Алматы апортын сақтап, сортын көбейткен Помологиялық баққа – 85 жыл

0
1525

Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Помологиялық бақтың 85 жылдығын атап өтті. Аталған мекеме 1937 жылы құрылған. Зертханалық бақ аумағының жалпы көлемі 140 гектардан асады. Әрине, ауқымды аумақты кәдеге жаратып, қазақ жеріне жерсінген жемістердің сортын сақтаған, селекция жасап, өнім көлемін және төзімділігін арттырған сала мамандарының еңбегі орасан зор.

85 жылдық еңбектің нәтижесі 16 қыркүйек күнгі «Жеміс-көкөніс шаруашылығы саласындағы ғылымды дамытудың өзекті мәселелері мен болашағы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда айтылды. Ауқымды шараға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы департаментінің директоры Азат Сұлтанов, ҚР АШМ Ғылым басқармасының бастығы Шәрбан Қосқараева, ҰАҒБО Ситуациялық-талдау орталығының жетекшісі Серік Сыдықов, ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – ректорының м.а. Қанат Тіреуов, Алматы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары Коюмчан Омаров, ҚазҰАЗУ ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Есенбай Исламов, Алматы апортын Алатаудың бөктеріне жерсіндірген Егор Редьконың ұрпағы Сергей Редько және ардагер ғалымдар қатысты.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек Помологиялық бақтың осы күнге дейін жеткен жетістігімен танысып, ғылыми-практикалық конференцияның отандық өнімді дамытуға маңызы зор екенін айтты. Себебі, ғалымдар тәжірибе алмасу арқылы, пікір алмасу арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізеді.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы жақсы айтты. Ауыл шаруашылығы министрлігіне нақты тапсырма берді. Себебі, қазіргі таңда астық дақылдарының ары кетсе 60 пайызын ғана өзіміз қамтамасыз етеміз, ал бақша дақылдары бойынша 90 пайыздан аса тұқымдарды шет елден импорт жасаймыз. Қазіргі таңда тұқым шаруашылығы орталығын құру жұмыстары министрлік тарапынан атқарылып жатыр. Жылдың соңына дейін нақты бағыттары айқындалады. Сонымен қатар, тұқым шаруашылығын субсидиялау бойынша келесі жылдан бастап жаңа субсидиялау ережелері пайда болады», – деді вице-министр.

Помологиялық бақтың байлығы да бір төбе. Осы күнге дейін селекционерлердің қажырлы еңбегінің арқасында бақ қорында 1 617 генотип сақталуда. Бұл Орталық Азиядағы ең үлкен қор болып табылады. Соның ішінде мемлекеттік сорттау сынағына алманың – 40, алмұрттың – 14, шиенің – 6, өріктің – 8, таңқурайдың – 4, қара қарақаттың – 6 сорты берілді.

Ғалымдардың айтуынша, Помологиялық бақтың 85 жылдық жұмысы нәтижесінде 5 мыңнан аса жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің ірі топтамасы құрылды. Қазір 1 700-ге жуық жеміс-жидек дақылдары және жүзімнің отандық, шетелдік ескі және жаңа сорттары бар. Еліміздің географиялық жағдайына жерсіндірілген 300-ден аса жеміс-жидек дақылдары мен жүзім сорттары, алмаға арналған бір клонды телітуші шығарылды.

Конференцияға қатысқан ғалымдардың ендігі мақсаттарының бірі – Апорттың отаны Алматы екенін әлем бойынша дәлелдеу. Осы орайда олар бірқатар ғылыми еңбектерді жіпке тізді.

«Мемлекеттік тізбеге енген 20 алма сорты бар. Олардың ішінде болашағы зор болып саналатын Күләш, Қымбат, Дәурен, Мақсат, Восход және тағы басқа сорттар бар. Жидек дақылдарына Қызыл шие, Ләззат, Байлық сорты және жүзім сорттарына Мускат, Мерейтой-50, Мұқағали-90 деп атау берген. Бұл – осындағы селекционерлер еңбегінің  жемісі. Осы Апорт сортын Қазақстан өңіріне бейімделген, тек қана Алматы облысының теңіз деңгейінен 700-1 200 метр аралығында өсетінін дәлелдеп, әлемдік деңгейде осы жерге бейімделген сорт ретінде атап өткіміз келеді. Сол үшін арнайы жоба жасап жатырмыз. Егер ол жобаны ұтып алатын болсақ, әрі қарай апорттың географиялық түрде осы жерде өседі деген деңгейді аламыз», – деді Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Басқарма Төрағасының орынбасары Сәуле Қазыбаева.

«Ұрпаққа мал қалдырғанша, тал қалдырған» ғалымдардың еңбегі ерен. Оны табиғат аясында өткен конференцияға қатысушылар өз көздерімен көрді. Нақтырақ айтсақ, ғылыми-тәжірибелік жиын аясында бақтың өнімдерінен көрме ұйымдастырылды. Онда алманың, жүзімнің, алмұрттың және басқа да жеміс-жидектердің алуан түрі қойылған. Ғалымдардың алға қойған мақсаттарының бірі – Помологиялық бақ өнімдерін еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізіп, ауыл шаруашылығындағы ішкі сұранысты толық қамтамасыз ету. Помологиялық бақтан тұқым алып, оны баптап, өсіру керектігін үйреніп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен бағбандар ағылып жатса,  қандай ғажап!

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here