Міржақыптың кесенесі мен музейін салдырған әкім

0
5418

«Қатарласа көтерген бөрененің салмағы үлкендерің иығын қанша езгенмен, бойы кішкене балалардың иығына жетпей тұратыны секілді, соғыс тауқыметі ел еңсесін еңкейтіп жібергенмен, балаларға зақым салмайды. Балалар сол бөрене жаншып тер тамшылаған ағалардың жүзіне, түсіп кетсе өздерін де басып қалатынын сезіп, үрейлене қараса, соғыс тудырып жатқан аласапыран әрекетке де солай үрейленіп қарайды. Бірақ бала үшін соның өзі жетіп жатыр емес пе?!»

Қазақтың көрнекті прозаигі Төлен Әбдіктің «Оралу» повесіндегі осы бір үзікті оқыған сайын өзімнің де бала күнімді еске аламын. Қарғыс атқыр соғыстың беті аулақ, біз, бейбітшілік туын биік ұстаған егемен Қазақстанда ер жеттік. Алайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының ауыртпашылығы әлеуметтік өмірге әлі араласпаған мектеп оқушыларын да айналып өтпеген тәрізді. Жыл сайын өзгеретін реформа, құбылмалы бағдарлама, жетіспейтін оқу құралы, кітап, дәптерді былай қойғанда, саңғырлаған қос қабатты ғимараттың игілігін де толық көре алмайтынбыз. 1996 жылдан бастап, екінші тоқсан аяқтала салысымен улап-шулап, парта, тақтаны өгіз арбаға тиеп, «ескі мектепке» көшуші едік. «Ескі мектеп» дегенім, құлаған совхоздың қаңыраған ауруханасы. Бұрынғы палаталарға парта қойып, оқуымызды жалғастырдық. Бірыңғай мектеп формасын ұмытқанбыз. Жарық екі бастан жоқ. Ғимарат оқушы басына салынған жүз тезек «салықпен» жылытылады. Еңбек пен дене шынықтыру сабақтарында өгіз шана жегіп, өзеннен тал шабуға бару қалыпты үрдіске айналған. Басқа жақты қайдам, мен, 2000 жылы оқу бітіріп кеткенге дейінгі Жангелдин ауданына қарасты Көкалат ауылындағы жағдай осындай еді. Бала біз бұлай қиналғанда, сол тұста ел тізгінін ұстаған азаматтарға түскен ауыртпалықты бағамдай беріңіз…

Бүгінгі кейіпкерім Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Мықансалықұлы Ахметов – Тәуелсіз еліміздің еңсесін көтеру жолында тер төккен тарландардың бірі. Жоғарыда сөз еткен туған ауылымдағы мектептің тезек жағудан құтылуы да осы есіммен тікелей байланысты. Ол туралы сәл кейінірек.

Алматы мен германия арасы немесе Қызбелден басталған сапар

Батырбек Ахметов 1954 жылы 9 желтоқсанда Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, Саға ауылында өмірге келді. Әкесі Мықансалық соғыс ардагері, Сталиндік темір тәртіп сүйегіне сіңген қатал, сұсты кісі болса, анасы Ботыш аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл, жайдары, ашық жан еді.

Бала Батырбек 1961 жылы Қаратал бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, 1971 жылы Қызбелдегі Ақсуат орта мектебін тәмамдап шықты. Аттестаты қолына тиісімен «ауыл-аймақты» місе тұтпай бірден Алматыға аттанды. Мақсаты – Ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсу. Ойдағыдай тәмамдап, елге келіп еңбек ету. Алайда, ол кезде қазақ балаларының жоғары оқу орнына қабылдануы мұң болатын. Қолдаушысы жоқ, шалғай өңірден келген оның маңдайы тасқа тиді. Намысшыл бозбала бетінен қайтпады. «Оқудан құлап қалдым» деп Қызбелге қайтып баруды қолай көрмеді. Етінің тірілігінің арқасында Алматыдағы №6 автобазаға автослесарь боп орналасты. Жұмыс істей жүріп Ауыл шаруашылығы институтының электр маманын дайындайтын факультетіне сырттай оқуға түсті.

