Өнерлі шаңырақ, өскен әулет

0
2517
Бір топ жаңаарқалықтар: Ғалым Мұхамедин, Қорабай Есенов, Дәурен Ескекбаев, Қайрат Байбосынов, Серік Оспанов, Зәуре Жәркешова, Айтбек Нығызбаев Астанада концерттен кейін

Қолыма қалам алып ой толғауыма себепкер болып отырған – белгілі дәстүрлі әнші, ұстаз, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Жезқазған қаласы мен Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы Ғалым Мұхамедин. Қазақта «Аты аталмаған жігіттен, аты аталған төбе артық» деген аталы сөз бар. Еңбегімен елге танылған азаматтың біруақ елге оралып, есеп берер кезеңі болады. Сол кезеңнің кезегі Ғалекеңе де биыл жеткен сияқты. Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны болады. Бірақ, еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, төккен тер, алған асу, жеткен жетістіктер әркімнің ғұмырлық жолында әрқилы болып келуі табиғи заңдылық. Қазақ «Алпыс тал түс» деп көңіл сергітер тілек тілеп жатса, демек жетпіс жас та қарттық жас емес, қазына жас, бұл да болса бағындырған бір белес.

Соғыс ардагері, қарт майдангер – Мұхамедия Мәзбеков

Біз Ғалекең екеуіміз нағашы-жиендігіміз өз алдына бір ауылда тұрып қатар өстік, көрші болдық. Ауылымыз деп отырғаным – Орта жүздің атажұрты, алтын тамыры, сауыры саналатын Сарыарқаның кіндігі Жаңаарқа ауданына қарасты Ескене ауылы. Адам болған соң кімде болса өз туған өлкесін биік санап, өз өскен ортасын мақтаныш тұтуы заңдылық. Осы тұрғыдан алғанда біздер үшін Ескене ауылы да – бітімі бөлек бекзат өлке, тынысы кең дегдар мекен. Қазақ топырағының қайсыбір пұшпағы болмасын тұңған шежіре екендігі анық. Халқымызда «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» деген нақыл сөз бар.  Туған жердің әрбір сай-саласы, тау-төбесі мен өзен-көлдеріне шейін тылсым тарихты бауырына басып жатыр. Әр тасы тарихтан сыр шертеді.

«Пай, пай, пай!
Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Сарылып сал-сері кеткен жер,
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!» – деп заманымыздың заңғар ақыны Мұқағали Мақатаев тегін жырламаса керек.

Қай ел болмасын әрбір жер атауының төркіні туралы талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осы бір шағын ауылдың айналасын бір шолып шықсаңыз, кішкене ғана ауылдың үлкен тарихы бар екендігіне көз жеткізесіз. Жер атауларына қарап отырып-ақ осы бір дархан даланың тамыры терең тарихын болжауға болады. Мәселен, «Құдайменде» мазары, «Қоржынбай тамы», «Шәлекең тамы», «Шапаң тамы», «Мыңшұқыр», «Қызылоба», «Қожа аңызы», «Аюбек», «Жайылма», «Қызыл ауыз», «Барсакелмес», «Оспан көңі», «Майқұдық»,  «Шилі аша», «Сорбұлақ»  деген сияқты жер бедерінің сын-сипатын білдіретін (комонимдер)  халықтық жер атаулары табиғатпен үйлесім тауып лайықты қойылған. «Ақтасты», «Айқынбай», «Баянбай», «Құралы», «Қызылшоқы», «Қарашоқы», «Бүркітті», «Түлкілі», «Айғыржал» таулары, «Құдайменде» шоқысы, «Қайрақбай», «Қошқарбай», «Қияш қашқан», «Тастықара» тауы, «Оқкөмген» деген төбе-таулар атауы да (оронимдер) ерекше, ішіне небір құпияны бүгіп жатқандай.

Сарыарқа жерінде қаншалықты жатаған таулар мен адыр, төбелер көп болса («Қасиетті қазақ жерінде төбелер көп, ал асқар таулар аз» деген сөз бекер айтылмаған болар), соншалықты табиғи қарасулар мен бұлақтарға (гидронимдер) бай өлке. Мәселен, «Аққыз» өзені, «Бесқауға» бұлағы, «Қарасу» немесе «Шилі Қарасу» өзені,  «Бұзау» бұлағы, «Былқылдақ» бұлағы, «Белқараған» бұлағы, «Бекет» бұлағы, «Қабай» бұлағы, «Бақа басы»  шабындығы, «Байғон» бұлағы, «Аққұнан» бұлағы, «Қошқарбай» бұлағы, «Қайрақбай» бұлағы, «Ноғай» бұлағы, «Талдыбұлақ» бұлағы, «Омар» бұлағы,  «Төсбұлақ», «Қосбұлақ», «Күйгенбұлақ», «Таңқы», «Саңқай», «Талшат» бұлақтары сияқты топонимдер бір кездері қысы-жазы үзілмей ағып жататын,  арналары малға жайлы құтты мекен болғандығы күмәнсіз (мақала көлеміне байланысты жер атауларын біршама қысқартып алдық). «Сулы жер – нулы жер» дейді. Су бар жерде өмір бар. Өмір барда тірлік бар. «Елу жылда ел жаңа» демекші, осыдан жарты ғасыр ғана бұрын жайлауы жарасқан мамыражай кезеңде осы аталған тау-төбе, сай-салаларда табын-табын сиыр баққан малшылар қосыны ауыл-ауыл болып жігін бұзбай отырушы еді.

