Қаракөл шаруашылығы елімізде неге тұралап қалды?

0
1466
Қазақстандағы қаракөл шаруашылығының тарихы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастау алады. Шөл және шөлейт өңірлердің қатаң ауа райы мен жұтаң жайылымына төзімді қой әу баста елімізге Өзбекстан, Түркіменстан елдерінен әкелінді. Жергілікті ірі қара жүнді қойлармен будандастырудың нәтижесінде сексенінші жылдардың соңында қаракөл қойының саны 6,2 млн басқа жетті, жылына 2,5 млн елтірі өндірілді. Осылайша, Қазақстан – қаракөл шаруашылығы бойынша әлемдегі жетекші елдердің біріне айналды. Өкінішке қарай, азаттық алғаннан кейін елімізде қаракөл шаруашылығы тұралап қалды...

Ерекше үйлесімді бұйра жүнді теріден  тігілген тон мен бөрік немесе сондай жағасы бар пальто… Бұл киімдердің қолданыстағы кезін көрген соңғы буын – ХХ ғасырдың аяғында дүниеге келген біз шығар. Әлі есімде, кішкентай күнімізде үлкендер жағасы бұйра толқынды әдемі тон киетін. Оның өзі мыңның бірінде ғана болатын. Сондай тондар күнге шағылысып, жалт-жұлт етіп, көздің жауын алатын. Бала  болсақ та, әдеміге қызыға қарап жүргеніміз сол қаракөл елтірісінен тігілген тон еді. Өкінішке қарай, қаракөл шаруашылығы туралы қазір өткен шақта айтудан басқа амалымыз жоқ. Себебі, қолда бардың қадірін білмегендіктен, қаракөл шаруашылығы тұралап қалды. Мысалы, әлемнің елуге жуық елінде 31 млн бас қаракөл қойы болса, оның саны елімізде бүгінде 130 мыңға да жетпейді. Ал, сексенінші жылдардың соңында қаракөл қойы 6,2 млн басқа дейін жеткенін, жыл сайын 2,5 млн қаракөл елтірісі өндірілгенін тарих растайды. Сонда Ауғанстан, Иран, көрші Өзбекстан сақтап қалған, алыстағы Намибия, ОАР сияқты африкалық елдер жұмысын жүйелі жолға қойған қаракөл шаруашылығы мен елтірі өндірісі Қазақстанда неге тұралап қалды? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін көптің көкейіндегі осы сұраққа жауап іздейді.

Қаракөл шаруашылығын дамытуға үлкен үлес қосқан КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Хисметолла Үкібаевтың жары ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рабиға Шамекенова басқаратын «Қаракөл» шаруа қожалығы қаракөл шаруашылығының бұрынғы даңқын қайта жаңғыртуды көздейді…

ҚОЛДА БАРДЫҢ ҚАДІРІН ҚАЗАҚ БІЛМЕЙ МЕ?

Қаракөл қойы – Шопан ата түлігінің ең бағалы тұқымдарының бірі. Ал, қозысының терісі тіптен құнды. Әдетте, туғаннан кейін 2-3 күн ішінде сойылған қозының терісін өңдеп, иін қандырып, бабына келтіріп дайындалған өнімнің сапасы да жоғары болады. Дегенмен, бүгінгі таңда елімізде тері өңдеу қарқыны бәсеңдеген. Басты себеп – қаракөл қойының азаюы. Соның салдарынан өңделетін шикізат та азайып, өнеркәсіпке кері ықпалын тигізген.

Ғалымдардың пайымдауынша, қаракөл қойы түрлі шипалы шөптерді  іздеп  жүріп  жейді. Түрлі  өсімдіктердің  тамырын да талғап жейтін жануардың дене тұрқы кішілеу болғанымен, еті дәмді, терісі бағалы. Сондықтан жайсыз ауа райына төзімді қаракөл қойы құндылығы жағынан жылқыдан кейінгі тұғырға қонуға әбден лайық. Бірақ, бардың бағасын білмей жүрміз.

Ақиқатын айтқанда, елімізде қаракөл қойын өсіретін шаруашылықтар жоқ емес. Мысалы, 2016 жылдан бастап «Қаракөл қой тұқымдары» республикалық палатасы жұмыс істейді. Бүгінде палата 12 шаруашылықты біріктіріп отыр. Онда 130 мыңдай бас асыл тұқымды мал тіркелген.

