Береке бастауы – бірлік

0
1644
«Береке бастауы – бірлік» тақырыбындағы студенттік этнофестиваль

Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары өткен болатын. Алғашқы күнінде «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты үш бірдей үлкен секция диалог форматында өтті. Секция жұмысында «Саяси реформалар бағдарламасы және жалпыұлттық бірлік. Жаңа Қазақстан және Қазақстан халқы Ассамблеясын жаңғырту», «Халық бірлігі: білім беру, мәдениет, азаматтық қоғам институттары мен mass media рөлі» қарастырылды. Алғаш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамындағы жастар секциясы өтті. Онда депутаттар, ҚХА мүшелері, тарихшы ғалымдар, тілтанушылар, саясаттанушылар, ЭКО өкілдері қоғамды жаңғырту қажеттілігі мен қазақ тілінің қоғамды біріктірудегі рөлі туралы маңызды мәселелерді көтерді. 

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекеден

XXXI сессияның жұмысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаевтың сөйлеген сөзін назар сала тыңдай отырып, шын мәнінде, біз жаңа оқиғаларға куә болғанымызды сезіне түстік. Президент өз сөзінде көптеген  өзекті мәселелердің аражігін ашып беріп, ҚХА бейбітшілік пен келісім саясатының берік институционалдық тірегі болып қала беретініне сенімді екенін жеткізіп, осы сессияның міндеттері – Ассамблеяның саяси жүйені реформалаудағы орны мен рөлін айқындау және оның одан әрі даму векторын белгілеу екендігіне жіті тоқталды.

1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің өзегі. Еліміздің басты қорғаушы күші – қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау. Бұл – Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет. Біздер үшін түрлі ұлт өкілдерінің өзара түсіністігі баға жеткізгісіз құндылық, ал бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық бүкіл мемлекеттік саясатымыздың негізі болып табылады. Дүрбелеңге толы бүгінгі заманда Қазақстан басқаларға ұлтаралық татулықтың, бір-бірінің құқығын бұзбай, өзара сенімділікпен өмір сүрудің нағыз үлгісін көрсетіп отырған ел.

«Алғыс айту – парызым!» танымдық дөңгелек үстелі

Білімнің қарашаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде де бірнеше ұлттың өкілдері білім алады. Бәрінің мақсат-мүдделері бір, ол – бейбіт елде алаңсыз білім алып, жарқын болашаққа бет бұру. Осы мерекеге орай Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының  ұйымдастыруымен «Береке бастауы – бірлік» тақырыбында студенттік этнофестиваль өткізілді. Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған әр халықтың ұлттық өнерін насихаттау мақсатындағы этнофестивальдің маңызы зор екендігі түсінікті. Іс-шараның мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, төзімділікті, ортақ құндылықты бір арнаға тоғыстыру. Абай университетінде өткен студенттер этнофестивалін қолдау мақсатында Алматы қаласы бойынша Достық үйіндегі этномәдени бірлестік өкілдері құттықтай келіп, өз өнерлерін ортаға салды.

Этнофестивальді салтанатты түрде құттықтау сөзбен университетіміздің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шыңғыс Нұрланов ашты. Содан кейін Алматы қалалық «Ариана» ауған орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, құрметті қонағымыз Ахмадулла Васток өз жылы лебізін білдірді. Өзге ұлттардың қазақ халқына деген ықыласына ризашылықтарын  білдіре отырып, физика және информатика институтының 2-курс студенттері Айгерім Демисенова, Нұрай Қиса, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 1-курс студенті Әлішер Маратұлы, филология және көптілді білім беру институтының 2-курс студенттері Аружан Иосифова, Қаламқас Берікбай, Алишер Джарылкапов пен Махаббат Тоқтар өнер көрсетті.