Сөзге жүйрік қазақтан сөз қалған ба?! «Жеріне лайық елі туады, еліне лайық ері туады» деген екен. Өмір бар жерде өркениет бар. Өркениет барда өнер бар. Ұлт мүддесін қорғаған азаматтар, өнерімен аты шыққан тұлғалардың бәрі – ауылдан шыққандар. Өйткені, ауыл – ұлттық тәрбиенің негізі, тәрбие ошағы. Жер бетінде қай халық болмасын, санының үлкен кішілігіне қарамай санатымен таңылып, өнерімен теңдесетіні табиғи заңдылық бар. Кезінде арқа әндерінің мектебі болған Сегіз сері, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ тағы басқаларға құт мекен болған қазақ жерінің солтүстік өңірі зобалаң жылдарды бастан кешіп, орыстарға басыбайлы болып қалғанда өнер шіркін ол жақтан үркіп, Жаңаарқа жеріне «қоныс аударған» сыңайлы. Мәселен, сонау XIX ғасырдағы Балабақсы, Сайдалы Сары Тоқа, Иманжүсіп Құтпанұлы жолын XX ғасырдың басында Сәкендер жалғастырса, өз дәуірінде «майда Қасым» атанған дәулескер күйші Қасым Тұтқабеков, кейіннен ата жолын жалғастырған күйшілер Пазыл Тұтқабеков пен Мейрам Ұлмағанбетовтар да ауыл тарихынан өз орнын алған өнер жампоздары болатын.

«Ескене» ансамблінің топ жетекшісі Бөгенбай Абайділдин мен Баттал Смағұлов

Ғасырдың бел ортасынан ауғанда өнердегі құбылыс болып келген дүлділ әншілер, ата тегі «Ескенелік» Қорабай Есенов, Қайрат Байбосыновтар және олардың жолын жалғастырған Сенбі (Қарақойшы) мен Ғалым Мұхамединдер, Мұрат Саңқановтар болды. Өнерлі шаңырақтан шығып, өнердегі өз жолын бастаған ҚР Еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, Қайраттың шәкірті, Ғалымның аталас інісі Биғазы Тұтқабековтің ғұмырлық жолы өкінішке қарай ерте үзілді. Әр өлкенің халыққа танымал, елінің атын шығарар, ұрпаққа үлгі болар, есімдері ел есінде сақталған біртуар азаматтары, перзенттері болады. Осының бәрін кейінгі ұрпақ біліп жүруге, үлгі тұтуға, жүрек түкпіріне сақтап өсуге тиіс.

Бір кездері орыстың драматург-ақыны Александр Грибоедов қиыр шетте – Иранда жүріп, туған елін, Ресейді сағынғанда: «Жолықтырса ұзақ сапар, жат мекен, /Туған елдің түтіні де тәтті екен», – деп жырлаған. Балдәурен балалық шағымыз өткен, қой бағып, талай қызық қуалаған алтын тамыр қызықты мекеніміз ауылға анда-санда ат басын аңсап келгенде біздің замандастарымыз үшін алыстан сағымдай болып бұлдыраған, сонау өткен ғасырдың 70-80 жылдардағы ауылдың жан жадыратар келбеті мен берекесі әлі де ұмытылған жоқ.

«Ел  іші – дәстүр кеніші» демекші, дәл бүгінгі күні қазақты қазақ қылып ұстап тұрған алтын діңгегі – салт-дәстүрлер. Ата дәстүрін сақтамаған ел тозады. Өзіміз куә болған сол бір «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда көрші қолаң мен туыс, достардың басын қосып үй-қора немесе бейіт салса да, «асарлатып» жатуы ауыл жастарының басын қосар берекесі болатын. Қыстай қорада қолға қараған малдың қиын көктем шыға қамбалап құюдың өзі ауыл балалары үшін таптырмайтын мерекеге ұласып, даладағы жерошақта бауырсақ пісіріліп, қазанда құрт қайнап жатқан естен кетпес шуақты күндер әлі де көз алдымызда. Даладағы нан жабар пешке табаға салып пісірген дөңгелек нанды ыстық күйінде ұзынынан турап жіберіп, бетіне сары май жағып жеп, артынан керсен кесе қымызды дем алмай сіміріп алсаң, дүниенің рахаты сол кешке дейін «ханға сәлем бермей» тойып, тоғайып жүретін кездер бұл күндері «келмеске кеткендей».

Бейқам тіршілік қамымен өз шаруаларын өздері күйттеген ауылдастар құдайы қонақ түгілі күнделікті тірлікпен үйге бас сұққан көршілерді де құдасын күткендей қарсы алып төрге оздырып жапырақтап таба-таба нан турап, «ұзын сарыға сақтағандай»  қарынға салған сары майы мен бал татыған сары қымызын дастарханға қойып әлек болып жатушы еді. Ол кездері сырттан келген адамнан «не үшін келдің» деп сұрау нағыз көргенсіздік саналып, бұрынғылар айтқандай, «есіктен қонақ келсе тоқтатпай, өлген әруақты жоқтатпайтын» арды ойлаған заман болды.