Тілшілікті Тәңір кәсіп қып берген соң, түрлі жиын мен басқосуға қатысып жүрміз. Көпшілік бас қосқан арнайы жиындарда ел ішіндегі негізгі мәселелер талқыланады. Бірде кәсіпкерлік жай-күйі сөз болған кезекті жиналысқа қатыстым. Бір кейіпкер өзінің белгілі бір мақсатта тері іздегенін, онысын еш жерден таппағанын тілге тиек етті. «Жолдасым «Тері керек болса, қоқыс тастайтын жерден іздесеңші» деді. Қызық болса да айтайын, содан қоқыс араладым. Сөйтіп, мен іздегенімді қоқыстан таптым», – деп ащы шындықты айтты. Қазақстан тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеевтің сөзімен айтқанда, осылайша «былғары өндірушілер тері илеудің орнына зар илеп жүр».

Әрине, жоғарыда сөз болған кәсіпкердің қоқыстан тапқаны – қаракөл елтірісі емес. Десек те, бұрынғы ата-бабаларымыз техника дамымаған кездің өзінде теріден түрлі киім-кешек пен тұрмысқа қажетті бұйымдар жасаған. Қазіргідей жоқтан бар жасауға болатын заманда мал терісін өңдеп, адам ойламаған дүниелерді жасап шығаруға болатыны да рас. Әсіресе, әлгіндегідей бағалы дүниелеріміз өзімізде өңделмей, шетел асып жатқаны көңілге қаяу түсіреді.

ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІҢ АУЫР ЖОЛЫ

Шөлді, шөлейтті, құрғақ жерлерде тіршілік етуге бейім болғандықтан қаракөл қойы еліміздің оңтүстік бөлігінде көп кездеседі. Үлкендердің айтуынша, аталған өңірлерде кезінде қаракөл шаруашылығы жақсы дамыған. Бүгінгі таңда өңдеуші кәсіпорындардың біртіндеп жабылып қалуы елтірі құнын кетіріп отыр. Ал, шетелде өңделген үш күндік қозы терісінен тігілген тондар әлемдік аукциондарда құнды тауар болып саналады.

Осыдан үш жыл бұрынғы дерек бойынша, Түркістан облысында бар-жоғы 38 мың бас қаракөл қойы қалған екен. Сонау заманда Орта Азия халықтары түрлі тұқымдардан шағылыстырып алынған қойдың қаракөл тұқымының еттен басқа өнімдерін өңдеу жайы сын көтермейтіні бұрыннан айтылып келеді. Бірақ, неге екені белгісіз, мәселе көтерілгенімен, баяғы жартас сол жартас күйінде қалып тұр. Содан Алтайды айта беріп қартайған «апамыздай» көтерілген мәселенің түйіні тарқатылар емес.

Мысал келтірейік. Осыдан аттай жеті жыл бұрын Парламент қабырғасында өткен «Жеңіл өнеркәсіпті дамыту, оны қалпына келтіру мен жаңғыртудың кейбір мәселелері» тақырыбын арқау еткен Үкімет сағатында сол тұстағы ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов жеңіл өнеркәсіптің ауыр жолын баяндап, салаға қатысты түйіткілді түйіндерді де тарқату жолдарын ұсынды. Сейітсұлтан Сүлейменұлы өз баяндамасында «Қазақстанда климаттың, сапалы жем-шөп базасының және табиғи селекцияның арқасында тері сапалы әрі жоғары сұранысқа ие болады. Алайда, өкінішке қарай, біз мынаны атап өтеміз. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының деректері бойынша, 2012 жылы елімізде 10 млн дана өңделмеген тері болған. Оның ішінде 2 млн данасы экспортталған, ішкі өңдеуге 1,7 млн дана жіберілген. Импорт мүлдем жүзеге асырылмаған дерлік. 6,3 млн дана өңделмеген тері «көлеңкеде» қалған және «қитұрқы экспорт» схемасы арқылы заңсыз жолмен елден шығарылған» деген дерек келтірген. Теріні жоғары өңдеуге дейін жеткізіп, дайын өнімді экспортқа шығаруға болатыны, өңделген теріні сатқанға дейін тері шикізатының сатып алу бағасын 20 есеге, дайын өнім шығарған кезде 70 есеге дейін арттыруға болатыны баяндалған. «Сондықтан әкімдіктер бизнеспен бірлесіп, сатып алу мен дайындау кеңселерін ашу жұмыстарын жүргізуі керек. Дайындау кеңселерін теріні кейіннен отандық тері зауыттарында өңдеу үшін оны бастапқы өңдеуге міндеттеу керек» деп депутат мәселені шешу жолдарын да айтқан.