1973 жылы әскер қатарына шақырылып, ГДР-де борышын өтеп, екі жыл солдат етігін киіп, елге оралды. Бұл кезде әжесі жасы ұлғайып қалған, көп жылдар күткен немересінен айырылғысы келмеді. Әскерден шыңдалып келген зіңгіттей жігіт амалсыз аудан маңайынан жұмыс іздеді. Әуелі Жанкелдин аудандық ішкі істер бөлімінде өрттен қорғау инспекторы, кейін 1981-1982 жылдары Торғай облыстық өрттен қорғау бөлімінде техникалық бөлімше бастығы қызметін атқарды. Алайда, ол қайтсем де ауыл шаруашылығы саласына оралам деген арманынан айнымаған еді.

Көптен күткен мақсатына 1982 жылы қолы жетті. Сол жылы Бидайық егін совхозы ашылып, жаңа шаруашылыққа жұмыс күші жетпей жатқан-ды. Жас жігіт бірден туған жеріне қарай құстай ұшты. Бағына қарай Қанапин Қалап Тілеубайұлы сынды білікті басшы жолықты. Азаматтың талабын таныған кәнігі директор оны қазақы тілмен айтқанда, «отқа да, суға да салып», әбден шынықтырды. Еңбек жолын машина паркінің меңгеруші боп бастаған Батырбек Мықансалықұлы аз жылда МТМ басшысының орынбасары, бас инженер, егіс бригадирі, бас агрономның міндетін атқарушы сынды баспалдақтардан өтті. Жұмыс істей жүріп оқуын жалғастырып, жоғары білім алды. Сөйтіп, 1992 жылдың күзінде Бидайық совхозының директоры болды. Оның алдында бір жыл бұрын ғана ол КСРО басшысы М.С.Горбачевтің қолы қойылған «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне таққан еді. Мұндай жоғары марапатқа Бидайықтың жыл сайын ырғын астық жинап, облыста озаттар қатарына кіргені ықпал еткен-ді.

Міржақыптың тойын мінсіз атқарған

Ел Тәуелсіздік алып, бөркін аспанға атып жатқан шақ. Алаш арысы Міржақып Дулатовтың сүйегі елге оралып, Бидайыққа жерленетін болды. Аудан басшылығы осылай ұйғарды. Себебі, қайраткерге қандай да бір елді мекен атын беру парыз. Ал, Қызбел күллі қазақ білетін тарихи жер, атауын ала алмайсың. Оған қоса Бидайық 30 мың гектарға егін себетін аудандағы ең озат совхоз. Той шығынын қиналмай көтере алады. Тағы бір маңыздысы – тізгінді ұтымды ұйымдастырушы, жігерлі де жас басшы ұстап отыр…

Сонымен, Бидайық совхозына М.Дулатов аты берілді. Басшылық бекер сенім артпапты, Батырбек Ахметов бәрін ың-шыңсыз атқара білді. Алаш ардақтысының кесенесі мен музейін салып, ауылды мұнтаздай етіп қойды. Міржақып бабаның сүйегі аруланып жерленді. Барлық іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, келген қонақтар ризашылығын жаудырып жатты. 1995 жылы Бидайықта дүркіреп өткен Жаһаңның 110 жылдық тойы әлі күнге елдің жадында.

Жаңа мекендегі жаңа мектеп

Көп ұзамай халық нарықтың экономиканың қатал қыспағына тап келді. Реформалардың тым қауырт жүргені сондай, қарапайым жұрт түгілі, ат үстіндегі азаматтар қайтерін білмей дағдарды. Мал-мүлік, техника бөлініп берілді. Дулатов совхозы да әуелі қауымдастық, одан ұжымшар, көп ұзамай ЖШС боп өзгерді. Мұндай күрт өзгеріске дайындығы жоқ халық, жібі үзілген моншақтай шашырап, дүрке көше бастады. Әлеуметтік жағдай сын көтермейтіндей тұралады. Астықтың, малдың құны түсті. Күнкөріс шынымен қиындады. Осы сәтте, яғни 1998 жылы Батырбек Ахметов тәуекелге бел буып, орнына экономисін қалдырып, Алтынсарин ауданына қоныс аударды. Арқа сүйер азаматымен бірге 57 отбасы қатар көшті. Іргесі ажырамаған ағайын-туыс Алтынсарин ауданынына қарасты «Большое Чираков» селолық округіне қарасты Осипов бөлімшесіне кеп табан тіреді. Көшіп келген отбасылардағы бала саны сексеннен асады, ал жаңа мекенде қазақ мектебі жоқ. Батырбек Мықансалықұлының білек сыбана кірісуімен Осиповтің орыс тілді бастауыш мектебі мемлекеттік тілде білім беретін негізгі мектепке айналды. Шаруашылықтың тізгінін інілеріне ұстатқан кейіпкеріміз өзі де жаңа бір өмір мектебінің табалдырығын аттады. «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің» деген бабалар сөзін жүрегіне бекітіп, мемлекет қызметіне араласты.

