Зымыран уақыт. Қазақстан тарихында «Қаралы қаңтар» атымен қалатын оқиғаға санаулы күндерден кейін жыл толады. Оның төл тарихта өшпес із қалдыратыны сөзсіз. «Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді. Осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің көктемгі Қазақстан халқына Жолдауында. Ал, өткеннен сабақ алу мен тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың міндеті.
Бүгін Алматыда Президенттің қатысуымен «Тағзым» мемориалы ашылды. Жоба авторлары – қазақстандық жас сәулетшілер Алексей Ивженко және Ғайни Сағидуллаева. Сәулет кешені әртүрлі түстен тұратын төрт эмоционалды-архитектуралық бөлікке бөлінеді. Атап айтқанда, ақшыл сұр бөлігі еңсеруді, қара түс қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелең мен үрейді бейнелейді, ал сұр бөлігі – құрбан болғандар мен адам шығынының символы, ақ түс тұрақтылық пен дамуға ұмтылуды, қоғамның әл-ауқатын, ұлттың өзін-өзі тануын, күш пен әділетті мемлекетке деген сенімді білдіреді. Әр бөлікте халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған тастар мен стеллалар орнатылған.
Расында, Қаңтар оқиғасы Қазақстан үшін сынақ пен сабақ болды. «Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық». Қиын сәтті бірлесе еңсере білдік, сынақтан сүрінбей өттік. Енді өткеннен сабақ алу мен оның алдын алудың қамына кірісу керек. Ал, «Тағзым» мемориалы «еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ» екенін, «татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды» екенін тағы бір еске салып тұратыны сөзсіз!