Қаракөл шаруашылығын дамыту бойынша өзекті мәселені осыдан екі жыл бұрын сенатор Дана Нұржігіт те көтерді. Депутат сауалына жауап берген сол тұстағы ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин қойлардың қаракөл және биязы жүнді тұқымдарын өсіру қолдан ұрықтандыру әдісімен жүзеге асырылатынын, бұл жоғары шығынды және білікті мамандарды талап ететінін ескере отырып, 2015 жылдан бастап қолдан ұрықтандыруды ұйымдастыруға қой шаруашылықтарының шығындарын субсидиялау жүзеге асырылып жатқанын алға тартқан. Содан бері екі жылдай уақыт өтсе де, бұл саланың тірлігі нақты істен гөрі құр сөзбен ғана шешіліп жатқандай әсер қалдырады.

ҚАРАКӨЛ ҚОЙЫН ӨСІРУДЕ АФРИКАНЫҢ ҚАЙ ЕЛІ АЛДЫҢҒЫ ОРЫНҒА ШЫҚТЫ?

Тоқсаныншы жылдары елдегі қаракөл қойының саны 6 млн бастан асқан. Ойлап қараңызшы, тек аналығының өзі 70 пайызды құраған. Жыл сайын 2,5 млн қаракөл елтірісі өңделген. Өкінішке қарай, аталған асыл тұқымның жиырма жылда жалпы саны алты есеге қысқарған. Яғни, 2010 жылы бар-жоғы 1 млн бас қалса, бүгінде бұл сан да арманға айналды. Қазір олардың саны 130 мың басқа да жетпейді.

Иә, елімізде елтірісі өндірісі тұралап тұр. Ал, көл-көсір пайданың көзін тапқан Намибия, ОАР, Иран, Ауғанстан және ала шапанды ағайындар бағалы теріні әлемдік нарыққа шығарушылардың көшін бастайды. Африкалық өлшеммен қара құрлықтағы дәулетті ел саналатын Намибияға қаракөл елтірісі өндірісі жылына 5-6 млн доллар табыс әкеледі.

Иран мен Ауғанстанда қаракөл шаруашылығы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары пайда болған, қазір бұл жұмыс жүйелі жолға қойылған. Жерінің басым бөлігі шөл және шөлейітті болып келетін Өзбекстан да қаракөл шаруашылығын дамыту арқылы өзінің географиялық ерекшелігін кәдесіне жаратып отыр.

Қазақстанда қаракөл тұқымын өсіріп, елтіріні өңдеу жұмыстарын жүргізу де шамамен осы кезеңде қолға алынған. Бірақ, қаракөл елтірісін өңдеудің даму белесі кейінгі кезеңдерге сәйкес келеді. Яғни, алпысыншы жылдардың бас кезінде Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты құрылып, бірқатар өңірлерде мамандандырылған кеңшарлар ашылған. Атап айтар болсақ, мұндай шаруашылықтар Шымкент (қазіргі Түркістан), Қызылорда, Жамбыл, Атырау, Маңғыстау облыстарында құрылған. Кеңшарлар саны сол кезде жүзден асып, Шымкент қаласында қаракөл елтірісін өңдейтін ірі қаракөл зауыты іске қосылған. Тіпті, сексенінші жылдардың басында елдегі өндіріс өркендеп, КСРО-да өндірілетін қаракөл елтірісінің 36 пайызы Қазақстанға тиесілі болған еді.

Аталған өнеркәсіп түрінен түсетін пайданың көл-көсірлігі өзге елдердің дәл осы салаға қызығушылығын туғыза бастады. Одақ тұсында Түркіменстан мен Ресейдің жекелеген облыстары Шопан ата түлігінің осы тұқымын өсіруді көптеп қолға алған.

