Бішкектегі наразылық: Себеп пен салдары неде?

0
1877

Таяуда ғана әлеуметтік желі арқылы таралған Қырғызстан мемлекетіндегі қырғыз азаматтары мен пәкістандық студенттердің арасындағы дау-жанжал видеосы көпшілікті алаңға салды. «Бұл даудың салдарынан екі ел арасында дипломатиялық қақтығыс орнамай ма?» деген сынды екіұшты ой-пікірдің болғаны да жасырын емес. Желідегі бейнероликтен бір топ қырғыз азаматтарының пәкістандықтарды соққыға жығып жатқан сәтін көруге болады. Жұртшылық мұны жай соқтығу емес, ашынғаннан туған өшпенділік отына ұқсатты. Көпшіліктің жазған пікірлерінен де осы ойды аңғарамыз. Шынында, наразылық неден бастау алды? Мақала аясында оқиғаның себеп пен салдарын білуге ұмтылдық.

Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары Эдиль Байсалов Бішкек қаласына қысқа мерзімді сапармен келген Премьер-министрдің орынбасары, Пәкістан Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхаммед Исхак Дармен кездесті…

Даудың басы…

Бішкекте 17 мамырдан 18 мамырға қараған түні шетелдіктерге қарсы наразылықтар болып, отызға жуық адам зардап шеккен. Бұл келеңсіздіктің орын алуына не себеп? Қырғызстан Ішкі істер министрлігі оқиғаның хронологиясын ұсынды.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, наразылыққа 13 мамырда орын алған оқиға себеп болған. Құқық қорғау органдарының айтуынша, 2024 жылдың 13 мамырына қараған түні сағат 02:00 шамасында «Восток-5» шағын ауданында орналасқан пиццерияның жанында азиялық келбеттегі белгісіз адамдар тобы шетелдік студенттер тобымен кездескен. Олар шетелдіктерді қорлап, шылым сұрайды және бұл жерде темекі шегуге оларға кім рұқсат бергенін айтып, тиісе бастайды. Олардың бірі қол жүгірте бастағанда, шетелдік азаматтар қаша жөнеледі. Осыдан соң шетелдіктер өздерінің тұрғылықты жеріне, Атай Огонбаев көшесіндегі жатақханаға қарай қашып үлгерген.

«Белгісіздер тобы олардың соңдарынан қуып, күш қолданып, шетелдік азаматтардың ақшасы мен заттарын алды. Кейін белгісіз төрт адам әртүрлі бөлмелерге кіріп, есіктерді қағып шықты. Олар қыздар тұратын бөлмелерге кіргенде, келгендермен күресуге ниет білдірген шетелдіктер шу мен айқайға басты. Олардың арасында жатақхананың ауласында төбелес басталды. Төбелес кезінде келгендердің үшеуі біреуін тастап қашып кетті», – деп түсіндірді ведомство.

…жауап беруді талап етті

Шетелдік азаматтар шабуылдаушылардың біріне жедел жәрдем шақырады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ауруханаға келгеннен кейін ол өзін басқа атпен таныстырып, оқиғаның мән-жайы бойынша түсініктеме бермеген. Дене жарақатын алу фактісі бойынша өтінішпен жүгінбестен, қажетті медициналық көмек алып, қашып кетеді. Алайда, сол түні болған оқиғаның бәрін сыртқы бақылау камералары тіркеп алған. Төбелес фактісіне байланысты Свердлов аудандық Ішкі істер басқармасы Қырғыз Республикасы Қылмыстық Кодексінің 280-бабымен (адамдар тобымен алдын ала сөз байласу бойынша бұзақылық) қылмыстық іс қозғалып, екі қырғыз азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Олардың ақпараты бойынша, мына шетелдік азаматтар өтініш білдірді:

Е.А., 2004 жылы туған, дене жарақатын алған;

Х.А., 2003 жылы туған, одан 1 мың 250 доллар және iPhone 15 Promax телефоны алынды;

А.М., 2003 жылы туған, одан 1 мың 550 доллар мен барсет алынды.

