Оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру саясатының демографияға әсері

0
3471
Соңғы 32 жылда халық саны Шығыс Қазақстан облысында 408 мың, Солтүстік Қазақстан облысында 382 мың, Қостанай облысында 363 мың, Ақмола облысында 276 мың, Павлодар облысында 195 мың адамға азайған

1917 жылғы Қазан төңкерісінің алдында өткен санақ қорытындысынан кейін Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдулилла, аз емеспіз, 6 млн қазақпыз» деп дүйім жұрттан сүйінші сұрағанын тарих растайды. Екі рет айналып соққан аштықтан сол қазақтың 2,5 миллионы қырылды, 1,5 миллионы шекара асып босып кетті. Ел есін енді жинай бастаған отызыншы жылдардың соңында қазақтың сүт бетіне шығар қаймақтары түгел сталиндік террордың құрбаны болды. Екінші дүниежүзілік соғыс та сан мыңдаған отбасын ойран етті. Ұлт басына қара бұлт үйірілген сол бір аласапыран заман мен елімізге өзге ұлттарды күштеп көшіру саясаты қазақты өз жерінде азшылыққа айналдырды. Сондықтан жері көп, халқы аз Қазақстан үшін әрқашан халық санының тұрақты өсімі өте маңызды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін еліміздің демографиялық саясатына тоқталады.

ЕЛІМІЗДЕ
ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ
ДҮМПУ
ҚАЙ КЕЗДЕ ТІРКЕЛДІ?

«Әр аштықтың бір тоқтығы болады» дейді қазақ. Азаттықтың арқасында қазақтың саны 2,3 есе артты. Мысалы, 1991 жылы елдегі қазақтың саны 6,5 млн болса, қазір санымыз (шеттегі қандастарды есепке алмағанда) 14 млн-ға жетті. Соның 1 млн-нан астамын тарихи Отанына оралған қандастар құрайды. Сонда айналдырған 32 жылда елдегі қазақтың үлесі 39,6 пайыздан 70,6 пайызға дейін жетті. Халпы халық саны да өсім көрсетті. Тәуелсіздік жарияланған жылы елімізде 16,8 млн халық тұрса, қазір ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын жерімізді 19,8 млн адам мекендейді. Бұйыртса, Қазақстан жыл соңына қарай 20 млн-дық межені бағындырады. Әрине, бұл ұтымды жүргізілген демографиялық саясаттың арқасында мүмкін болды.

Медальдің екі беті болатыны сияқты пандемияның демографияға қосқан үлесін де атап өтпеске болмайды. Өйткені, жаһан жұртын әбігерге салған коронавирусқа дейінгі он жылда елімізде жыл сайынғы өсім орта есеппен 4,5 мың сәбиді құрады. Содан көзге көрінбейтін жаумен арпалысқан уақытта кәдімгідей демографиялық дүмпу байқалды. Оны статистика да растайды. Мәселен, елімізде пандемия алдындағы 2019 жылы 402,3 мың сәби дүниеге келсе, коронавирус басталған 2020 жылы 426,8 мың сәби жарық дүние есігін ашты. Індет күшейген 2021 жылы 450,4 мың сәби дүниеге келіп, демографияда тарихи рекорд орнады. Өкінішке қарай, былтыр бұл көрсеткіш бұрынғы деңгейіне қайта оралды.

Барыс жылы демографияға миграция оң әсер етті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы елімізге 17,3 мың адам қоныс аударды. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш саналады. Былтыр 24,2 мың адамның Қазақстан азаматтығынан бас тартқаны да соңғы 32 жылда тіркелген ең төмен көрсеткіш. Тәуелсіз ел тарихында мұндай төмен көрсеткіш бұрын-соңды тіркелмеген еді. Айталық, 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда елге 6,3 мың адам артық келді, елден 7,9 мың адам кем кетті. Бұған Украина мен Ресей арасындағы қарулы қақтығыс түрткі болды. Неге десеңіз, 2021 жылы Қазақстаннан 32,3 мың адам қоныс аударса, соның 88 пайызы Ресейден пана тапқан. Яғни, 1,5 жыл бұрын басталған соғыс қазір сыртқы көші-қон ағынын баяулатты. Керісінше елімізге қоныс аударуға ниет білдірген ресейліктердің қатары көбейді.

