Тарихи жеңіс! Елена Рыбакина алғаш рет Уимблдон турнирінің чемпионы атанды

0
748

Сенбі, 9 шілде күні Қазақстанның бірінші, әлемнің жиырма үшінші ракеткасы Елена Рыбакина алғаш рет Уимблдон турнирінің чемпионы атанды. 23 жастағы қазақстандық теннисші Ұлыбритания ашық чемпионатының ақтық бәсекесінде әлемнің екінші ракеткасы, 28 жастағы тунистік теннисші Онс Жабермен бас жүлдені сарапқа салды.

Бірінші партияда брейк жасаған тунистік теннисші алға кетті. Сетті ол тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:3. Есесіне екінші сетті қазақстандық теннисші брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 4:1. Содан кейін өз геймін ала білді – 6:2. Елена Рыбакина үшінші, шешуші партияны да брейкпен бастады – 2:0. Алтыншы геймде қазақстандық теннисші доп бергенде, 0:40-тан «құтыла» алды – 4:2. Тағы бір брейк – 5:2. Содан кейін матчқа доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:2. Осылайша, Елена Рыбакина қазақстандық теннисшілер арасында тұңғыш рет жекелей сында «Үлкен дулыға» жарысының жеңімпазы атанды. Ол чемпион болу арқылы өзінің табыс қорын да молайтты. Теннисші Ұлыбритания ашық біріншілігі қорытындысында 4 млн 333 мың стерлинг (2,5 миллиардтай теңге) табыс тапты. 

Бір айта кетерлігі, бұл екеуінің де «Үлкен дулыға» жарысындағы алғашқы финалы еді. Осыған дейін қарсыластар үш рет кездесіп, соның екеуінде Онс Жабер жеңіске жеткен болатын.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 301,2 мың оқырманы бар Twitter парақшасында (@TokayevKZ) Елена Рыбакинаны тарихи жеңісімен құттықтады.

«Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина ең беделді Уимблдон турнирінде тарихи жеңіске жетті. Спортшымызды шын жүректен құттықтаймын!» – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Елена Рыбакина 1999 жылы 17 маусымда Ресей астанасы – Мәскеуде туған. 2018 жылға дейін сайыстарда Ресей Федерациясының намысын қорғады. 2018 жылы маусымда Қазақстан теннис федерациясының шақыртуымен (федерацияны қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратов басқарады) Қазақстан азаматтығын алды. Қазақстан теннисшінің жаттығуына, жеке бапкерінің ақысына, жарыстарға қатысуына қаржы бөледі. Мұны спортшының өзі де жасырмайды. «Қазақстан атынан жарысқа қатысып жүргеніме қуаныштымын. Маған сенді, көп көмектесті. Ресейде қалатын мүмкіндік болғанда қалар едім. Қазақстан мені қолдады, қаржылай да көмектесті. Болашақта да Қазақстан атынан жарысқа қатысқым келеді, себебі қиын сәтте көмек қолын созды. Болашақта қалай боларын білмеймін, дәл қазір мен үшін [Ресейге] жол жабық» деген еді Елена Рыбакина 2020 жылы ақпанда Санкт-Петербургтегі теннис турнирінде.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here