Орталық Азиядағы университеттер арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көшті

0
1607

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Орталық Азия елдері университеттері ректорларының І халықаралық форумы өтті. Форум жұмысына ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев және Орталық Азия елдерінің білім, ғылым саласы министрлері мен ЖОО ректорлары қатысты.

Форумда сөз сөйлеген министр Асхат Аймағамбетов барлық қатысушылар мен қонақтарға жылы лебізін білдіріп, Орталық Азия ЖОО-лар арасында білім мен ғылымды дамытуға басымдық беріп, озық бағыттар бойынша сапалы зерттеулер жүргізу, инновацияларды енгізуге байланысты қарым-қатынастарды нығайтуды алға тартты. Сонымен қатар Қазақстанның жоғары білім беруді дамытудағы жетістіктеріне тоқтала келе, еліміздегі 14 ЖОО әлемдік рейтингтердің қатарында екенін айтты. Бүгінде Қазақстан  Болон процесінің белсенді қатысушысы. ЖОО жұмыс берушілердің сұраныстарына жауап бере отырып,  университеттер тарапынан әзірленіп жатқан білім беру бағдарламаларының тізілімі айтарлықтай кеңейтілді. Бұл жоғары білімнің тәжірибелік бағыттарының дамуына оң әсерін тигізеді.  

«Біз ауқымды реформа жүргізіп, жоғары оқу орындарына академиялық, басқарушылық және қаржылық дербестік бердік, – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов. – Корпоративтік басқару жүйесі сәтті енгізілді. Жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғамдарға ауысты. Директорлар кеңесі құрылды. Осы және басқа да көптеген реформалар Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім беру процесінің сапасын жақсартуда шешуші рөл атқарды». Білім және ғылым министрі сондай-ақ Орталық Азия өңірі (ОА) елдерінің 150 студенті үшін «Әл-Фараби» мамандығы мен бағдарламасын даярлап, сондай-ақ PhD бағдарламалары бойынша гранттар бөлу жоспарларына назар аудартты. «Менің ойымша, бүгінгі күні Орталық Азия студенттерінің біріккен одағын құру мәселесі аса өзекті және форум барысында осы және басқа да бірқатар бастамалар бойынша пікір алмасудың тамаша мүмкіндіктері болады», – деп сөзін аяқтады ҚР Білім және ғылым министрі.

«Орталық Азия университеттері ректорларының І форумына қатысушылардың беделді құрамы оның жоғары деңгейдегі форум екенін көрсетеді. Бұл формат университетаралық байланыс орнатып, тәжірибе алмасу алаңы ретінде сұранысқа ие болатынына сенімдіміз», – деді өз сөзінде Өзбекстан Республикасы Жоғары және орта арнаулы білім министрінің бірінші орынбасары Комилжон Каримов. Спикердің айтуынша, мұндай іс-шаралар, соның ішінде 2020 жылы өткен Орталық Азия елдері Білім министрлерінің конференциясы сияқты өзара тиімді ықпалдастық орнатуға мүмкіндік беретін халықаралық, өңіраралық және университетаралық байланысты жандандыруға серпін береді. Қазіргі таңда Өзбекстанда жоғары білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар туралы айта келіп, Каримов мырза форум ұйымдастырушыларына ризашылығын білдіріп, шараның жемісті өтетініне сенім білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев өз сөзінде Орталық Азиядағы ғылыми ұйымдар мен университеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және озық тәжірибе алмасудың маңыздылығын, сондай-ақ бүгінгі форумдағы диалогтың болашақ ұрпақтың экономикалық тұрақтылығы мен өмір сүру сапасына қосқан үлес екенін атап өтті. Университет басшысы жиналған қауымға ҚазҰУ-дың алдағы даму бағдарламасының негізгі бағыттары мен жоспарын, халықаралық әріптестіктің географиясы мен жасалған соңғы ғылыми жобалардың нәтижелері жайында баяндап берді.

«Күні кеше ғана Түркияның Ыстамбұл қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалын аштық. ҚазҰУ Орталық Азия университеттерімен тығыз байланыс орнатып, ынтымақтастық туралы 30-ға жуық келісімге қол қойған. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 26 ​​мамырында Қазақстан Президентінің Қырғыз Республикасына сапары аясында Бішкек қаласында университетіміздің кезекті филиалын ашу жоспарлануда», – деді университет басшысы.

 «Біздің университет ұлттық және халықаралық деңгейде мойындалғанына қарамастан, әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуды мақсат етіп отыр. Жетілдірілген ғылыми зертханалар құрылуда. Университет кампусын кешенді жаңғырту және Smart технологияларды қолдану басталды. QS By Subject жаһандық пәндік рейтингінде университеттің білім беру бағдарламаларын одан әрі ілгерілету студенттер санын арттырады», – деді Жансейіт Түймебаев.

 Пленарлық отырыста сонымен қатар Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Расул Абазбек уулу, Тәжік ұлттық университетінің ректоры Кобилджон Хушвахтзода және т.б. баяндама жасады.

Ректорлар форумының негізгі басымдығы – жоғары оқу орындары арасында көпжақты байланыстарды мейлінше дамыту. Сол арқылы ғылым және білім беру саласының өкілдері арасында өзара түсіністік қалыптастып, ұлттық жоғары білімді интернационалдандыру ықпалы күшейіп,  студенттер алмасу және оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытудың жолдарын кеңейтеді. Өз кезігінде бұл халықаралық аренада еліміздің оң имиджін ілгерілетуге және әлемдік деңгейде ұлттық мүддені қолдауға қосымша мүмкіндіктер тудырады. 

Халықаралық шара аясында «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік, ЖОО ұжымы мен студенттерінің ұтқырлығы» және «Жоғары оқу орындарының цифрлық трансформациясы және Орталық Азия елдері зерттеу кеңістігінің интеграциясы» тақырыбында сессиялар өтіп, онда орталықазиялық жоғары оқу орындарының өкілдері өз ұйымдары негізінде екі ел үшін бірлескен зерттеулер қалай жүргізілетіні туралы тәжірибелерімен бөлісіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың мәселелерін  талқылады. Форум жұмысының соңында 19 ЖОО арасында екіжақты маңызды бағдарламалық құжаттар мен келісімдерге қол қойылды.

Форум жұмысының соңында 19 ЖОО арасында екіжақты маңызды бағдарламалық құжаттар мен келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің ЖОО Альянсының 2022-2023 жылдарға арналған жұмыс жоспарын дамыту бойынша форумның ұсынымдары қабылданды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here