Ұстаздар ұстаханасында Дархан Жазықбаймен кездесу өтті

0
1229

Бүгін, 20 наурызда Абай атындағы ҚазҰПУ-да ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың білім алушылармен кездесуі өтті. Іс-шара Абай университетінің бітіруші курс студенттері, магистранттары, докторанттарының және жас мемлекеттік қызметшілерінің басын қосып, диалог пен тәжірибе алмасудың бірегей алаңын құрды.

Кездесу барысында Дархан Жазықбай жастардың ел болашағын қалыптастыруға белсенді қатысуының маңыздылығына тоқталып, ағымдағы және перспективалық міндеттерді тиімді шешуге бағытталған мемлекеттік қызметті дамытудың негізгі бағыттарын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет моделін әзірлеу, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету, жастарды осы салаға тарту, адами капиталды дамыту, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, жас мамандарды кадр резервіне және Мемлекеттік қызметке қабылдау мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Мемлекеттік істерді басқару саласындағы өз тәжірибесімен және білімімен бөлісті, мемлекеттік қызметте мансаптық өсуге ұмтылған жастардың алдында тұрған сын-қатерлер мен перспективалар туралы баяндады. Іс-шараға қатысушылар сұрақтар қойып, өз пікірлерін білдіріп, құнды кеңестер алды.

Кездесуде мемлекеттік қызметке қабылдауға қойылатын біліктілік талаптары, облыстық маңызы бар қалалар мен ауылдық өңірлерді білікті жас кадрлармен қамтамасыз ету, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясындағы мүмкіндіктер, мамандарды әлеуметтік қолдау, мансаптық өсу моделі, кадрлардың жұмысын бағалау жүйесі,  олардың біліктілігін арттыру, кадр резервіне іріктеу, жас мемлекеттік қызметшілер мектебі, студенттердің өндірістік іс-тәжірибеден өтуі, мемлекеттік басқару саласында магистранттар мен докторанттардың тағылымдамадан өту мәселелері талқыланды.

Ректор Болат Тілеп қонаққа ризашылығын білдіріп, болашақ мамандардың мемлекет игілігіне қызмет ету жолын саналы түрде таңдап, өз ісіне адал және жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін атап өтті. Бұл кездесу болашақ мамандар мен мемлекеттік аппараттың тәжірибелі өкілдері арасында өзара тәжірибе мен білім алмасуына ықпал етті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here