Қазақстандық ғылым: Идеядан іске асыруға дейін

0
1013

Жасанды интеллект пен нейрожелілердің дамуы, ғарышты игерудің қарқындауы, вакциналардың пайда болуы… Бұл – соңғы жылдардағы ғылымның толағай табыстары һәм жаңа жетістіктердің бір парасы ғана. Әлемдік ғылыми ашылулар мен өнертабыстар адамзат дамуына соны серпін беруде. Алдыңғы қатарлы алпауыт мемлекеттер ғылымға қыруар қаржы бөліп, тың технологияларға жете назар аударуда. Қайтарымы да қомақты. Шыққан шығын еселеніп, қазынаға құйылуда. Қазақстан да замана көшінен қалмай, ғылыми зерттеулерге басымдық бере бастады. Соңғы жылдары ел билігі ғылымды дамудың негізгі тетігіне айналдыруға білек сыбана кірісті. Ғалымдарға қолдау көрсетіліп, ілкімді ізденістерге жол ашылуда. Жүйелі жобалар мен тиімді бағдарламалар қабылдануда. Ғылымға бет бұрған жастардың қарасы көбеюде. Жақсы үрдіс, оң тенденция. Ал бастаманың нәтижесі қалай болмақ? Бюджеттің қомақты қаражаты жұмсалған отандық ғылымның келешегінен не күтеміз? Қазақстанда ғылыми идеяны іске асыру мүмкін бе? Таразылаймыз.

«ҒЫЛЫМНЫҢ ДАМУЫ ТҰРАЛАДЫ…»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында ұзақ жылдар бойы елімізде ғылымды дамытуға жете назар аударылмағанын ашып айтты. Салдарынан саланың дамуы тұралап, түйіні тарқатылмаған түйіткілді мәселелер қордаланған.

 «Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу. Қазақстан үйренетін емес, үйрететін, тұтынатын емес, өндіретін мемлекетке айналуға тиіс. Бұл міндет бос сөз күйінде қалмауы керек. Ол үшін біз әрдайым батыл қимылдап, бір қадам алда жүруіміз қажет. Жұмысты дұрыс үйлестіре алсақ, бұл шаруа біздің қолымыздан келетіні анық», – деп атап өтті Президент.

Мақсат – айқын, меже – биік. Мемлекет басшысының алға қойған міндетін нәтижелі еңсеру үшін бірқатар істер қайта сарапталып, терең талдау жүргізілді. Саланың майталман мамандарымен бірлесіп басты тетіктер таразыланып, негізгі бағыттар екшелді. Атап айтқанда, ғылымды қаржыландырудың механизмдері іске қосылып, ғылыми-зерттеу мекемелерінің инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Бұдан бөлек, ғалымдарымыздың әлемнің беделді ғылыми орталықтары мен оқу ордаларында білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыруға маңыз беріле бастады.

Десе де бұның өзі тұралаған ғылымның көсегесінің көгеріп, асығының алшысынан түсуіне жеткіліксіз. Нақтырақ айтқанда, бүгінде Қазақстанда ғалымдардың зерттеулерін кәдеге жаратып, өндіріске енгізетін кәсіпорындар жоқтың қасы. Ынта танытқан демеушілер де байқалмайды. Отандық өндіріс ошақтарының басым бөлігі шикізат пен табиғи ресурстарға тәуелді. Осы уақытқа дейін елімізде нано және биотехнология саласына негізделген бірде-бір өндіріс орны ашылмаған.

