Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындары ректорларының форумы

0
1412

Алматыда Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындары ректорларының форумы өтті. Өңірлік іс-шараға Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қазақстан білім министрліктерінің, Болон процесінің бақылау тобының (BFUG) өкілдері Линда Пустина, Энн Катрин Айзэкс, Жоғары білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі Еуропалық тізілімнің (EQAR) директоры Колин Тук, EUA президенті Майкл Мерфи, ҚР-дағы Эразмус+ бағдарламасының Ұлттық кеңсесінің және аккредиттеу органдарының мамандары қатысты. Абай университетінен ректор Дархан Біләлов, проректорлар Ақтолқын Құлсариева және Клара Исакова қатысты.

Мақсат – Орталық Азиядағы университеттер арасындағы аймақтық ынтымақтастықты кеңейту. Ұйымдастырушылар – ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті, ҚР ЖОО қауымдастығы, ҚР БҒМ Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚазҰҚПУ, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ.

Форум аясында шетелдік және отандық сарапшылар мен ғалымдардың қатысуымен конференциялар, брифингтер мен баспасөз конференциялары, келіссөздер мен кездесулер, дөңгелек үстелдер мен презентациялар, тренингтер мен семинарлар өткізілді.

Форумда жоғары оқу орындардың жаһандық бәсекеге қабілеттілігі, жоғары білімнің цифрлық трансформациясы, Орталық Азия елдеріндегі қызметкерлердің, студенттердің, білім беру бағдарламаларының және зерттеулердің интеграциясы және ұтқырлығы мәселелері талқыланды.

«Жаһандық бәсекеге қабілеттілік, жоғары оқу орындары қызметкерлері мен студенттерінің ұтқырлығы» тақырыптық сессиясында Abai University ректоры баяндама жасады. Қазақстан Республикасындағы педагогикалық білім беру көшбасшысының қызметі, еліміздегі және әлемдегі жетістіктері туралы айтып, жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігіне тоқталды.

«Педагогикалық университеттің бәсекеге қабілеттілігінің бірқатар ерекшеліктері бар. Ең алдымен, ішкі және сыртқы еңбек нарығында бәсекеге төтеп бере алатын, салалық қызметтің теориялық және практикалық бөлігінде педагогикалық инновацияларды дамытып, енгізетін, жаңа білімді түрлендіруге және генерациялауға қабілетті педагогикалық кадрларды даярлауы керек. Кәсіби құзыреттілік болашақ мұғалім жұмысының негізі мен мәні болуы керек. Сонымен қатар, педагог кадрлардың әдістемелік бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыру маңызды», – деп атап өтті Дархан Біләлов.

Университеттің академиялық қауымдастықтағы ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтіп жатқаны баса айтылды.

Форум соңында біздің және өңірдің басқа да елдерінің жоғары оқу орындары арасында екіжақты келісімдерге қол қойылды.

Жиынға қатысушылар бірауыздан іс-шара нәтижелі болғандығын және оның тиімділігі жоғары болатынын айтты. Бірінші кезекте бұл – өңірдегі жоғары оқу орындарының жоғары білімнің Орталық Азия академиялық ғылыми және ақпараттық кеңістігіне кіруі, ОА елдерінде жоғары оқу орындарының филиалдары мен өкілдіктерін ашу жөніндегі келісімдерге қол жеткізу.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here