Ал, күздегі шөп науқаны қыркүйек айынан басталып сонау қара күзге дейін алғашқы қар түскенше жалғасып жататын. Ондайда ешбір сылтау айта алмайсың, жұмысың бола тұра «бір жерге барып келетін жұмысым бар еді» деп айту ол заманда «елден безген, тек қана өз күніңді күйттеген» тірлік, нағыз өрескел ұят іс болып саналушы еді. «У ішсең де руыңмен» дегендей, айырыңды иыққа артып көршіңе қарай аяндайсың. Көршің шөп түсіріп жатса үйіңде көрмегенсіп жатып қалудан асқан қорлық болмаушы еді. Ал, қазір бір-біріне сепсіз бас сұқпайды, «өз қазаны өзінде қайнап» қажет ашпайды, сыр шашпайды, т.т. Әйтсе де, «жоқшылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» десек те, «тойған соң тоқты етінің де топырақ татитынын» көріп те, байқап та жүрміз. «Заман озады, тон тозады» демекші, жаһандану заманында көптеген ұлттық дәстүрлеріміз жолда қалып, халықтық құндылықтарымыз архаизмге айналып, өткен ғасырлардың еншісінде қалып бара жатқандай. Бұрынғы жыраулар «ауыл қайда барасың, дәстүрден сырт айналып» деп ұрпағының болашағына алаңдап бекерден бекер толғанбаса керек. Ойымызды Шерханша түйіндесек, «Бір кем дүние».

Қазақ үшін жеті қазынаның бірі, мал патшасы Қамбар ата тұқымы ауыл көркі

Ауыл әу бастан қазақтың алтын тамыры еді. Өз түтінін өзі түтетіп, өз тірлігін өзі қамтамасыз етіп отырған қазақтың қарашаңырағы. Қазақтың түп-тамыры ауылмен біте қайнасқан. Ел басына күн туып, халыққа үлкен нәубет келмесе кіндік қанын тамған жерін, өскен ауылын ешкім де біржолата тастап кетпек емес. «Игере білмеген жерді жамандайды, басқара білмеген елді жамандайды» деген тәмсіл бар. Несін жасырамыз, сонау тоқсаныншы жылдары ел үркішілікке ұшырап, ауыл, кеңшарлар қалаға қарай қотарыла қоныс аударып жатқан кезінде сүттей ұйып отырған ауылдарда елдің үштен екісі көшіп, үйлерінің орнында үйінділер ғана қалған да заман болған. Сол кездері «Ыстықсың-ау, ыстықсың өскен ауыл» деп туған жер, өскен ауылының ауыр халін ойлап, қабырғасы қайыспаған ауыл азаматтары кем де кем шығар.

Осы бір жан ауыртар, жүрек сыздатар сұмдық көріністерге шыдамай, жанарын жас жуған сезімге берілгіш талай ақындар жыр толғаған еді. Соның біреуіне ғана тоқталсақ:

«…Қыстаулар қалған қаңырап,
Жайлаулар жатыр аңырап.
Мен жүрмін елдің жұртында,
Жетім қозыдай маңырап…» деп келетін жыр жолдары сол бір ауыр кезеңнің тарихын дөп басқандай.

Тарихи шындыққа келсек, Кеңес дәуірі қолдан орнатып, жоқтан бар қылып, саяси науқан дүбірімен орнатқан көптеген ауыл тұрмақ, шағын кенттер мен қалалардың өздері де урбанизация үрдісіне шыдас бере алмады. Ал, тамырын тереңнен алған, діңгегі мықты ауылдар міз баққан жоқ, қайта өркендеп өсе түсті. Сол ауылдардың бірі де бірегейі – Ескене ауылы. Үркішілік, зобалаң жылдар Ескене ауылын айналып өткендей. Ауылда зәулім күмбезі мен мұнарасы жарасқан мешіт тұрғызылып, екі қабат мектеп ғимараты салынып, жылдан жылға жаңадан салынған үйлер саны артып, халық саны да едәуір өсті. Бұл да болса қасиетті қара шаңырақтың мызғымас тұғыры бар екендігінің бір куәсі болмақ.

Өсіп, өркен жайған ауылымыздың келбет, тынысын осымен бір түйіндеп алып, енді негізгі тақырыбымызға оралайық.

Ғалекеңнің әкесі қарт майдангер Мәзбеков Мұхамедия 1910 жылы ақпан айында Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Ақтау елді мекенінде дүниеге келген екен. Қатал тағдыр ерте есейткен Мұхаң жастайынан еңбекке араласып, ел арасында өлең айтып, домбыра тартып сері атанған. Саужойда оқып хат танып, соғысқа дейін Талдыбұлақ колхозында дала бригадирі, кейіннен колхоз бастығы, қой фермасының меңгерушісі сияқты қызметтерде болып, қазақи жалпақ тілмен айтқанда, «ауыл белсендісі» болды. Ұлы Отан соғысы басталғанда Солтүстік  Қазақстанда әскери жауынгерлік әзірліктен өтіп, Қызыл армияның 24-ші атқыштар жаяу әскер бригадасының құрамында Волга өзені бойындағы шайқастарға қатысады. 1943 жылдың басында 77-ші атқыштар  дивизиясындағы батальон минометчигі болып, жау шабуылының бетін тойтаруда  қиян-кескі ұрыстарға қатысып, ерлікпен көзге түседі. Нарва, Псков қалалары, Литва, Эстония елдерінің қалалары мен сол жердегі  ауылдарын азат етіп, ерліктің ерен үлгісін көрсетеді. 3-ші Балтық майданының құрамында Литва жеріндегі Батыспен екі шекара аймағында 1944 жылы ауыр жарақаттанады. Алғаш Ленинград қаласындағы госпитальде, одан кейін Улан-Удэ қаласында әскери ауруханада емделіп, Ұлы Жеңістің қарсаңында ғана сәуір айында туған жерге аман-есен оралған екен. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін Мұхаң «Данқ» және «1-ші дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ, «Ерлігі үшін» және «1941-1945 жылдардағы Германияны азат еткені  үшін» медальдерімен марапатталған. Елге келген соң да Ленин колхозында, одан «Дружба» совхозы құрылғанда ферма меңгерушісі, астық қоймасының кілтшісі сияқты абыройлы қызметтерімен ел құрметіне бөленген қарт майдангер бірнеше ұл-қыз өсіріп, 1968 жылы зейнеткерлікке шығып, 1996 жылы маусым айында 86 жасында қайтыс болған еді.