«Ғылымның озық салалары бойынша тым артта қалып келе жатырмыз. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі. Ғылым саласы ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде аса маңызды рөл атқаруға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы салаға білікті кадрлар тартудың да маңызы жоғары екенін атап өтті. Енді жыл сайын докторантураға қабылданатындардың саны 5 мыңға дейін жеткізіліп, ғылымдағы жастардың үлесін арттыруға маңыз берілмек. Сонымен қатар, ғалымдар мен жоғары оқу орны оқытушыларының ғылыми дәрежесі мен атағына қарай төленетін үстемеақыны 1 жарым есе көбейту де көзделіп отыр. Осы орайда айта кетерлігі, бүгінде елімізде ғылыми-зерттеу жұмысын орындайтын 400-ден астам мекеме бар. Аталған ұйымдарда 22 мыңға жуық ғалым жұмыс істейді. Мамандардың 35 пайызының ғылыми немесе академиялық дәрежесі бар. Соңғы жылдары саладан жастардың кету процесі байқалады. Мәселен, 2022 жылы 25 жасқа дейінгі мамандар саны 5 пайызға кеміген. Басты себеп – жалақының мардымсыздығы.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазақстандық білім алушылардың 90 пайызы бакалавриатта, 8-9 пайызы магистратурада және бір пайызы докторантурада оқиды. Жыл сайын орташа есеппен 900-ден астам докторант, 20 мыңға жуық магистрант даярланады. Түлектердің басым бөлігі өзге салаларда жұмыс істеуді жөн көреді.

Қазіргі күнде жауапты ведомствоның алдында ғылым саласындағы жастардың үлесін арттыру міндеті қойылып отыр. Кадрлық әлеуетті арттыру – саланың қарышты дамуына әсер етіп қана қоймай, жоғары білікті ғалымдар мектебін қалыптастыруға септігін тигізетіні белгілі. Осыған орай жастарды ғылымға тартуға ынталандыруға басымдық берілуде.

Соңғы жылдары ғылымға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ғалымдардың көбейіп кеткені де салаға кері ықпалын тигізуде. Алдағы уақытта осындай азаматтарға «бармақ басты, көз қыстымен» оңды-солды ғылыми атақ беруге түбегейлі тоқтау салынады. Жұмысы жаңаша жүйеленген Ұлттық ғылым академиясы бұл мәселені ерекше назарда ұстамақ.

ҚЫРУАР ҚАРЖЫНЫҢ ҚАЙТАРЫМЫ ҚАНДАЙ?

Соңғы алты жылда ғылымға бөлінген қаржы 70 пайызға жуықтаған. Мысалы, «Ғылымды дамыту» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде 2020-2023 жылдары аралығында 249,5 млрд теңге жұмсалған. Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратына сенер болсақ, қаржының 91 пайызы игерілген. 2023-2025 жылдары ғылымның көсегесін көгертуге қарастырылған сома мөлшері 643 млрд теңге көлемінде. Ал 2024-2026 жылдарға көзделген бюджет тағы да 13 пайызға артып, 730 млрд теңгені құрап отыр.

Бюджеттің қыруар қаржысы ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыруға, гранттық қаржыландыруға, ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдар қызметін қамтамасыз етуге, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға және өзге де мақсаттар үшін жұмсалмақ.

Бұдан бөлек, ғалымдардың әлеуметтік мәселесін жақсартуға да басымдық берілуде. Атап айтқанда, ғылыми қызметкерлердің еңбекақысын арттыру, баспанамен қамтамасыз ету және арнайы гранттар мен стипендия тағайындау мәселесі басты назарға алынып отыр.

Жуырда Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банкі» бірлесіп ғалымдарға қолжетімді шарттармен баспана алудың жаңа бағдарламасын іске қосты. «Отбасы банкі» 5 жылға есептелген бағдарламаға шамамен 16,6 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Жобаға 40 жасқа дейінгі ғалымдар қатыса алады. Бағдарлама арқылы жыл сайын шамамен 100 жас маман басыбайлы баспанаға қол жеткізе алмақ.

