Мұхтар Әуезовтің даралығы

0
3334

Әлем әдебиетінің алыбы, көркем ойдың кемеңгері Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің жаңа көкжиегін, келешек межесін айқындар асыл өлшем ғана емес, сонымен бірге бүгінгі қазақ ғылымның әлемдік мәдениет кеңістігінде алар орнын белгілер темірқазығы болмаққа керек. 

Мұхтар Әуезовтің жазушылық, зерттеушілік және жалпы қаламгерлік қызметін қарастырғанда ең алдымен, әрине, қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы аузымызға оралады.  

Абай мен Мұхтар Әуезов шындығында да егіз ұғым. М. Әуезов Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын әлемге танытса, сол арқылы әлем де ғұлама ғалымды, теңдессіз жазушыны таныды.

Зерттеуші ғалымның басты зерттеу нысанасы Абай болса, Абайдың негізгі зерттеушісі – Мұхтар Әуезов. Замана көші қанша алыстаса да, бұл рухани байланыс желісі еш үзілмек емес, керісінше уақыт алшақтығы алыстай бергенімен, ұлылар арасындағы алтын көпірдің құндылығы арта бермек.

Ғалымның 50 томдық шығармаларының толық жинағындағы өзге де еңбектерін қарай отырып, ғұламаның тереңдігіне, жан-жақтылығына қайран қаласың! Бұл ретте Көкбай ақынның Абайға тамсанатындай: «Келбеті біліміне лайықты, апырым-ай, мұндай адам қалай туған», – деп таң қаласың!

Мұхтар Әуезовтің өзге зерттеулерін былай қойғанда, тек Абай тақырыбының өзі оның даралығын айқындап береді.

Осы ретте қысқаша ғана санамалап көрсетсек:

  1. Абайдың толық өмірбаянын жазуы;
  2. Ақынның рухани нәр алған қайнар бұлақтарының ерекшеліктерін ашуы;
  3. Әдеби мұрасын жан-жақты зерттеуі;
  4. Шығармалар жинағын жарыққа шығаруы;
  5. Абайдың ақындық мектебін, дәстүрін зерттеп, ақын шәкірттерінің мұрасын ғылыми айналымға енгізуі;
  6. Абайтану арнайы курсын оқытуы, Абайтану бағдарламасын жасауы;
  7. Абайға арналған драмалық шығармалар жазуы;
  8. «Қазақ өмірінің энциклопедиясы» мен «Абай жолының» жазылып, жарық көруі;
  9. «Абай» журналының өмірге келуі;
  10. Қазақстандағы алғашқы әдеби музей – «Абай музейін» ашылуы мен қалыптасуына қосқан үлесі…

Осындай Ұлы ақынға қатысты қаншама бағыттарды айта беруге болады. Бұл бағыттардың әрқайсысына жеке-жеке мән бере қарасақ, әр сала бойынша телегей теңіз зерттеулер жасалғанын байқаймыз. Бүгінгі күні абайтану ғылымы көкжиегі соншама кеңейді десек те, әр бағыттың басты темірқазығы да, негізгі дереккөзі де Мұхтар Әуезов сөзі болып қала бермек.

Енді осы бағыттардың кейбіріне ғана тоқталып, ұсыныстарымды білдірсем.

Біріншіден, Мұхтар Әуезовтің 33, 40, 45 және 1950 жылдары жазған Абай өмірбаянының төрт нұсқасы бүгінгі абайтанушылар басшылыққа алар құнды еңбектер. Ғалымның өзі: «Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп, аяқталған жоқ», – дейді. Иә, Мұхтар Әуезовтен кейін ақынның өмірбаянына қатысты түрлі деректер мен архив құжаттары табылуда. Бірақ, Абайдың шығармашылық өмірбаяны әлі қайта толыққанды түрде Әуезовтей жазылған жоқ. Осыны ескеруіміз қажет!

Екіншіден, Абай шығармаларының текстологиясына қатысты айтсақ, алғашқы абайтану баспалдақтарынан бері ақын шығармаларының текстологиясымен айналысып келе жатсақ та, бұл сала әлі де өзекті болып қала бермек. Қазіргі таңда Абай шығармаларын кез келген баспа, жеке адам да шығара алатын болғандықтан, ол жинақтарда түрлі текстологиялық ауытқулар, орфографиялық қателер ғана емес, жекелеген құрастырушының өз ұстанымы бойынша басқа шығармалардың еніп кетіп жатқанын байқап қаламыз. Бұл мәселе жайында Мұхтар Әуезов («Абай жайын зерттеушілерге») Ұлы ақынның  туғанына 95 жыл толуына орай жазылған мақаласында былай дейді: «Біз осы күні Абай жайын зерттеуді тараң түсініп жүрміз. Әр жинаушы не қылса, ең әуелі Абай айтыпты-мыс, бірақ жазылмай, басылмай қалыпты-мыс деген өлең табуға құмар-ақ. Осы Абай өлеңдерінің санын көбейтейік деп өзеурегенше, бар сөзінің кенеуін кетірмейік деп көбірек ойланайық. Абай сөзін көбейтеміз деп, көбік етіп алмайық. Жауаптырақ қарайық».