Мен Мұхаңды алғаш көргенде бесінші сыныпта (1967 жылы) оқитын едім. Біз сол жылы  Ортау совхозы, Құрмаңақа ауылынан ол жақтағы төрт жылдық мектебіміздегі оқуымыздың тәмам болуына байланысты қоныс аударуымызға тура келді. Ол кісіден көз алдымда қалған көрініс қандай үлкен жиындар болса да, киетін киімі үстінде тозығы жеткен кейтель, галифе шалбар, аяғында хром етік болушы еді. Жараланған аяғын сылтый жанай басып, бір етігінің басы үнемі қисайып тұратын. Біз оқыған Талдыбұлақ сегіз жылдық мектебінде жыл сайын өтетін Жеңіс күнінде шағын ғана ауылымызда он шақты майдангер болса да, оқушылармен тек сол кісі ғана кездесу өткізіп, майданда болған уақиғаларды әңгімелеп, біздер мектеп оқушылары ол кісіге кітап сыйлап және жыл сайын мойнына үшкіл қызыл пионер галстугін тағып пионер қатарына қабылдап жатар едік. Шындығында, ауылда соғыстан абыроймен, мемлекеттік орден-медальдар тағып қайтқан жалғыз соғыс ардагері сол кісі болды десек болар. Сондықтан да, ел құрметтеп, лақап ат қойып «капитан» деп атап кеткен еді.

Менің атам (Бимат Іскекбай баласы, 1988 ж. т.) мен Мұхаң жас шамасы едәуір алшақ болса да, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдар еді. Себебі, атам Сайдалы руынан, Мұхаң Тұңғатар руынан, ал атам тұңғатарларға әрі жиен, әрі күйеу болатын. Атам мұндайда үнемі жиендігін алға тартатын. Сондықтан да, Мұхаңа атамның қойған аты «Шалқыма», ал Мұхаңның үлкен ұлы Асқарға қойған аты «Болыс» болатын. Себебі, Асекең біздің Ескене ауылында (ол кездері Ленин атында) біраз жылдар бөлімше басқарушысы болып қызмет істеген еді. Шынында, Мұхаңа шалқып немесе серпіп сөйлеу, ептеп өсіріңкіреп, қосыңқырап сөйлеу мәнері тек сол кісіге ғана жарасатындай көрінетін. Мәселен, қорада соғымға сояр жалғыз байталы ғана тұрса да, елге көз қылып «Әй, балалар анау қорадағы жылқылардың ішінен бір тәуірін таңдап әкеп сойыңдаршы, бүгін бір бас қосып біраз ет жейік» немесе «анау үлкен бөлмедегі шифонерлердің (шындығында ол үйдегі шифонер біреу-ақ қана болатын) ішіндегі кәстөмдердің (онда да бір-ақ костюм) ішінен бір тәуірін таңдап әкеліңдерші, бүгінгі фронтовиктердің жиналысына жарқыратып бір киіп барайын» деген тұрғыдағы сөз саптаулары ол кісіге жарасып, ел алдында айдынын асыра түсетін.

«Емізбесең емізбе, бәрібір артыңнан қалмаймын…»

Кейде арқаланып кеткен кезде желдей есіп: «Әй, ана Ақмола жаққа бара қалсаңдар, менің әкем Мәзбек байдың мәгәзінін көре салыңдар, мүмкін әлі бар шығар», – деп жататын. Егер ғылыми зерттеулер жүргізсе, бұл сөзде де бір қисын болуы керек. Себебі, XX ғасырдың II-жартысында жаңадан бой көтерген Ақмола қаласында бірінші гильдий көпесі Баймұхамбет Қосшығұлов сияқты өнеркәсіп, саудамен айналысқан қазақ көпестері аз болмаған. Зерттеушілер қазіргі ЦУМ, Конгресс Хол сияқты сол кездері Есіл өзенінің жағасын қуалай орналасқан қала орталығы болған жерлерде 48 болыс Ақмола үйезіне мәлім қазақша «Ақжапа», орысша «Зеленый ряд» немесе «Гостинный двор» атап кеткен зәулім дүкенді қазақтар тұрғызған деген мұрағаттық құжаттар бар деседі. Ал, Б.Қосшығұловтың шыққан тегі Жаңаарқа ауданының «Шажағай» деген жерін мекендеген Алтай тайпасының бір тарауы Алсай руының Шақа тармағы. Заман ағымын ерте түсінген «еті тірі» қазақ жастары алғашқы кезде Ақмолаға қоныс аударып, ірге көтеріп жаңадан пайда бола бастаған орыс, татар көпестеріне жалдана жүріп, Қызылжар мен Ақмоланың арасына кіре тартып, жүре келе орыс көпестерінен көргендерін бұлар да істей бастаған тәрізді.