Бәсекеге қабілетті еңбекақы – саланы тартымды етудің бірден-бір жолы. Бұл ретте ғалымдардың жалақысын кезең-кезеңімен арттыру көзделген. 2022 жылы ғылым саласындағы төменгі жалақы мөлшері 257 мың теңгені құраса, бүгінде 300 мың теңгеден басталады. Алдағы уақытта да жыл сайын 20 пайызға өсе бермек. Сондай-ақ, ғылым саласының қызметкерлерін ынталандыру мақсатында 2021 жылдан бастап «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы тағайындалды. Сыйақы мөлшері 6 млн теңгені құрайды. Марапат жыл сайын ғылым мен техниканы дамытуға үлес қосқан 50 ғалым мен ғылыми қызметкерге тұрақты түрде беріледі. Былтырдан бастап докторанттардың шәкіртақысы 82 мыңнан 195 мыңға көбейді. Алдағы уақытта докторантура бойынша мемлекеттік білім беру тапсырыстарының да саны артпақ.

ИГІ ЖОБАЛАР ЖЕТІСТІККЕ ЖОЛ АШАДЫ

Қазақстандық ғылымның тартымдылығын арттыру және қолдау мақсатында қолға алынған игі бастаманың бірі – «Жас ғалым» ұлттық жобасы. Бағдарлама шеңберінде үздік деп танылған жас ізденушілердің ғылымның бірнеше басым бағыттары бойынша зерттеулері гранттық қаржыландырылады. Олардың қатарында су ресурстарын пайдалану, экология, ақпараттық, коммуникациялық және ғарыштық технологиялар, энергетика және машина жасау сынды маңызды салалардағы зерттеулерге басымдық берілген. 2023-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаға 86 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар, бағдарлама аясында постдокторанттарға зерттеу жүргізу үшін 1 мың грант конкурстық негізде тағайындалмақ.

Ал «500 ғалым» бағдарламасы аясында қазақстандық ғалымдардың әлемнің жетекші ғылыми және жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 3 айдан бір жылға дейін тағылымдамадан өтуі қарастырылған.

Біліктілігін жетілдіруге арналған ұйымдардың қатарында халықаралық рейтингтерде көш басында тұрған шетелдік университеттер, ғылыми-зерттеу мекемелері мен орталықтары бар. Бағдарлама басталған уақыттан бері мыңнан астам ғалым стипендия иегері атанып, кәсіби құзіреттілігін арттыруға мүмкіндік алған. Жоба шеңберінде мамандар шетелдік ғалымдармен бірлескен зерттеулер жүргізіп, тәжірибе жинақтайды.

Бағдарлама 134 мамандықты қамтиды. Олардың қатарында инженерлік, жаратылыстану, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар салалары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, медицина, өнер, білім, өнеркәсіптік кешен, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласы бар. Мемлекет стипендиаттардың визаны рәсімдеу, медициналық сақтандыру, жүріп-тұру шығындарын өтейді және ай сайын стипендия төлейді.

Кешенді қолдау мен қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылға қарай жас ғалымдардың үлесін кемінде 50 пайызға арттыру көзделген.

ОТАНДЫҚ ҒЫЛЫМНЫҢ ШЫРАҒЫН ЖАҚҚАНДАР

Мемлекет басшысы болашақтағы ғылымның жаңа үлгісі мемлекет пен бизнестің өзара ынтымақтастығына негізделуі тиіс екендігін айтты. Бұл қадам елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді оңтайлы шешуге ықпал етеді және қомақты қаржылай гранттарға псевдоғалымдардың оңай олжа яки «майшелпек» ретінде қарауына тосқауыл қояды.

Сондай-ақ, алдағы жылдары Қазақстанда ғылыми-жаратылыстану, инженерлік-технологиялық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы әлеуеті зор ғылыми орталықтар мен институттар ашылмақ. Бүгінде іргелі зерттеулерді жүргізіп жатқан бірнеше ғылыми институттардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға назар аударылып, қосымша қаржы көздерінің тартылуы – осы игілікті істің басы ғана.