Сол себептен де Мұхтар Әуезов бастаған белгілі абайтанушы ғалымдар бірлесіп шығарған және кейінгі жылдары жарық көрген академиялық жинақтарды негізге алуымыз керек.

Үшінші мәселе, қазіргі таңда Абайға қатысты тың әңгімелер мен дәлелсіз «былай болыпты-мыс» дегендер көптеп шығып жатқандықтан, осындай кейбір дүниелерге сақ қарауларыңызды сұраймын. Әрине, ғылым дамуы барысында жаңа нәтижелердің шығатыны анық, бірақ нақты деректі айғағы, не дәлелі жоқ әңгімелерге еш сенудің және оны халыққа жеткізудің қажеттілігі шамалы. Басшылыққа Абай туралы табылған архив құжаттарын, нақты тарихи деректерді, сонымен қатар замандастары мен ұрпақтарының естеліктерін және Мұхтар Әуезов жазғандарын алуымыз керек.

Төртіншіден, Мұхтар Әуезовтің жазғандарына еш ғылыми негізсіз ойша түзету жасаудан аулақ болуымыз қажет. Мұхтар Әуезовтің айтып тұрғаны ол емес басқа деп ойша жорамалдауға болмас.

Бесіншіден, Мұхтар Әуезовтің абайтанудағы көптеген жайларға аса мән бере қарау керектігімізді сол заманның өзінде тұспалдап айтып кеткен ұлылығын аңғарып, дөп баса білуіміз қажет. «Абай жолында» Құнанбай жөнінде кеңестік саясаттың әсерінен толық айта алмады, Құнанбай толық жағымсыз бейне ретінде суреттелді десек те, роман-эпопеяны оқи отырып, Әуезов шеберлігіне таңданасың.

Мысалы: «Құнанбайды бар тобықтының атқа мінері «Мырза» деп атайды», дейді. Роман бойынша да Байсал, Бөжей, не басқа емес Құнанбай екен қадірлі, сыйлы.

«Қаратай жүйрік қой, Жер таниды. Айтқаны шын болса керек. Бірақ, өз топшылауым бойынша, адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де болады. Мен өмірімде ұсталған нәрсемді берік ұстанам. Жақсылық – кісінің айнымас табандылығында деп білемін. Соның түбінен мін шығатын кез де болатын шығар. Адам пенде ғой! Пенденің жоқ-жіті толған ба?»

Осындай көптеген роман үзінділерінен озбыр Құнанбайды емес, өз бағасын білетін, ісіне табанды, тұрақты, өз жолын дұрыс дегенмен, оған да күмәнмен қарайтын ақылды, ойлы пендені көреміз.

Енді зерттеуіне қарасақ, кеңестік дәуірдің өзінде Абайға орыс демократ достарының ықпал әсері жайында нақты айтып кеткен. Ғалым былай дейді: «Сол Михаэлис осы келгеннен бастап Семейдің кітапханасынан Толстойдың кітабын сұрап тұрған Абайды көреді. Танысады. Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов еткен әсердің бәрін – Абай өз бетімен, орыс классиктерін оқудан, зерттеуден соң табады. Сондықтан Михаэлис, Долгополовтардың Абайға көмегін айтқанда, оның шегін біліп айту керек. Абайдың классик ақын болған маңызын, әлеуметтік көзқарасын тек Михаэлис әсерінен деп қойсақ, әрі Абайға, әрі орыс халқының мұрасына және даналарына қиянат сөз айтқан болар едік».

Міне, осы уақытқа дейін «Абайдың дүние көзін ашқан адамы – Михаэлис» деп келген пікірімізге мән бере қарауымыз керектігін осыдан 72 жыл бұрын айтып кеткен Мұхтар Әуезов сөзінің құндылығы еш уақытта маңызын жоймақ емес.

Осындай эпизодтар мен детальдарға мән бере қарасақ, Әуезовтің аз сөзбен көптеген дүниелерді астарлап жеткізе білген шеберлігін байқаймыз.

Сонымен қатар, Абайдың өзіне дейінгі әдебиет өкілдерінен рухани бір арна ретінде ғана алғашқы үлгі-өнеге алғандығын жоққа шығармай, Мұхтар Әуезов айтқан рухани нәр алған үш қайнар бұлағы туралы пікірін төмендетпей, жекелеген ақындарды Хакімге бірден-бір Ұстаз ретінде бағалаудан аулақ болуымыз керек.

Қорыта айтқанда, Абайға қатысты жазылар барлық еңбектерде қай уақытта болмасын басшылыққа Мұхтар Әуезовтің зерттеулерін негізге алуымыз қажет.

Жандос ӘУБӘКІР,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу
институтының директоры, ф.ғ.к., доцент

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here