«Тергеу барысында жатақханада шетелдік азаматтарға шабуыл жасаған төрт адамның екеуі анықталды. Екеуі де Шу облысының Кемин ауданының тумалары. Тағы екі азаматтың аты-жөндері анықталу үстінде», – деп атап өткен полиция бөліміндегілер.

Әрі қарай…

Instagram әлеуметтік желісіндегі «Ньюс Кейджи» парақшасында Огонбаев көшесіндегі жатақхана ауласындағы төбелестің бейнеролигі жарияланды.

«Бұл қоғамдық наразылық пен жастардың жаппай наразылығын тудырған және «жергілікті тәртіпсіздікке» әкелген оқиға мәселенің мән-жайын түсіндірмегеннен болды. 2024 жылдың 17 мамырында кешкі уақытта болған оқиғаға наразы жастар Құрманжан Датқа көшесі мен Шу даңғылының қиылысына жинала бастады, шамамен сағат 22:00-де жиналғандар саны 500-ден 700-ге жетті. Олар Атай Огонбаев көшесіндегі жатақхана ауласында болған төбелеске кінәлілерге қатысты құқық қорғау органдарынан бара-бар жауап беруді талап етті», – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Сол жерде құқық қорғау органдары жиналғандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, біраз уақыттан кейін олар тарап кетті.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, түнде жағдайды үшінші тұлғалар пайдаланып, мәселені тұрақсыздандыру үшін жәбірленушілер бар екендігі туралы мессенджерлер тобына жалған ақпарат тарата бастаған. Қырғызстан азаматтары тарапынан қаза тапқандар саны айтылды. Жәбірленушілер туралы ақпарат жалған, шындыққа жанаспайды.

Ішкі істер министрлігі қырғызстандықтарды жалған ақпаратқа сенбеуге және арандатушылыққа жол бермеуге шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қырғызстан астанасында 17 мамырдан 18 мамырға қараған түні рұқсат етілмеген митингке байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілген болатын. Шеруге қатысушылар 13 мамырда шетелдік азаматтар мен жергілікті тұрғындар қатысқан жатақханалардың бірінде болған жаппай төбелеске орай наразылықтарын білдірді. Оқиға туралы бейне кейінірек әлеуметтік желілерде таратылды.

Бірнеше шетелдіктер ұсталып, Свердлов ауданының Ішкі істер бөліміне жеткізілді. Күдіктілер қырғыз халқынан кешірім сұрады.

Пәкістандағы наразылық шерулері…  

Пәкістан астанасы Исламабад пен Карачиде 18 мамыр күні Бішкектегі шетелдік студенттерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы наразылық митингілер өткенін шетелдік БАҚ хабарлады.

Мамырдың 18-і күні түстен кейін Исламабадтағы Қырғызстан елшілігінің жанына жиналған шерушілер шетелдік студенттерге, әсіресе пәкістандық студенттерге жасалған шабуылды айыптап, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етті. Осыған байланысты дипломаттарды қорғау үшін қосымша полиция күштері келіп, тікенді сым қоршаулар орнатылды.

Ұлттық Қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Қамшыбек Ташиев жағдайға түсініктеме берді. Ол митингке қатысушылардың талаптарымен келіскенімен, азаматтар арасында арандатушылар болғанын және құқық қорғау органдары олардан атыс қаруын тапқанын айтты.

«Телефондар мен әлеуметтік желілер арқылы наразылықты тудырған және бағыттағандарды іздеу жалғасуда», – деп атап өтті Ташиев және егер кімде-кім өткен митингіні саяси мақсатта немесе жағдайды тұрақсыздандыру үшін пайдаланғысы келсе, жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Сыртқы істер министрлігі жалған және тексерілмеген ақпаратты таратпау үшін шетелдік өкілдіктерге жүгінді. Денсаулық сақтау министрлігі 29 адам медициналық көмекке жүгінгенін, ал зардап шеккен үш азамат ауруханада екендігін жеткізді.