1998 жылдардағы жағдай белгілі. Жағалай банкрот. Шығынға ұшыраған мекемелердің құжаттарын реттеудің өзі бір ақырет. Өйткені, маман тапшы. Кадр мәселесін шешу үшін мемлекет арнайы оқыту ұйымдастырып, бітіргендерге сертификат беретін. Батырбек Ахметов те алғашқы топпен бірге осы курстан өтті. Бұл сынақтан көп тәжірибе жинаған басшы бірнеше мекемеде істеп, 2001 жылы Алтынсарин ауданы әкімінің орынбасары болды. Мұнда үш жыл қызмет етті.

Өзін іскерлік қырынан таныта білген мемлекеттік қызметкердің мойнына облыс әкімдігі ең бір жауапкершілігі мол жұмысты жүктеді.

2004 жылы Жангелдин ауданының әкімі қылып тағайындады.

Туған жерде төккен тер

Батырбек Ахметов тізгінін ұстаған сәттегі Торғайдың тұрмысы мақтанарлықтай емес еді. Үшінші мыңжылдықтың үш жылы артта қалса да, ауданда он бір жылдық жеті мектеп әлі пеш жағып отыр. Орталықтағы әлеуметтік нысандар да жөндеуді қажет етеді. Атағы Алатаудан асатын байырғы Торғай-дуан, атақты шаһардың жолдары шұрқ-шұрқ. Өндірісі жоқ, шетте жатқан өңірге қаржы бөлуге жоғары жақта аса құлықты емес. Жұмысы жоқ, тоқтаусыз көшіп жатқан жұрт… Қайтпек керек?!

Жаңа әкім ең бірінші аталған жеті мектепті орталықтандырылған жылу жүйесіне қостырды. Ол уақытта қазіргідей ауылды қолдауға бағытталған көп бағдарлама жоқ. Қаржы да тапшы. Әйтсе де, қол қусырып отырмай, биліктің назарын тарихи өлкеге «тізеге салып» бұрғызып, облыстық спартакиаданы Торғайда өткізетін боп шешті. Соның «сылтауымен» Ш.Уәлиханов орта мектебіне, аудандық ауруханаға, «Топжарған» стадионына күрделі жөндеуге ақша бөлдірді. Мердігерді де тез тауып, бас-аяғы үш айда бар жұмысты тап-тұйнақтай бітіріп, аудан қонақтарды қабылдауға дайын болды. Мұның сыртында көшелерге асфальт төсеуге 10 млн теңге бөлдірді. Ол уақытты бұл қомақты сома саналатын және осы 10 млн теңгені өзі қызметін кеткенше «ұстап отырып», жыл сайын сонша соманы облыстан «тартып алып» отырды. Тоқсаныншы жылдардан, Қосабаев кезінен жөндеу көрмеген Торғайдың 38 көшесі Батырбек Ахметов басқарған тұста тоқсан пайыздан астамы бүтінделіп қалды. Бұдан бөлек ең шалғай үш елді мекенде, Ақкөлде, А.Байтұрсынұлы ауылында, Милісайда үр жаңа үш мектеп салынды.

Жазда жем-шөп даярлау, қыста қар аршу жұмыстары да мүлтіксіз атқарылды. Көше тазалығына, тәртіпке баса мән берілді. Торғай кентінің 17 шақырымдық ішкі су құбыры жаңаланды. Аралбай, Сужарған ауылдарының құрғап қалған құбырлары қайта іске қосылды. Ақшығанақ ауылына су тұщыту қондырғысы орнатылды. Оған қажет қаражатты әкімнің араласуымен Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты 20 млн теңге демеуші ретінде бөлген-ді. Көкалат, Тәуіш ауылдарына тартылатын су құбырының жобалық-сметалық құжатын да жасатты. Жылуы үзіліп, бос қалған бұрынғы интернатқа Б.Хамзин атындағы музыка мектебін көшіртіп, жылуын тартқызды. Бұл нысан қазір әрі интернат, әрі музыка мектебі қызметін атқарады. Әкімшілік ғимараты, балабақша жөндеуден өтіп, жылу жүйесі толықтай жаңарды. Сапаржайды қайтадан іске қосты. Бос тұрған ғимараттардың бірін соттың балансына бергізіп, күрделі жөндеу жасалуына мұрындық болды. Бұл енді атқарылған көп істің бір парасы.