Айта кетейік, азаттық алған 32 жылда 4,2 млн адам елімізден көшіп кеткен. Соның ішінде 2,5 млн қазақстандық Ресей, 1 млн қазақстандық Германия, 225 мың қазақстандық Украина, 70 мың қазақстандық Беларусь, 36 мың қазақстандық АҚШ, 27 мың қазақстандық Грекия азаматтығын алған.

ШЫҒЫС ПЕН
СОЛТҮСТІК ӨҢІРДЕ
ҚАЗАҚТЫҢ
ҮЛЕСІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

Жоғарыда 1991 жылдан бері 4,2 млн адамның елімізден қоныс аударғанын жаздық. Бұл Кувейт халқымен тең көрсеткіш. Сол үдере көшкен орыстар, немістер, украиндар мен татарлардың басым бөлігі елдің солтүстігі мен шығысында тұрды. Яғни, солтүстік, шығыс өңірлер демографиялық апатқа ұшырады. Сүреңсіз статистиканы келтірсек, соңғы 32 жылда халық саны Шығыс Қазақстан облысында 408 мың, Солтүстік Қазақстан облысында 382 мың, Қостанай облысында 363 мың, Ақмола облысында 276 мың, Павлодар облысында 195 мың адамға азайған.

Әрине, ешкімді күштеп ұстай алмайсың. Тарихи отанына оралғандарға сын айту, мін тағу артық. Тірі адам тіршілігін жасайды. Содан орыстанған өңірлерді қазақыландыру мен қаңырап бос қалған елді мекендердің еңсесін тіктеп, тамырына қан жүгірту басты мақсатқа айналды. Соңғы жылдары демографиялық саясат соған басымдық беріп келеді.

Бір атап өтерлігі, демографиялық саясат та өзінің жемісін бере бастады.

Біріншіден, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында халық санының кемуі бәсеңдеді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында 1999-2009 жылдары халық саны 129 мыңға азайса, 2012-2022 жылдардағы көрсеткіш 44 мың адамды құрады. Тіпті, Ақмола облысында халық санының өсу қарқыны байқалады. Былтыр Ақмола жұрты бір жылда 50 мыңға көбейді.

Екіншіден, солтүстік пен шығыста қазақтың үлесі артты. Тоқсаныншы жылдардың басында қазақтың үлесі Солтүстік Қазақстан облысында 22,6 пайызға, Қостанай облысында 22,8 пайызға, Ақмола облысында 25,1 пайызға, Павлодар облысында 28,5 пайызға, Шығыс Қазақстан облысында 38,9 пайызға әрең жеткен еді. Қазір көрсеткіш біршама жақсарды. Мәселен, қазақтың үлесі Солтүстік Қазақстан облысында 37,5 пайызды, Шығыс Қазақстан облысында 60,5 пайызды құрайды. Яғни, жер иесінің үлесі біріншісінде 14,9 пайызға, екіншісінде 21,6 пайызға артты. Бұл да ауыз толтырып айтарлықтай жетістік.

ОҢТҮСТІКТЕН
СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРҒАНДАРДЫ
МЕМЛЕКЕТ
ҚАЛАЙ ЫНТАЛАНДЫРАДЫ?

Қазір шығыстағы екі облыс пен солтүстіктегі төрт облыста 4,2 млн халық тұрады. Салыстырып көрсек, оңтүстіктегі бес облыс пен екі республикалық маңызы бар қаланы 9,6 млн адам мекендейді. Айырмашылық – 5,4 млн адам. Оңтүстіктің пайдасына. Жыл сайын оңтүстіктегі халық саны да артып келеді. Солтүстік пен шығысқа қарағанда оңтүстік өңірде табиғи өсім жоғары. Алайда, жер көлемі бойынша солтүстік пен шығыс өңірлеріне оңтүстік жол береді. Яғни, оңтүстікте халық тығыз орналасқан. Демографиядағы осы тепе-теңдікті сақтау үшін де халықты оңтүстіктен солтүстік пен шығыс өңірлерге қоныстандыруға арналған бағдарламалардың маңызы арта түседі.