Астанадан Исламабадқа барар жолда Премьер-министрдің орынбасары, Пәкістанның Сыртқы істер министрі Мұхаммед Исхақ Дар Бішкекте қысқа аялдама жасап, Қырғызстан СІМ басшысы Жээнбек Құлубаевпен кездесті…

Екіжақты кездесу

Бішкекте Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Авазбек Атаханов пен Пәкістанның Қырғызстандағы елшісі Хасан Әли Зайгам кездесті.

Дипломат Қырғызстан тарапына 17-18 мамырдағы Бішкектегі, оның ішінде пәкістандық студенттердің қатысуымен болған оқиғалар бойынша ақпарат алуға жәрдемдескені үшін алғысын білдірді.

Авазбек Атаханов оқиғаның аяқталғанын, астанадағы жағдай құқық қорғау органдарының толық бақылауында екенін, аталмыш іске қатысы бар азаматтарға тергеу ісі жүргізіліп жатқанын баян етті.

Тараптар Шанхай ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесі шеңберінде дипломатиялық ведомстволардың басшылары Жээнбек Құлубаев пен Премьер-министрдің орынбасары, Пәкістан Сыртқы істер министрі Мұхаммед Исхак Дарды кездестіру туралы уағдаласты.

Осыған орай, 21 мамыр күні кешкісін Астанадан Исламабадқа барар жолда қысқа аялдама аясында Бішкекте Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Құлубаев пен Пәкістан Сыртқы істер министрі Исхак Дардың кездесуі өтті. Бұл туралы Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында тараптар қырғыз-пәкістан қарым-қатынастарын нығайтудың негізгі бағыттары мен басымдықтары туралы пікір алмасты. Құлубаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты жандандырудың және энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте «CASA-1000» субөңірлік энергетикалық жобасын жедел іске қосу бойынша екі елдің өзара іс-қимылының басымдығы туралы айтылды.

Халықаралық күн тәртібін талқылау барысында Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы аймақтық байланыс пен экономиканы нығайту үшін жаңа транзиттік бағыттарды дамыту мәселелері көтерілді. Атап айтқанда, Пәкістан – Қытай – Қырғызстан – Қазақстан өңірлік көлік дәлізінің мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстары жалғасуда.

Пәкістандық студенттердің Қырғызстанда болуына қатысты министр Жээнбек Құлубаев Қырғызстанның құқық қорғау органдары олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдағанына сендірді. Қырғызстандағы университеттер жанындағы ерікті қоғамдық ұйымдар екі ел жастары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында бірқатар іс-шаралар өткізуде.

Министр бұл оқиғаға қатысты жан-жақты тергеу жүргізіліп жатқанын, кінәлілер заң шеңберінде барынша жазаланатынын қадап айтты.

«Пәкістан Сыртқы істер министрі Исхак Дар қырғыз тарапының жағдайды реттеу бойынша шұғыл қабылдаған шаралары және күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша сындарлы өзара іс-қимыл үшін алғысын білдірді», – делінген Қырғызстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің таратқан хабарламасында.

Тобықтай түйін

Жергілікті және шетелдік азаматтар арасындағы төбелестің салдарынан, төрт күннен кейін, яғни 17 мамырда Шу/Құрманжан Датқа аймағында жаппай толқулар басталып, оған қатысушылардың нақты саны белгісіз, бірақ 700-ден 1 000-ға дейін адам қатысқан болуы мүмкін деп хабарланған болатын. Тіпті, шетелдіктер тұратын жатақханалардың бірінде олардың соққыға жығылған сәті бейнекамераға жазылып қалғандығы да көрсетілген еді. Оқиға мәнісімен тез арада қаладағы барлық полиция бөлімшелері құлақтанып, олар бүлікшілерді шетел студенттерінің тұрғылықты жерінен ығыстырып, жатақханаларға қорғаныс орнатты. Қазір ел ішінде жағдай тұрақталған.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here