G20 елдерінің жартысы Ресейдің саясатына неге қарсы шықпады?

0
1890

«Қарусыздандыру» және «ұлтшылдардан тазарту» үшін жасалатын «арнайы операция» деген желеумен 24 ақпанда Владимир Путиннің бұйрығы бойынша Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін әлем елдері үшке бөлінді. Оны 24 наурыздағы Ресейден Украинадағы соғысты тоқтатуды талап еткен БҰҰ Бас ассамблеясының резолюциясына дауыс беру нәтижесінен де байқауға болады. Мысалы, БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің 140-ы резолюцияны «қолдап» дауыс берсе, Ресеймен бірге бес мемлекет (Беларусь, Солтүстік Корея, Сирия, Эритрея) «қарсы» дауыс берді, 38 мемлекет (арасында Қазақстан да бар) қалыс қалды. Ал, Украинаға қаржылық, әскери көмек көрсетуде, Ресейге санкция салуда «Үлкен жетілік» (G7) пен Еуропалық Одақ елдері жұдырықтай жұмылғаны көрініп-ақ тұр. Дегенмен, «Үлкен жиырмалық» (G20) елдерінің жартысы Украинаға басып кіргені үшін Ресейге санкциялар салмады және Батыс елдерінің Кремльді әлемдік қауымдастықтан оқшаулауға деген ұмтылысын қолдамады. Сонда Мәскеуден қаймығып отырған қай елдер? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сұрақтың жауабын іздейді.

Күні кеше 41 жылдық тарихы бар америкалық Bloomberg ақпарат агенттігі «АҚШ-тың Ресей мен Қытайды оқшаулауға деген ұмтылысы сәтсіздікке ұшырады» деген тақырыппен мақала жариялады. Ақпарат агенттігінің жазуынша, G20 елдерінің көпшілігі Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге көмектеспесе де, оның экономикалық оқшаулануына қарсы шыққан. Мәселен, Ресейді есепке алмағанда «Үлкен жиырмалықтың» 9 елі Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Франция, Жапония мен АҚШ-тың басын біріктірген «Үлкен жетілік» пен кәрі құрлықтағы 27 мемлекетті бір шаңырақ астына жинаған Еуропалық Одақтың Путиннің сыртқы саясатына қарсы ұстанымдарын қолдаған жоқ. Айталық, Мексика, Аргентина, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы, Түркия, Сауд Арабиясы, Қытай, Үндістан, Индонезия елдері Мәскеудің қас-қабағына қарайды.

Bloomberg тілшісінің пікірінше, жоғарыда аталған 9 алпауыт елдің мұндай ұстанымы G7 ұсынған Ресей мұнай-газының бағасын шектеу сияқты жаһандық бастамаларды жүзеге асыруды қиындатады және Владимир Путин мен оның басты серіктесі саналатын Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің жаһандық жоспарларын жүзеге асыруларына жол ашады.

Еуропалық Одақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррельдің пікірінше, Еуропалық Одақ пен G7 елдері сияқты G20 елдерінің кейбір мүшелері Украинадағы соғыс үшін Ресейге ашық қарсы шығуға дайын емес. Өйткені, олар Украинаның аумақтық тұтастығын қолдағанымен (Боррель наурыз айындағы БҰҰ Бас ассамблеясының резолюциясына дауыс беру кезінде 140 мемлекет Ресейдің агрессиясын айыптағанын және Ресейден басқа G20 мүшесі бұл қарарға қарсы шықпағанын еске салды), экономикалық мүдде жолында Ресеймен қарым-қатынасын сақтауды артық көреді.

Мәселен, Қытай, Үндістан, Түркия мен Индонезия елдері Ресейдің мұнай-газына тәуелді. Әрине, Үндістан мен Индонезияға алыстағы Ресейден тасымалдағанша, уақытты үнемдеу мақсатында өзіне жақын орналасқан Сауд Арабиясы, Кувейт, Катар сияқты елдерден мұнай-газды сатып алған тиімді саналады. Бірақ, Еуропалық Одақ ресейлік мұнай-газдан жаппай бас тартып жатқанда Мәскеу үшін халқы көп азиялық нарықты қалайда ұстап қалу маңызды. Сондықтан Ресей өзінің мұнай-газын Азия елдеріне нарықтағы бағадан төмен саудалап жатыр. Қазір әлем халқының 40 пайызы шоғырланған «Үлкен жиырмалықтың» төрт елі – Түркия, Үндістан, Қытай мен Индонезия Ресейдің мұнай-газын су тегін бағада сатып алып жүр. Яғни, Ресей мұнай-газына тәуелді Еуропалық Одақтың 27 елі Украина тұтастығы үшін энергетика тапшылығына қарамастан, Мәскеуге санкция салып, ресейлік мұнай-газдан бас тартып жатқанда, «Үлкен жиырмалықтың» тоғыз елі өзінің экономикалық мүддесі үшін жазығы жоқ украиналықтардың өмірін құрбан етуге дайын болып шықты.

Рас, Ресей Украинаға басып кірген күннен бастап Батыс елдері Ресейге мыңдаған санкция салып, ресейлік экономикаға айтарлықтай соққы беріп келеді. Батыс елдерінің жүздеген компаниясы Ресейдегі қызметін де тоқтатты. Кейбірі елден кетті. Бұл Ресейдің ішкі өндірісіне де, тауар тасымалдауына да кедергі келтіреді. Дегенмен, санкция құрсауында қалған Мәскеуге азиялық бағыттағы мұнай-газ экспорты тығырықтан шығуға мүмкіндік береді. Осыны жақсы түсінген Еуропалық Одақ пен G7 елдері «Үлкен жиырмалыққа» мүше әлемдегі «негізгі ойыншылардың» бірі саналатын Қытай мен Үндістанды Ресейдің әскери агрессиясына қарсы шығуға, ресейлік мұнай-газды шектен тыс сатып алмауға көндіре алмай әлектеніп жүр.

Айта кетейік, «Үлкен жиырмалық» немесе G20 – Аргентина, Аустралия, АҚШ, Бразилия, Германия, Индонезия, Италия, Канада, Қытай, Үндістан, Ұлыбритания, Мексика, Ресей, Түркия, Франция, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка Республикасы, Жапония, Сауд Арабиясы және Еуропалық Одақ сияқты экономикасы дамыған және дамушы елдердің үкіметтері мен Орталық банк басшыларының басын қосқан ұйым. Негізі 1999 жылы қаланған клубқа мүше елдерге әлемдік жалпы ұлттық өнімнің 85%-ы, әлемдік сауданың 75%-ы және әлем халқының үштен екісі тиесілі. Алдағы күзде, 15-16 қараша күндері Бали аралында G20 саммиті өтеді. «Үлкен жиырмалық» елдерінің басшыларын аталған саммиттің биылғы төрағасы Индонезия қабылдайды. G20 басшыларының он жетінші кездесуіне Германияның жаңа канцлері Олаф Шольц, Аустралия премьері Энтони Альбанезе, Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель және Борис Джонсонның «тағына» отыратын Ұлыбританияның (әзірге белгісіз) су жаңа премьер-министрі алғаш қатысады. Батыс елдері, соның ішінде АҚШ пен Канада Ресейді «Үлкен жиырмалықтан» шығарып тастауды ұсынғанымен, басқа елдер бұған келіспеді. G20 саммитінің биылғы төрағасы Индонезия президенті Джоко Видодо Ресей президенті Владимир Путинге 15-16 қараша күндері өтетін G20 саммитінің қадірменді қонағы болуға ресми шақырды.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here