Жоғарыда жазғанымыздай, еліміз қаракөл елтірісін өндіруден кезінде алдыңғы қатарға шыққан. Дайын өнім жасап, оның үштен бір бөлігі шет елдерге сатылған. Нәтижесінде ел экономикасына едәуір пайда әкелген. Елде қалған өнім тон тігу үшін Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларға жолданып отырған.

ЕЛІМІЗ ҚАРАКӨЛ ҚОЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫНАН ҚАЛАЙ КӨЗ ЖАЗЫП ҚАЛДЫ?

Мал шаруашылығы саласының ішінде қаракөл қойын өсіріп және баптауға ерекше дағдыланған аймақ Қызылорда өңірі болды. Бұған ең алдымен жоғарыда атап өткеніміздей, ауа райының жайсыздығы себеп еді. Ыстық пен құрғақ аймаққа төзімді жануарды сулы, нулы ортаға апарып өсірсе, өнімнің құндылығы кемуі мүмкін екенін растайды мамандар. Қызылорда өңірінде қаракөл тұқымын өсіру бір кездері күріш өсіруден кейінгі орындағы кәсіп түрі саналған. Мысалы, аймақтағы 60 совхоз күріш өсіруге бейімделсе, 30 кеңшар қаракөл қойын өсірумен айналысқан. Әрбір шаруашылықта 40-60 мың бас ерекше тұқымды қой өсірілсе, облыс бойынша қаракөлдің жалпы саны 1,5 млн басқа жеткен. Сол кездерде арнайы өнім шығарған Шымкент зауытының жылдық айналымы бүгінгі күнмен есептегенде 20-25 млрд теңгені құраған. Қаракөл қойының күтімі де шаруалар үшін аса қиындық туғызбайтын. Терімен қоса еті мен жүнінен де жақсы табыс түсетін. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген мақал осындайда айтылса керек.

Еліміз азаттық алғаннан кейін жағдай күрт өзгерді. Себеп – социалистік басқару жүйесінің «жаңа талаптары». Тарқатып айтайық.

Бұрын шопандар совхоз малын жаз жайлауда, қыс қыстауда бағып, сол үшін тиісті жалақысын алатын. Ал, Үкімет оларға қаракөл терісін, етін, жүнін алудан жоғары көрсеткішке жетуді тапсыратын. Жоспарды артығымен орындағандар арнайы марапатталатын. Содан  шопандар  жаңа  әдіске  көшеді.  Өнімді көбейту үшін мал шаруашылығында гормоналды дәрілік зат ретінде қолданылатын биенің сарысуын пайдалана бастайды. Қаракөл қойлары қалыпты жағдайда бір қозыдан көбейіп отырады. Екі қозы туылған жағдай ілуде бір кездеспесе, ондай көп бола бермейтін. Жетпісінші жылдары әр жүз аналықтан 180-200 қозы алған шопандар газет бетінен түспей, көпшілікке «үлгі» етілетін.

Сонда бұл қалай мүмкін болды? Айтайық. Шопандар әлгінде айтқан дәрілік затты шамадан тыс пайдалануға көшкен. Қой басы артып, одан алынатын өнім көбейгенімен, бұл тактика құнарлы қой тұқымының сапасын төмендетіп жіберген. Жоғары өнім алуға, орден мен медальге, ақшалай сыйлыққа деген адамдардың ашкөздігі қаракөл қойына кесірін тигізіп, сапасын кеміткен. Мұны дер кезінде түсінген сол кездегі Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков бие сарысуынан жасалатын дәрілік затты қаракөл қойына беруге тыйым салған.

Қызылорда облысы ғана емес, республиканың сол кездегі алға қойған мақсаты біреу болды. Ол – қаракөл тұқымын өсіруді барынша шекті деңгейге жеткізе отырып, қой шаруашылығынан алда тұрған Өзбекстанды басып озу. Бірақ, бүкілодақтық қаракөл өндірісінің жартысына ие болу жоспары орындалмады. КСРО ыдырағаннан кейін асыл тұқымды қойлардың көпшілігі еттілік бағытта өсіріле бастады. Ет өніміне сұраныс артып, қой шаруашылығы осы бағытқа басымдық берді. Тіпті, Араб елдері қаракөл қойларын терісі үшін емес, майлылығы аз, құнары молдығына қызығып сатып алады екен. Нарық заманында күнкөріс деп өз пайдасына жүрген шаруалар да қойдың етті-майлы тұқымын көбейтуді қолға ала бастаған.