Алатау мен Арқаның, күнгей мен теріскейдің арасын жалғаған қазақ көшінің көлікті болуына Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы зор үлес қосты. Осы бес жылда 34 мыңдай адам (тең жартысы еңбекке жарамды) жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударды. Айталық, бағдарлама аясында 2017 жылы – 4 мың, 2018 жылы – 6,8 мың, 2019 жылы – 9,1 мың, 2020 жылы – 5,8 мың, 2021 жылы – 8,1 мың адам түстіктен теріскейге көшіп барды. Мемлекет оларды жұмысқа орналастырды, баспанамен қамтамасыз етті және коммуналды төлемдерін де төлеп берді. Бұл бағытқа бюджеттен 20,9 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаржының басым бөлігі қоныс аударушыларға үй сатып алып беруге, баспана жалдау ақысын төлеуге жұмсалды.

«Еңбек» бағдарламасы тек қоныс аударушыларға ғана емес, оларды жұмыспен қамтыған мекемелерге де қолдау көрсетті. Мәселен, жұмыс берушілерге 400 АЕК көлемінде субсидия берілді. Оны кемінде бес қоныс аударушыны үш жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылдаған кәсіпкерлер алды.

Жоғарыда аталған бағдарламаның мерзімі аяқталса да, оңтүстіктен шығыс пен солтүстікке қоныстандыру жұмыстары тоқтаған жоқ. Былтыр  мемлекеттік маңызы бар ауқымды шара «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жалғасты. Барыс жылы 8 мыңдай адам еңбек күші тапшы өңірлерден пана тапты. Соның 1,3 мыңын қандастар құрады. Оларға барлық мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.

Президенттің тапсырмасымен Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған Көші-қон саясаты тұжырымдамасы іске қосылды. Тұжырымдама бұған дейінгі бағдарламаларда көзделген жұмыстарды жалғастырады. Дегенмен, айырмашылық та жоқ емес. Мәселен, бағдарламаға кемінде бір жыл жұмыс күші артық өңірлердің бірінде (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары) ресми тұрған, яғни тұрғылықты жері бойынша тіркеуде тұрған адам қатыса алады. Басымдық жастарға, оқуды бітіргеніне кемінде үш жыл болған жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектеріне, қандастарға, компанияның жабылып қалғанына байланысты жұмыстан шығарылған қызметкерлерге беріледі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Соңғы бес жылда Астана, Алматы мен Шымкент қалаларына өздігінен 211 мың адам ауыл-аймақтан қоныс аударған. Дегенмен, солтүстік пен шығыста жұмыс күші жетіспейді, ал оңтүстік пен батыста керісінше «екі қолға – бір күрек» табу оңай емес. Бұл – бір. Екіншіден, жоғарыда жазғанымыздай, оңтүстік пен солтүстіктегі демографиялық айырмашылық жер мен көктей. Оның үстіне сарапшылар 2050 жылға қарай халық солтүстікте 600 мыңға кемитінін, оңтүстікте Алматы мен Шымкент қалаларын қоспағанның өзінде 1,6 млн-ға артатынын болжайды. Үшіншіден, солтүстікте қазақтың үлесі 50 пайыздан әлі асқан жоқ. Осы үш фактор оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру саясатына басымдық беруге итермелейді. Ендеше, оңтүстік өңірлерден солтүстік облыстарға көшуге ниетті адамдарды осылайша ынталандыруды жалғастыра беру керек. Қазірдің өзінде ұтымды демографиялық саясаттың жемісі көріне бастады.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here