 «Ғылыми-зерттеу институттарын бюджеттен тікелей қаржыландыру қажет. Олардың инфрақұрылымы жаңғыртылып, заманауи зертханалар салынуға тиіс. Ғылыми зерттеу институттарының жұмысы қаншалықты тиімді екеніне талдау жасау керек. Жас ғалымдар онда ықыласпен жұмыс істеуі үшін жағдай жасау қажет», – деп атап өтті Президент.

Осы ретте мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ғылым жолында ілкімді жұмыстарды жүзеге асырып жатқан жандар туралы айта кетуді жөн көрдік.

Жас ғалым Жандос Керімқұлов ауыл шаруашылығы саласындағы стартап жобаны ойлап тапты. Оның Egistic атты бірегей бағдарламасы фермерлерге егістік алқаптарындағы азот мөлшері, топырақтың ылғалдылығы мен түскен қардың қалыңдығы арқылы егін түсімін нақты болжауға мүмкіндік береді. Құрылғы деректері NASA және Еуропа ғарыш агенттігінің мәліметтері негізінде қалыптастырылған.

Ал Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің физиолог-генетиктері еліміздегі мегаполистердің ауасын инновациялық әдістер арқылы тазартуды қолға алмақ. Ол үшін ірі қалаларда зиянды қалдықтарды қарқынды сіңіретін өсімдіктер мен қылқанжапырақты ағаштарды көптеп өсіру қажет. Бүгінде ғалымдар университеттің шағын тәжірибе алаңында ауаны тазартуға бағытталған ғылыми жұмыстарды жүргізуде.

Бірер жыл бұрын отандық ғалымдар әлемдік сенсациялық жаңалық ашты. Атап айтқанда, ізденушілер ең берік металл саналатын титанды ыдыратудың тың әдісін тапты. Зерттеу жұмысы қырық жылға жуық уақыт бойы үздіксіз жүргізілген. Ұзаққа созылған еңбек еш кетпеді. Әлемнің танымал ғалымдары қазақстандықтардың ғылыми жаңалығын үздік деп бағалап, оны өндіріске тездетіп енгізуді құп көрген. Мамандардың айтуынша, өнертабыс әлемдегі миллиардтаған тоннаға жуық титан қалдықтарын түбегейлі жойып, қоршаған ортаны өндірістік қоқыстардан арылтуға мүмкіндік береді.

Микробиолог Дамира Қанаева қатерлі ісік пен туберкулезді бастапқы кезеңдерде дәл анықтауға мүмкіндік беретін оптикалық биосенсор жасап шығарды. Инновациялық құрылғының басты ерекшелігі – дертті бар-жоғы жарты сағаттың ішінде айқындауы. Бұл уақыт үнемдейді және жылдам емдік шараларды қабылдауға септігін тигізеді. Бүгінде жоба ғылыми айналымға түсіп, өнертабыс авторы арнайы патентке ие болды. Алдағы уақытта құрылғыны өндіріске енгізу жоспарланып отыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бірер жыл бұрын құрамында 50-ден астам америкалық жетекші жоғары оқу орны бар Silence Coalition қауымдастығының мүшелері АҚШ Конгресіне ғылымды дамытудың маңызын егжей-тегжейлі қаузаған арнайы хат жолдады.

Хатта Гарвард, Стэнфорд, Принстон сынды беделді университеттердің маңдайалды ғалымдары былай депті: «Егер де АҚШ инновациялық технологиялар бойынша әлемдегі көшбасшылық позициясын сақтап қалғысы келсе, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, толыққанды жұмыс орындарын көптеп ашуды қаласа, онда оның бірден-бір жолы бар. Ол – ғылымға басымдық беру, ғылымды мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың біріне айналдыру».

Тақырыпқа тұздық ретінде айтар болсақ, бүгінде Құрама Штаттардағы ғылым саласындағы қаржы айналымы миллиардтаған долларды құрайды. Технологиялық ірі корпорациялардың құны триллион долларға жетеғабыл.

Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here