-күйімізді жеткізе аламыз. Әр халықтың өзіне тән музыкалық аспабы бар. Музыкалық аспаптар ойнау тәсіліне қарай мынадай түрге бөлінеді: үрлемелі, ұрмалы, сілкімелі, ысқышты, ішекті, шертпелі. Ал, қазақ халқының ұлттық дәстүрлі аспабы домбыра шертпелі саз аспабы болып табылады.

«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра. /Нағыз қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», – деп Қадыр ақын жырлағандай, қазақ халқының ғасырдан ғасырға жалғасқан ұлттық құндылығы мен дүниетанымын айнымастай жеткізе алатын қасиетті домбыра екені сөзсіз.

Тарихқа көз жүгіртсек, домбыраның шығу тарихы мен жасалу жолы ерте заманнан басталады екен. 1989 жылы Алматы облысының «Майтөбе» тауының басынан профессор С.Акитаевтың зерттеуімен табылған тастағы әр түрлі қимылдағы билеп тұрған және саз аспабын ұстаған адамдардың қолындағы аспап домбыраға ұқсайтын көрінеді. Археологтардың пікірінше, суреттер неолит дәуіріндегі суреттерге ұқсайды. В.Виноградов өзінің «О музыкальной археологии» атты мақаласында «Археологиялық жәдігерлерге сүйенсек (қабырғадағы өрнектер мен терракот жазулары), екі мың жыл бұрын тұрмыста қолданылған шертпелі екі ішекті аспаптың бейнесі ерекше көңіл аудартады. Бұл екі ішекті саз аспабы қазақтың домбырасына және қырғыздың қомызына ұқсайды» деп жазған. Суреттер қашалған тас қазіргі таңда Алматы қаласындағы Ықылас атындағы Ұлттық аспаптар музейінде сақталған.

Жалпы домбыраның дамуы мен таралуы жайында мәліметтерді біз археологиялық, этнографиялық түрлі әдебиеттер мен қазақ халқының фольклорлық мұралары туралы зерттеулерден білеміз. Деректерге сүйенсек, көне саз аспап шертер болған. ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы шертердің көлемі кішкене, мойны қысқа, пернелері жоқ, шанағы терімен қапталған. Ішектері жылқының құйрық қылынан тағылған, қылдың ұзындығына тәуелді болғандықтан саз аспабының ұзындығы 50-55 см болған екен. Ал, шанағы ешкінің терісімен тартылған. Бірақ, уақыт өте қажеттілікке байланысты домбыраның құрылымына өзгерістер енгізілді. Мойны ұзартылып, жіңішкере түсті, жалпы өлшемі де үлкейтіле бастады, бетқақпағы ағаштан жасалып, пернелер байланды. Батыс Қазақстан аймағында домбыралардың тұрқы 90-100 см-ге дейін жетеді.

Аталмыш ұлттық аспаптар Батыс Қазақстан облыстық Тарихи-өлкетану музей қорында да сақталып келеді. Олардың қатарында өңірімізге, елімізге танымал, ел тарихында, өнер тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған тұлғалардың домбыралары да бар.

Соның бірі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өңірімізге танымал ақын, журналист Ботагөз Баймұқанованың және дәстүрлі әнші, термеші Қаламқас Орашеваның тұтынған домбырасы музей қорында сақтаулы. Өнер иелерінің саусағының ізі қалған бұл жәдігер музей қорындағы құнды, баға жетпес жәдігерлердің бірі болып табылады.

Аталмыш жәдігерлердің ішінен белгілі күйші, Құрманғазы оркестрінің белді мүшесі болған, жерлесіміз Қали Жантілеуов ойнаған домбыраны ерекше атап өткім келіп отырғаны.

Жайық өңірі талай қамал бұзған тұлғаларды, талантты тұлғаларды,  арқалы ақындар, құдіретті күйшілерді, деулескер домбырашыларды дүниеге әкелген. Солардың бірі – Батыс Қазақстан облысына қарасты Жаңақала ауданының тумасы, өнер десе ішкен асын жерге қойған тұлғалардың бірі Қали Жантілеуов. Қали Жантілеуовтің музей қорында сақталған қолжазбаларына сүйенсек, жастайынан өнерге құштар болған екен. Кедей отбасында дүниеге келген бала Қалиға домбыраға, өнерге деген сүйіспеншілік анасынан дарыса керек. Себебі, өнер иесі қолжазбаларында анасы да домбыраның құлағында ойнаған, өнерге жаны жақын жан екендігін тілге тиек еткен. Бала кезінде «домбырашы бала» деген лақап аты да болыпты.

Өнер иесі 1976 жылы музей қорына домбыраны өзі тапсырған. 16 пернелі, алмұрт тәріздес формадағы домбыра Камар Хасимов атты шебердің туындысы.

Жыл сайын музей қоры түрлі жәдігерлермен толығып тұрады. Әйгілі «Ақ Жайық» трилогиясының авторы, жазушы, Ақжайық өңірінің тумасы  Хамза Есенжановтың ұлы Әлихан Хамзаұлы 2008 жылы жазушының домбырасын тапсырған. 19 пернелі, алмұрт тәрізді формадағы домбыраны жазушыға академик Қажым Жұмалиев сыйлаған екен.

Қазақтың музыкалық аспаптары – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан мәдени мұра. Ата-бабамыздан жеткен асыл мұрамызды жинап, сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуде музейдің орны ерекше.

Айжамал Абдрахманова,
Батыс Қазақстан облыстық Тарихи-өлкетану музейінің
ғылыми қор бөлімінің меңгерушісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here