Мұхаңның үлкен ұлы Асқарды мен алпысыншы жылдардың аяқ кезінде ол кісі сол кездегі Ленин бөлімшесіне басқарушы болып келгенде ғана көрген едім. Бөлімшеге қарасты біз тұрған Талдыбұлақ ауылының шетіндегі «Шошқа базы» (Хрущев дәуірінен қалған бір белгі болса керек) аталып кеткен, өзенге таяу орналасқан ұзынша сиыр базы болатын. Жаздың соңы, күздің басы, қыс қамы, шөп түсіру науқаны. Совхоздың негізгі шаруашылығы сиыр өсіру, сол себепті де қысқа қарай әр баздың жанынан мая-мая шөп («бір жарым немесе екі жылдық жем-шөп қоры» дегендей) үйіледі. Біз атам екеуіміз атпен шөп  түсіріп, шөмелеп үйіп жатқан жігіттердің қасына жақындай бергенде жамырай сәлем берген шөпшілердің ішінен ерекшеленіп тұрған нар тұлғалы бір жігіттің қолын ала беріп, атам «Әй, Асқар! Болыс болыпсың, құтты болсын!» деп амандасқаны есімде. Шындығын айтқан кезде, мен ол кезде болыс деген сөздің түп-төркінін  түсініп, байыбына бара бермейтін кезім ғой. Мен көрген Асекең үстіндегі пиджагын шешіп тастап, көйлегінің жеңін білегіне дейін түріп қойып, «болыстығына» қармай қасындағы жігіттерге үлгі көрсеткендей жердегі шөпті айырмен түйреп алып, «стогометательмен» жарыса жоғары қарай лақтырып жатты. Кейіннен білсем еркін күрестен бірінші разрядты спортшы, салмағы сол кездері 135-145 келідей тартатын Асекең жас кезінде ауыр салмақта еркін күрестен республика деңгейінде Қарағанды облысы атынан күреске түсіп, алпысыншы жылдардағы бетке ұстар балуандарымыз Әбілсейіт Айханов, Петр Суриков сияқты танымал тұлғалармен бір сапта боз кілемге шығып, сынға түсіп жүрген екен.   

Ленин бөлімшесін он жылдан аса абыроймен басқарған Асекеңнің менің есімде қалғанын тізер болсам, ауылда алғаш рет құрылыс жұмысын бастап сиыр баздарын және бөлімше кеңсе үйін тұрғызғаны болар. Оған дейін кеңсе үйі үкімет тарапынан салынған ұзынша үй: ауылдағы кітапхана, радио торабы, шағын ғана клубымыз бәрі осы бір шаңырақ астында және бір басы ауыл малшылары кезектесіп тұратын тұрғын үйге айналған. Асекең ондағы өздеріне тиесілі екі бөлмелі «конторасын» кітапхана үшін босатып беріп, осыған қарама-қарсы жетпіс-сексен қадамдай жерден өздеріне басқарма кеңсесін салдырып, оған қасындағы ауыл моншасынан жылу жүйесін тартқызғанына куә болғанбыз. Келесі жылғы кезекте клуб пен кеңсе арасындағы жарты гектарға жуық алаңқайға парк жасамақ оймен қатар-қатар ағаштар отырғызған еді. Өкінішке қарай, Асекең кеткен соң суғарылмай, күтім көрмеген ағаштар солып қалды. Бір кем дүние!

Асекеңнің «көкірегі ояу, құлағы түрік», өнер-білімнен де құралақан еместігін мына бір мысалдардан-ақ айқын аңғаруға болады. Қазақ жерінің қай пұшпағын алып қарасаңыз да, тариққа тұнып тұр ғой. Жалпы Орталық Қазақстан өңірі тас дәуірінің неолит кезеңі мен қола дәуірі ескерткіштеріне бай. Соның бірі – әлемге әйгілі «Атасу» мәдениеті. Өткен ғасырдың 50-70 жылдар аралығында «жоқ іздеген» археолог ғалымдар Жаңаарқа жеріне де ат басын бұрып, жиі келіп тұрған. Соның бірі – белгілі ғалым, академик Әлкей Марғұланның да Ескене ауылына жолы түсіп, Асекең ол кісіге ауыл тарихын зерттеуде жолбасшы, сапарлас болып, сол дәуірдің куәгеріндей Асекең кейінгі туған балаларының біріне «Марғұлан» деп есім беріпті.

Өнер жолын қумаса да, жан дүниесі өнерге жақын Асекең басқарушы болып тұрған жылдары шағын ғана ауылымызға ай сайын республикаға белгілі әртістер арнайы келіп, концерт қойып жататын. Ашығын айтқанда, Мұхаңнан тараған әулеттің қай-қайсысы болмасын өнерден құралақан емес еді. Мәселен, үлкен сахналарға шықпаса да, Асекеңнің өзі де өнерден «құралақан» емес, қай адамның болсын «оң жамбасына» келер бір әні болады, тетелес інісі Сапардың орындауындағы «Ақбұлақ» әні де сондай әндердің бірі еді. Асекең мен Ғалекеңнің қарындастары Бағдат, Сағдат және Алтын да ауылда аты белгілі айтулы дәстүрлі әншілер болды. Ол кезде бала кезіміз, біздер үшін аты аңыз болған, аттарын тек «ұзынқұлақтан» (ол кезде телевидение әлі дамымаған кездер еді ғой) ғана естіп жүрген өнер саңылақтарын көзімізбен көріп, қол беріп амандасқанымыз біздер үшін үлкен мәртебе болатын. Ауылға сол кездері аттары аңыз болып ел аузында жүрген, қазақ өнерінің корифейлері Шабал Бейсекова, Кәукен Кенжетаев, Манарбек Ержанов, Мағауия Көшкінбаев, Мағауия Хамзин, Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев, Шәміл Әбілтаев, Жаңыл Қартабаева, Ләззат Сүйіндікова, Гүлбаршын Ақпанова, Жәнібек Кәрменовтер ән салып, күй шерткен Ескене ауылының шағын ғана сахнасы ол замандарда біз үшін өнер мектебі, киелі де қастерлі үлкен өнер ордасындай еді.