Осыншама еңбек еленбей қалмады. Әкімнің төсінде «Құрмет» ордені боп жарқырады.

Еңбек ескерусіз қалмайды

Өз ісіне тиянақты, қарамағындағыларға талапшыл, жоғарыдағыларға сөзін өткізе алатын басшы одан кейін де Қостанай облысының Жер ресурстарын реттеу және бөлу басқармасының басшысы, Алтынсарин ауданының әкімі қызметін  атқарып, 2017 жылы еңбек демалысына шықты. 2020 жылдан бастап «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Қостанай облыстық филиалының төрағасы. Сөз орайы келгенде кейіпкеріміздің қазіргі таңдағы атқарған қоғамдық жұмыстарын да тізе кеткен артық болмас. Батырбек Мықансалықұлы Қостанай облыстық ономастика комиссиясының мүшесі ретінде Тәуелсіз еліміздің атақты азаматтарын мәңгілік есте сақтау мақсатында атқарылған жұмыстарға өз үлесін қосты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия мүшесі ретінде Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағаттарында да жұмыс істейді. Мұнан бөлек Қостанай облыстық қоғамдық кеңесінің комитет төрағасы. Ұзақ жылғы тәжірибесіне сүйеніп, облыстық бюджетке түсетін салық, тариф, баға, аграрлық мәселелерді назарда ұстап келеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті жанынан құрылған «Тәлімгерлер кеңесінің» жетекшісі ретінде облыстағы жаңадан сайланған басқарма, бөлім басшыларын мемлекеттік қызмет ардагерлерімен кездестіруді жолға қойды. Аға буынның ақыл-кеңесі жастар үшін айнымас бағыт екені анық.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Қостанай облыстық «Ақсақалдар кеңесінің» төрағасының орынбасары ретінде  ұлтаралық келісімді нығайтып, елімізде өмір сүретін ұлттар арасында қазақ тілін дамытып, салт-дәстүрін, мәдениетін жаңғыртуға, сонымен қатар жастардың бойында патриоттық рух қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың басы қасында жүреді.

Биыл елімізге алапат су тасқынынан қауіп төнгенде, Президенттің нұсқауымен, Қостанай облысы бойынша құрылған облыстық Штабтың төрағасы болып сайланған соң жағдайды халыққа түсіндіруге кірісіп кетті. Апатты аймақтарда 621 кездесу өткізілсе, оларға 8 612 адам қатысқан. Ал, Батырбек Мықансалықұлы облыстық Штабтың төрағасы ретінде 12 кездесу өткізді, соның ішінде ең алыс елдімекендерде, Жанкелдин, Аманкелді аудандарында жол жоқ жерлерде қайықпен, тікұшақпен аралап, қалыптасқан қиын жағдайдың оң шешілуіне ықпал жасады. Бұл мемлекет қызмет ардагерінен әлі күнге аттан түспегенінің бір айғағы болса керек.

Жоғары айтып өткен «Ерен еңбегі үшін», «Құрмет» ордендерінен бөлек, «Парасат» орденінің иегері. Президент, облыс әкімінен алған Алғыс хаттары бір төбе. Алты баланың әкесі.

Қос қоғамға да бар қабілетін сарп етіп қызмет еткен ақсақал биыл жетпіс деген жастың шоқтығына қол созды. Әлі тың, тіп-тік, шешімтал қалпы. Облыстағы келелі істердің басы-қасында жүреді. Ақылшы аға, батагөй ата.

СӨЗ СОҢЫ

2003 жылдың күзінен бастап шығармашылық жолға түстім де, қалаға тұрақтадым. Алайда, ауылмен байланысымыз үзілген емес. Елге барған сайын бірінші алтын ұя Албарбөгет мектебіне бас сұғамын. Қақаған қыста қос қабатты ғимаратта алаңсыз білім алып жатқан іні-қарындастарымды көргенде, өзім куә болған қиындықтар санамда сап етеді. Тіпті, оны қиыншылық деуге де болмас. Ол сөз басында айтқандай, иығымызға түспеген бөрене сияқты ғана емес пе?! Ал, егемендіктің ең ауыры жүгі ел басқарған азаматтарға артылған екен-ау. Сындарлы кезеңнен сүріндірмей алып шыққан ағаларға алғыс. Сол ағалардың бірі Батырбек Ахметов деп білемін.

Абылай МАУДАНОВ, Қостанай облысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here