Бішкекте VII қазақ-қырғыз форумы өтті

0
525

Қырғызстанға ресми сапар аясында Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Парламенті Сенаты делегациясының мүшелері Қырғыз елінің Президенті Садыр Жапаровпен кездесті. Кездесу барысында Сенат Спикері біздің еліміз Қырғыз Республикасымен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Мәулен Әшімбаев өзара байланысты арттыруға барлық деңгейдегі, бірінші кезекте, екі елдің мемлекет басшылары арасындағы белсенді және сенімді саяси диалогтың ықпалы зор екенін айтты.

Өз кезегінде Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы түрлі алаңдағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін тілге тиек етті. Осы қарым-қатынасты барлық бағытта, оның ішінде екі елдің Парламенттері арқылы сақтау және одан әрі нығайтудың маңызды екені сөз болды.

Сонымен қатар қазақстандық сенаторлар Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналған VII қазақ-қырғыз форумына қатысты. Ауқымды іс-шараға қатысушылар қатарында Қазақстан мен Қырғызстанның ақын-жазушылары, тарихшылары және Айтматовтың шығармашылығын зерттеуші ғалымдар бар.

Өз сөзінде Сенат Спикері бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын дамытуда екі елдің зиялы қауым өкілдері маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Қазақ-қырғыз қарым-қатынасының тарихы тереңнен тамыр тартады. Біз ежелден іргелес қонған, тарихымыз да, дәстүріміз де бір бауырлас халықпыз. Біздің мәдениетіміз де, тіліміз де, дініміз де ортақ. Шын мәнінде, қазаққа қырғыздан жақын халық жоқ. Осындай достығымыз бен бауырластығымызды одан әрі арттыру аса маңызды. Екі елдің Президенттері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Садыр Нұрғожаұлы Жапаровтың тапсырмаларына сәйкес экономикалық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға арналған нақты шаралар қолға алынуда», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы қазақ пен қырғызға бірдей ортақ тұлға, ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына да ерекше тоқталды. Әйгілі қаламгерге «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берілгенін және Қазақстанда бірқатар көше оның есімімен аталғанын әңгімеге арқау етті. Қайраткердің ғибратты ғұмырын дәріптеу мақсатымен басқа да ауқымды мәдени іс-шаралар мен шығармашылық кештер өткізіліп тұратынын жеткізді.

«Адамзаттың Айтматовы атанған қаламгер өз шығармаларына қазақтың кең даласын және онда өткен оқиғаларды да арқау еткенін білеміз. Жазушының қаламынан туған «Ақ кеме», «Жанпида», «Ғасырдан да ұзақ күн» сияқты шығармалар әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылған құнды қазына екені даусыз. Аталған туындыларда адами құндылық кеңінен көрініс тапқан. Шын мәнінде, Айтматов тұлғасы мен шығармашылығы – қазақ-қырғыз байланысының рухани көпірі», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы форум барысында айтылған пікірлер мен ұсыныстар алдағы жұмыста ескерілетінін де назардан тыс қалдырмады. Біртуған екі елдің қарым-қатынасын нығайтуға үлкен үлес қосқан және қосып жүрен қырғыз зиялыларына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс білдіре отырып, қырғызстандық бірқатар қайраткерге біздің еліміздің мемлекеттік наградаларын тапсырды.

Қырғыз еліне сапар аясында сенаторлар қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының ескерткішіне арнайы барып, ғұламаның рухына тағзым етті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here