Кейіннен осындай алыптар ізі қалған үлкен сахнада құрамында қазақ өнерінің бір туары әйгілі «Қарагөз» ансамблінің негізін қалаған Жақсыгелді Сейілов, Болат Есмұханов, Мара Есмұхановалармен қатар бір сапта жүрген, құрамында Ғалым Мұхамедин, Береке Көшенов, Ахат Байбосынов пен Роза Байбосынова болған «Жез киік» ансамблінің концерттеріне талай рет куә болғанбыз. Ол заманда думаны тарқамайтын шағын клубымызда кеңестік дәуірде таусылмайтын даталы күндер атаусыз қалмайтын, спектакльдер қойылып, оған ауылдық бастауыш комсомол ұйымының хатшысы Құрмаш Алшынбаев ағамыз бас болып, мектеп мұғалімдері Төлебай Құрманбаев, Жұмкен Әбдікаримова, Бейбіт Аршабекова, Рыскүл Құсайынбекова сияқты ұстаздарымыз бен ауыл жастарының да қатысып өз өнерлерін ортаға салуы қандай ғанибет, сол кездегі мектеп оқушылары біздер үшін үлкен тәрбие, өнер мектебі болатын.

Жетпісінші жылдардың орта тұсында ауылымызға тұрақты киноқондырғы орнатылып, оның алғашқы киномеханигі Амангелді Иманбаев ағамыз болған еді. Енді кино көреміз деп әр сенбі, жексенбі сайын аудан орталығына шұбырмайтын болдық. Ол үнді фильмдерінің «аты шауып, бағы жанып тұрған» кез, қалай жолын табатыны белгісіз киномеханигіміз Аужекеңнің арқасында ол жылдары «модаға» айналған фильмдерді аудан орталығынан бұрын біз көретін едік.

Ауыл өнерпаздары күшімен ұйымдастырылған вокальды-аспапты «Ескене» ансамблі де сол дәуір үшін ерекше құбылыс болған еді. Құрамында топ жетекшісі, ұйымдастырушысы Бөгенбай Абайділдин бас гитарада, Баттал Смағұлов дауылпазда, Жұмағали Айжанов ансамбльдегі барлық музыкалық аспаптарда (соло гитара, ионика, баян, аккордеон және домбыра) ойнап, тіршілік қамымен музыкалық білім алмаса да, ерекше қабілетті тума талант екендігін талай рет дәлелдеген еді. Зекен Әбдірахманов ол кезде Жезқазған қаласындағы политехникалық институттың студенті еді, апта сайын ерінбей концерттерге қатысу үшін келіп тұрды. Әкесі Әбдірахман Балабеков көп сөзге жоқ, біртоға еңбекқор адам еді. Тың игеру жылдары Ленин колхозында дала бригадирі болып, еңбек озаты ретінде Мәскеудегі Бүкілодақтық көрмеге (ВДНХ) жіберілген. Зекен де өнерге құштарлығы сондай бір жылдары сырттай бөлімге ауысып, әкесіне көмекші малшы бола жүріп, ауылдан он бес шақырымдай жердегі «Төртінші бригада» атанған елді мекеннен қысты күндері Арқаның аязды күндеріне, ызғырық желдің суығына қарамай үстінде тон, оның сыртынан тұлыпқа оранып алып, үсті ашық Т-25, ауыл «тоқылдақ» деп атап кеткен трактормен келіп жүрді. Ол жылдары ансамбльдің сүйемелдеуімен жиі концерттер, апта сайын ауыл жастары үшін дискотекалар болып жататын. Арада жарты ғасырдай уақыт өтсе де, сол дәуірдің шуақты күндері мен думанды кештері біздің тұстас, замандастарымыздың жадынан мәңгі өшпек емес.

Міне, осындай ауылымыздағы дүбірлі доданың ортасында жүретін, сахнаның көркі болған саңлақтардың бірі – Ғалекеңнің туған ағасы Сенбі (ел аузында Қарақойшы) Мұхамедин ағамыз болды. Әттең, үй ішілік күйкі тірлік қол байлау болып ауылдан ұзап шыға алмады. Нағыз талант, өнер адамы еді. Жалындап тұрған жастық шағында, «темірді қызған кезінде соқ» дегендей, жанып тұрған дәуірінде ел алдына жарқырап шығып көріне алмай қалды. Әрине, жасы егде тартқанда кеш те болса сахнаға шығып, аудандық, облыстық байқауларда жүлде алып, лауреат атанып жүрді. Бір өкініштісі, өнер жолын ерте бастағанда республикалық деңгейде өнердің биік шыңында жүретін нағыз өнердің хас шебері болатын азамат еді.       