Шетелдік азаматтарға арналған және ЖОО-на дейінгі дайындық факультетінің корей, қытай, египет, филиппин, түркімен, араб ұлты өкілдерінің студент жастары «Нас объединил Казахстан» композициясымен өнер көрсетті. Қазақ ұлтының «Шаттық» биімен «Аққербез» тобы, орыс ұлтының «Кадриль» биімен «Весенняя капель» тобы, өзбек ұлтының «Хорезм» биімен «Руми» тобы, ұйғыр ұлтының «Баһар уссули» биімен «Арзу» тобы, тәжік ұлтының «Бале-бале» биімен «Ситора» топтары да сахнада өнерлерін паш етті. Мерейлі мерекемен құттықтап келген қадірлі қонақтарымыздан Қазақстандық орыс мәдениеті орталығынан еврей халқының «Чирибим» биімен, корей халқының «Лотос. Цветок Восхода» биімен «Flower dance» би ұжымы, Достық үйінің Африка орталығы ұжымы «Барабандар» номерімен, Алматы қалалық Әзербайжан қауымдастығынан «Бахар» ансамблі «Назэлеме», «Лизгинка» билерімен, ұйғыр ұлтының өнер иелерінен П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжден «Сардар» ансамблі, кәсіби әнші Қалбинур Аруп «Гүлбаққа» әнімен өз өнерлерін студент жастарға тарту етті. Этнофестиваль барысын талқылау мақсатында  ҚХА кафедрасының қызметкерлері қонақтарды әр ұлттың тағамдары әзірленген дастарханға шақырды.

Ассамблея құрамындағы этномәдени бірлестік ардагерлерінің студенттік аудиторияларға қонақтық дәріс оқу сәті

«Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің өзара түсіністігі мен ынтымақтастығы туралы Меморандумға қол қойылып, ашылғаннан бері үздіксіз жұмыс атқарып  келеді. Білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәрбие жұмыстары бағытындағы жоспарлардың орындалуы өз алдына, кафедра студенттердің «Бірлік» Ассамблеясымен бірлесіп көптеген қоғамдық іс-шараларды өткізуге белсене араласады. ҚХА кафедрасы тарапынан барлық мамандықтар бойынша «Этносаралық келісімнің қазақстандық моделі» пәні қазақ және орыс топтарының барлығында жүргізіледі. «Достық үйімен» тығыз сабақтастық орнатылған, ынтымақтастық негізінде түрлі іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Ассамблея құрамындағы этномәдени бірлестіктің ардагерлерін студенттік аудиторияларға қонақтық дәріс оқуға тарту дәстүрге айналды. Олар Қазақстан қоғамындағы тыныштық пен тұтастықты сақтаудағы іс-әрекеттері мен Отан алдындағы жауапкершіліктің қыр-сырымен бөліседі, студенттердің сұрақтарына жауап бере отырып, өз тәжірибелерін ортаға салады. Биылғы оқу жылында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, «Филия» Қазақстанның грек қоғамдары қауымдастығының төрағасы Иорданиди Георгий Константинович, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі басшысының орынбасары Қасимов Қазақбай Таштемірұлы және «Ирныхас» осетин мәдени ағартушылық орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мамсуров Казбек Владимирович студенттерге қызықты дәрістер оқыса, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Республикалық ұйғыр этномәдени орталығы төрағасының орынбасары, «Ұйғыр авази» республикалық газетінің бас редакторы Асматов Ершат, «Коре ильбо» республикалық газетінің бас редакторы, «Қазақстан корейлері қауымдастығы» ЗТБ төрағасының орынбасары Ким Константин Станиславович Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Алғыс айту күні мерекелеріне арналған дөңгелек үстелге қатысып, өздерінің этномәдени орталықтарының жетістіктерімен бөлісті. Кездесу соңында Қазақбай Таштемірұлы қазақ даласында жалғастырып келе жатқан ғұмырнамалық «Мәңгілік ел құшағында» кітабын, ал Константин Станиславович Қазақстан корейлерінің энциклопедиясын кафедраға сыйға тартты. Зерттеу жұмыстары мен оқу үдерісінде бұл ақпараттардың пайдасы болары даусыз.

Абай университетіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы мен студенттердің «Бірлік» Ассамблеясы мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыруға үлес қосып, қазақ қоғамындағы бүкіл халықтың мүддесі бір біртұтастығын қолдайтын іс-шаралары туралы ақпараттық жұмыстарды да жүргізіп келеді.

Университет басшылығының қолдауымен атқарылып жатқан кафедра жұмыстары Ел Президенті атап өткен маңызды істерді атқаруға бағытталғанын және оған әрқашан дайын екенін ерекше айта аламыз.

Гүлжиһан ШАҺАРМАН,
Абай атындағы ҚазҰПУ Қазақстан халқы Ассамблеясы
кафедрасының меңгерушісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here