Жаңа жылдан бастап жұмысқа кіріскен Конституциялық сот бір топ депутаттың өтінішін қарап, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшін жойды. Бұл туралы Конституциялық соттың 10 қаңтардағы нормативтік қаулысында жарияланды.
2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумның нәтижесіне сүйенген Конституциялық сот бұл шешімнің «Қазақстан халқының еркіне негізделе отырып» шығарылғанымен түсіндіреді.
Қаулыдан мәлім болғандай, Конституциялық сот 2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде өз билігін тікелей республикалық референдум арқылы жүзеге асыра отырып, Тұңғыш Президент – Елбасының мәртебесі мен өкілеттігін, оларды Конституциялық заңмен регламенттеу мүмкіндігін, Конституциялық кеңеске өмір бойы мүшелігін, сондай-ақ оның арнаулы артықшылықтарын – мәртебесінің өзгермеуін, қатарынан екі реттен артық президент болып сайлану құқығын Конституциядан алып тастады.
Конституциялық сот қаулы бірден күшіне енетінін, шағымдануға жатпайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, желтоқсанда айында Мәжіліс «Тұңғыш Президент – Елбасы» туралы Конституциялық заңның күшін жою процесін бастады. 2000 жылы қабылданған аталған заң елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына көп басымдық берді. Заң бойынша Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелері қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды, қамалмайды, мүліктері тәркіленбейді және шектеу қойылмайды.