Секеңнің әншілігі өз алдына, ал күйшілік өнерінің өзі бір мектеп. Жалпы Арқа жері әншілерімен ғана емес, күйшілік мектебімен де әйгілі болған. Арқа дәстүрінде шертпе күйлерді дамытушы Саймақ, Сайдалы Сары Тоқа, Дайрабай, Баубек, Қыздарбек, Әбди, Ақмолда, Мақаш сияқты бірқатар күйші домбырашылар өткен. Қарақойшы да шабыттанған кездерінде көбінесе «Көкейкесті» мен Әбікен Хасеновтың «Қоңыр» күйін тартушы еді. 1928 жылдың өзінде Сәбит Мұқанов бұл күй туралы: «Домбырада бір күй бар «Көкейкескен», /«Көкейкескен» ұға алсаң шықпайды естен»  деп «Сұлушаш» поэмасында тарихы терең бұл күйдің құдіретіне тамсанып, тебірене жырға қосса, ал сұңқар ақын Сәкен тағдырымен байланысты дүниеге келген «Қоңыр» күйінің жөні бір басқа.

Белгілі музыка зерттеушісі Уәли Бекенов өзінің «Күй табиғаты» деген зерттеу еңбегінің  «Қазақ күйлерінің орындалу дәстүрлі ерекшеліктері» деген тарауында: «Көкейкесті» күйін орындап бере қою кез келген домбырашының қолынан келе бермейді. «Көкейкесті»  күйін шын мәнінде орындау үшін домбырадағы қос ішектің үстінен саусақтардың қарымен қағу арқылы домбырадан шыққан үнге «жан бітіруге» музыкадағы «вибрация» деп аталатын толқын басты рөл атқарады. Вибрация көпшілік күйлерде перне басудағы діріл арқылы берілсе, бұл діріл «Көкейкесті» күйінде кезек алмасып қағатын екі қолдың буынында да вибрация жүріліп отырады. Міне, сонда ғана домбырадағы үнге «жан бітіп», ол сөйлей бастайды. Орындаушылық өнерінің осындай бір күрделі түрінен басқаша түрде тартуға «Көкейкесті» көнбейді. «Көкейкесті» күйінде халық шежіресінің ұлылығы мен ұлағатты ақыл ойдың парасаты толғанады», – деп жазуы бұл күйдің құдіреті тек көңіл толқуынан туындап, шабыт шақырудың буымен ғана пайда болмағандығын сезінер едіңіз. Бұл пікірлерге қосыла отырып, Қарақойшының да орындаудағы осы күйлерді тыңдағанда  халқымыздың табиғи болмысы мен сырлы тарихының терең тылсымына бойлағандай күйге түсерініз анық.

Қарақойшының орындауындағы әндерге келсек, мен үшін «Сұржекей» және «Қанатталды» әндерінің орны бөлек. Жібектей созылған майда үнмен баяу басталатын «Сұржекей» әні бірден бірге өсе беріп, сұлу қыздың ауылының тұсынан ат үстінде құйқылжытып ән салып бара жатқан жігіттің кескін кейпін көз алдыңа келтірсе, ал бұған керісінше жоғарыдан шырқала басталатын «Қанатталды» әні шыңның басына қиналмай шығып, аспанда біраз шарықтап барып, қалықтап біртіндеп түсетіндей әсерде боласың. Халқының рухын көтеріп, әннің бақытын ашқан әншіні халқымыз да әрдайым ардақтай білген.

Мұхаңның тұңғышы Асекеңнің де бала-шағасы көп болды. «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей, олардың ішінде Айдыны ерекше еді. Әке жолын қуып ең кенжесі Жалын күреспен айналысып, қазақша күрестен спорт шебері дәрежесіне дейін жетсе, ал Айдын бокс қолғабын киіп бокстан спорт шебері деңгейіне дейін жеткен еді. Оның ел тұтқасын ұстар азаматтығының бір көрінісі мен бастап, Алматыдағы бизнес саласында жүрген бауырларым қостап, 2003 жылы Ескене ауылына күмбезді мешіт тұрғызған едік. Ашылу салтанаты екі күнге ұласты, ел еңсесі бір көтеріліп қалды. Жезқазған, Жаңаарқа өңіріне белгілі жергілікті әнші-күйшілер жиналып, үлкен концерт беріп, арты спорттық сайыстарға ұласты: теңге алу, аударыспақ, ат бәйгесі, қазақша күрес және «бір атаның балаларынан» құралған командалар арасында мини футболдан жарыстар өтті. Әр салмақ дәрежесі бойынша күреске түскен балуандардың мерейін одан әрі көтере түскен Айдын мен Жалын (демеуші болғандықтан өзі додаға араласпады) ауыр салмақта әкелері Асқар Мұхамедин атындағы жүлде тағайындап, оған Қарағанды қаласынан арнайы алдырып түрлі- түсті теледидар тіккені кейінгі ұрпаққа үлгі болар сауапты іс. Арада қаншама жылдар өтті, ал дүниенің бәрі қат болып тұрған сол жылдары бұл үлкен ерлікпен пара-пар дүние. Бір өкініштісі, жасын ғұмыр ерте қиылды, шырағы ерте сөнді, артында ойға түйген көп жоспарлар арман болып қала берді. Қазіргі уақытта Жаңаарқа ауданы орталығында жыл сайын бокстан жасөспірімдер арасында Айдын Мұхамединді еске алуға арналған республикалық деңгейде ашық біріншіліктер өтіп тұрады.