ҚАЗАҚТАР ЖОҒАЛТҚАН, ӨЗБЕКТЕР САҚТАҒАН…

Қаракөл қойын өсіруден бір кездері көш бастаған өңірлерде кейінгі кезеңдерде де аталған саланы жандандыруға талпыныстар болған. Бірақ, әзірге еш нәтиже жоқ. Ал, көршілес өзбек ағайындарда өнеркәсіп бұрынғыдай қарқын алмаса да, елтірі өңдеу кәсібі тұрмыстан біржола шығып қалған жоқ. Әсіресе, Өзбекстанда тұратын қазақтар ерекше тұқымды қой шаруашылығын жандандырып отыр. Мұнда қазіргі таңда да қаракөл елтірісінен киім-кешек пен бас киім тігетін кәсіпорындар жұмыс істейді. Ал, елге сырттан келетін туристер көздің жауын алатын өнімдерді жоғары бағада сатып алады.

Ала шапанды ағайындар тігуге дайын тұрған өңделген теріні экспортқа да шығарады. Ресми деректерге сүйенсек, бір ғана «Бұқара қаракөлі» ЖШС  жылда 30 мың тері өткізіп, оның әрқайсысын 250-300 долларға пұлдайды. Қолда бар байлықты ұтымды пайдалану үшін өзбек үкіметі арнайы заң жобасын да қабылдаған. Ол бойынша қой басын көбейту мен аталған саланы ғылыми негізде жетілдірудің, шикізатты өңдеудің түрлі тәсілдерін ұйымдастыру жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Тіпті, қаракөл қойынан көл-көсір пайда тауып, ел экономикасын өркендетуге үлес қосушыларға қолдау көрсететін арнайы қор да құрылған.

Сараптамамызды саралай келе, мақсатымыз біреуге сын айтып, мін тағу емес екенін баса айтқымыз келеді. Десек те, еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарының аса бағалы қой тұқымын көбейтуге деген зор әлеуеті қолға қалам алып, мәселені көтеруіміге себеп болды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті төрағасының сөзімен түйіндесек, «Қазақстан аграрлық ел болғанына қарамастан, бізде тері дайындау және өңдеу жөніндегі кәсіпорындар қалған жоқ деп айтуға болады. Бұдан басқа, республикамыз өзінің артықшылықтарын, яғни тері өндіру бойынша Орталық Азиядағы үстем жағдайын – географиялық жағынан қолайлы орналасуын (үлкен Қытай нарығына жақын болуы) пайдалануы тиіс. Мұның барлығы Қазақстанға бүкіл Орталық Азияда тері шикізатын өңдеу жөніндегі өңірлік процессингтік орталықтың орнын иеленуге мүмкіндік береді».

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қарап тұрсаңыз, туғанына үш күн болған қозыны көзін жәудіретіп терісі үшін сойып салу жан түршіктіреді. Бірақ, дінімізде көрсетілгендей, жануарда жазық болмаса, адамға азық керек. Бір жағынан жануарды аяу да орынсыз. Тек сала мамандары санын реттеп, өңдейтінін өңдеуге жіберіп, қой басын азайтып алмауды ескеріп отырса болғаны.

Бүгінде қой саны жылдан жылға азайып, жүні мен терісі тіпті пайдаға асудан қалып барады. Мамандардың айтуынша, басты себеп – мемлекет тарапынан қолдаудың аздығы. Сондай-ақ, халық арасында өндірістен гөрі нақты өнімге сұраныс артқан. Яғни, ет өніміне сұраныс көбейген. Нәтижесінде қой шаруашылығының осы бағытына қарай ойысу орын алған.

Десек те, әлем бір орында тұрған жоқ. Күн санап әлеуеті артып тұрған елдерге ілесіп отыру керек. Ол үшін даму, жаңа өнеркәсіп, өндіріс түрін тауып, әлемдік нарықта сұранысқа ие болу маңызды. Яки, «қолда бар алтынның қадіріне жету» қажет. Бір ел ғана емес, түгел әлем барынша техника мен өндіріс жолына, кәсіпкерлікке бет бұрған қазіргідей кезеңде қойдың басын мүжіп, сорпасын тоя ішумен шектелу аздық етеді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here