Нью-Делиде Абайға бюст қойылды

0
321

Үндістанның Нью-Дели қаласындағы Сан Мартин Парк скверінде қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының бюсті салтанатты түрде ашылды. Іс-шара ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың, Үндістанның Сыртқы істер және мәдениет мемлекеттік министрі Минакши Лекхидің, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен өтті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің Баспасөз қызметі хабарлады.

Бақыт Сұлтанов Махатма Гандидің туған жеріне қазақ ағартушысының бюстін орнату терең символдық мәнге ие екенін атап өтті.

«Абай мен Ганди идеялары бір-бірімен тығыз байланысты. Мәселен, Абайдың «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген сөзі бар. Бұл қасиеттерді Махатма Ганди де бағалаған. Ол «Сіздің сеніміңіз сіздің ойыңызға айналады, ойыңыз сөзіңізге айналады, сөзіңіз әрекетіңізге, ал әрекетіңіз әдетке, әдет құндылығыңызға, құндылықтарыңыз тағдырыңызға айналады» деген», – деп ұлылардың сөздерін келтірген Бақыт Тұрлыханұлы Абай бюстінің орнатылуы екі ел арасындағы рухани ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетінін атап өтті.

Нью-Дели қаласында Абай бюстінің ашылуына арналған салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, өнеркәсіптік және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 14-отырысына қатысу үшін Қазақстан Республикасы делегациясының Үндістанға сапары шеңберінде өтті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here