Міне, Ғалекеңнің өскен ортасы, тәрбиесін алып өсіп-өнген ошағы осындай. Енді әншінің өзі туралы айтатын болсақ, өнер жолын Алматыдағы Республикалық эстрада өнері студиясын қазақ әнінің «Сұржекейі» атанған Жүсіпбек Елебековтың сыныбында дүлдүл әнші Қайрат Байбосыновпен үзеңгілес болып аяқтап, халық композиторлары Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естай, Иманжүсіп, Жарылғапберді, Мұхит, Шашубай, Тайжан, Нартай, Болман, Кенен, Құлтума, т.б. осы күндері авторы белгілі де белгісіз әндерді зерттеуші әрі сол әндердің өміршең болуын насихаттап жүрген өнерде үлесі бар әнші. Үлесі бар деуіміздің себебі Ғалекең тек әнші ғана емес, халық әндерін тірнектеп жинап жүрген зерттеуші әрі шәкірт дайындап жүрген ұлағатты ұстаз. Мәселен, әншінің репертуарындағы Сәкеннің «Бабаларыма», «Әупілдек», «Көкшетау», «Естайдың соңғы әні», «Ертөлеудің әні», «Қос апаның әні», «Ақ шашақ», «Алтын кесе», «Бері келші-ай», «Бір торы ат, бір қара ат», «Жалғыз жусан», «Көк айдай», «Құла жекей», «Мәшине-шама», «Сұңқарым-ай», «Угәй-ай», т.б. бұл күндері архаизмге айналған әндердің киелі сахна төріне қайта оралуы осы ізденістердің жемісі.   

Халық әндерін ел арасынан тірнектей жинап «тірілтіп», «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарып» жүрген Ғалекең халық ақыны Тайжан Қалмағанбетұлының шығармаларын зерттеп, он алты әнін іздеп тауып, оларды жинақтап, 2013 жылы Тайжанның «Алтын кесе» әндер жинағы мен «Алтын кесе» үн таспасын шығарып, халық ақынының шығармаларын өмірге қайта әкелуінің өзі әншінің тек қана орындаушы ғана  емес, қазақ өнерінің жоқтаушысы екендігін де байқатады. Сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезінде «ән түгілі бас қайғы» болып жатқан тұста қазақтың дәстүрлі өнерінің жоғалып кетпеуін ойлаған ізденімпаз әнші Жезқазған музыкалық колледжінде «Домбырамен ән салу» мамандығы бойынша ұстаздық қызметін бастаған еді.

«Қазақ даласында төбелер көп, бірақ асқар таулар аз» демекші, қазіргі күндері не көп – әнші көп, бірақ таза табиғи дауыспен ән салып, әншілігін ұстаздық қызметімен жалғастырып жүрген әншілер аз. Қанша уақыт өтсе де, өзінің құндылығын, өзектілігін жоймайтын мәселе – жас ұрпақ тәрбиесі. Дүниедегі ең сауапты іс ұстаз болып елге дәріс беру екен. Халқымызда «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» немесе «Ұстазсыз – шәкірт тұл» деген қанатты сөздер бар. Өйткені, өнер жолындағы ұстаздың басты байлығы – тек орындаушылық қана емес, тәлімге бай өнер жолын қуған шәкірттерімен де өлшенеді. Ұстаз болу – қастерлі мамандық, бастаған ісіңнің, өміршең өнер жолыңның жарты жолда үзіліп қалмай, келешек ұрпаққа жеткізер ізбасарларыңның болғандығының өзі де бір бақыт қой. Осы тұрғыдан алғанда, Ғалекең арманы орындалған бақытты  ұстаз. Отыз жылға жуық ұстаздық қызметінде Ғалекеңнің дәстүрлі ән сыныбын  аяқтап шыққан жетпіске жуық шәкірттері халықаралық және республикалық өнер байқауларының лауреаттары болуымен қатар, дербес еліміздің  әр аймағында өнер саласында еңбек етуі де ұстаз еңбегінің бір жемісі, ұстаз мерейі емес пе?!

Әншілік ғұмырын жетпісінші жылдары Жезқазған қаласында «Жезкиік» ансамблі құрамында Жақсыгелді Сейілов, Болат Есмұханов, Мара Есмұхановалармен қатар, топқа енді ғана қосылған жас таланттар Ғалым Мұхамедин және Ғалекеңнің болшақ жары, концерт жүргізушісі, көркемсөз шебері, Ақтоғайдың аруы Әлия Айтжанова, Береке Көшенов, Ахат Байбосынов пен Роза Байбосынова, т.б. болып өнер жолын бастаған еді. Осы ансамбль құрамында бола жүріп, Жақсыгелді Сейіловпен бірге өмірлік қосағы Әлиямен бірге «Ән көңілдің ажары» тобын құрып, Жезқазған облысының шет шалғай ауылдарын қалдырмай аралай жүріп, ақ түтек боран, қақаған аяздарға қарамай концерт қойғандары, яғни жол жүру азабы айтуға ғана оңай. Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Балтық елдері, Мәскеу, Ленинград қалалары мен Германия, Грузия елдерінде болып, өнерсүйер қауымның құрметіне бөлене отырып, қазақтың халық әндерін барынша насихаттады.

Өнер әлемінде қажымай, талмай үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Ғалекең де үстіміздегі жылы қазына жас жетпіске жетіп отыр. Өнерге бүкіл саналы ғұмырын арнаған жерлес, замандас досымызға ән ғұмыры ұзағынан болсын дегіміз келеді. «Бақыт деген досыңның қабағында, жарыңның жанарында» дегендей, жарты ғасырға жуық жұптасып ғұмыр кешкен өнер иелеріне: «Көңілдерің қартаймасын, шаңырақтан құт-береке еш уақытта ортаймасын! Өмірлерің мәнді, шаңырақтарың сәнді болып, дастархандарыңнан дәм-тұз үзілмей, барыңыз берекеге, берекеңіз мерекеге ұлассын!» – деп тілек білдіргіміз келеді.

Дәурен ЕСКЕКБАЕВ, тарихшы, этнограф

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here