Татулық пен келісімнің киелі бесігі

0
502

14-15 қыркүйек күндері Елорданың төрінде төрткүл дүниенің дінбасылары бас қосып, пәтуалы кеңес құруы – әлем жұртшылығын тағы бір елең еткізді. Татулық пен бейбітшіліктің бесігіне айналған Астанаға әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары осымен жетінші рет келді. Съезге әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация қатысты. Рим папасы Францисктің жиынға арнайы Ватиканнан келуі шараның маңыздылығын арттырды. Жалпы съезд барысында конфессиялардың діни көшбасшылары, соның ішінде бұрын айналасымен күрделі қарым-қатынаста болған ұйым жетекшілері бір үстелге жиналды. Осылайша, діни лидерлер ізгі ниеттің, кез келген айырмашылықты еңсеруге дайын болудың үлгісін көрсетті. Демек, қазіргідей аумалы-төкпелі заманда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІІ съезі мәдениеттер мен өркениеттер диалогына айналғанын тағы бір дәлелдей түсті.

15 қыркүйек күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің жабылу рәсіміне қатысты. Жиынның жабылу рәсімінің алдында Қорытынды декларация жарияланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев форумның екі күндік жұмысын қорытындылай келе, қазақ жері осы күндері түрлі мәдениеттердің сындарлы сұхбат орталығына айналғанын атап өтті. Өйткені, әлемнің беделді дінбасылары осы жерде бір шаңырақтың астына жиналды. 

«Шын мәнінде, бәріміздің мақсатымыз – бір. Бұл – өркениеттер үндестігін орнату және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту. Съезде көптеген салмақты ой, салиқалы пікір айтылды. Оның бәрі біздің үйлесімді әлем құру жолындағы іс-әрекетімізге оң ықпалын тигізеді деп санаймын. Біздің бастамамызға қолдау көрсетіп, Съезге арнайы келген діни көшбасшыларға, саясаткерлер мен халықаралық ұйым өкілдеріне алғыс айтамын. Сондай-ақ, форумды өткізуге белсене атсалысқан дипломаттарға, волонтерлерге, журналистер мен басқа да азаматтарға ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Рим Папасы Францискке елімізге тарихи сапар жасап, Съезд жұмысына қатысқаны үшін тағы да ризашылығын білдірді. 

«Сіздің әлемдік қоғамдастыққа үндеуіңіз бүкіл әлемдегі миллиондаған адамдарға үміт пен сенім сыйлады», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Съездің қорытынды құжатына ерекше назар аударды.

«Біздің ортақ міндетіміз – Декларацияның концептуалды ережелері мен идеяларын дәйекті түрде ілгерілету. Сонымен қатар, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Құжатта біздің форумның ықпалын одан әрі күшейтудің нақты қадамдары мен кезеңдері қамтылуы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстан өзінің ішкі және сыртқы саясатының басымдықтарына сәйкес, Съездің дәйекті қызметін толықтай қолдайтынын атап өтті. 

Съездің жабылу рәсімінде Рим Папасы Франциск, «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб, Мәскеу Патриархатының Сыртқы шіркеулік байланыстар департаментінің төрағасы, Волоколамск митрополиті Антоний, Сауд Арабиясы Корольдігінің Ислам істері, уағыз және насихат жөніндегі министрі шейх Абдуллатиф бен Абдулазиз Абдрахман Әл аш-Шейх,  Израильдің Бас ашкеназ раввині Давид Лау, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйледі.

Айта кетейік, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сьезі 2003 жылдан бері үш жылда бір рет ұйымдастырылады. Сол уақыттан бері 2003, 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары өтті. Пандемияға байланысты былтырғы жиын биылғы қыркүйекке қалдырылған болатын.

Қали ҚАМБАРОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here