

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, Кеңес үкіметі елдің соғыс зардаптарынан арылып, даму жолына түскендігін, дүниеге енді өрлеу туғандығын айғақтау мақсатында 1949 жылы Мәскеудің көрікті алқаптарының бірі – Останкинодан Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесін ұйымдастырды. Осы жерде қысқа мерзім ішінде онсыз да ажары асып тұрған Мәскеуді сәнді ете түсетін ғимараттар, оранжереялар, басқа да көрнекі құрылыстар бой көтерген. Ең бастысы – әр республиканың жеке өзіне арналған павильондардың ашылуы қай ел үшін де елеулі жаналық болды. Көрмеде дүниежүзі алдында кеше ғана сұрапыл шайқастан жеңіспен шығып, енді дамудың даңғыл жолына түскен Кеңес Одағының жасампаздық қарқынына көз жеткізу үшін елдегі ғылым мен техникада, білім, өнерде, тұрмыста жетістіктер мен табыстарды бейнелейтін экспонаттардың қатаң сүзгілерден өткізіліп қойылғандығында шүбә болмаса керек.

ЖАМБЫЛ ҰЛЫҚТАЛЫП, ШЫҒАНАҚ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛА МА?
1949 жыл – Иосиф Сталиннің мемлекет басшылығында отырған кезі, кешегі саяси қуғын-сүргін бәсендегенмен әлі аяқтала қоймаған, тәртіп қатал болған еді.
Көрменің жұмыс істей бастаған тек бірер жылдың ішінде Одақтың өзінен, шет елдерден үздіксіз келіп жатқан 1,5 миллион көрерменнің сонда қазақ павильонына келгендерді елдің еңбектегі жасампаздығының символындай болып Шығанақ Берсиев, мәдениетіміз бен өнеріміздің асқақтығын бейнелейтіндей жыр алыбы Жамбыл Жабаев ризалықпен қарсы алып, ізетпен шығарып салғандай қатар тұратын. Екеуі де Одаққа кеңінен мәлім тұлғалар: Жамбыл шығармалары қырқыншы жылдары орыс тіліне аударылып ел басшылығына да, қалың бұқараға да кеңінен танымал болған. Ақынның Ленинград қаласы жау құрсауында қалғандағы «Ленинградтық өренім» деген өлеңі құрсаудағы қалаға жеткізіліп, көше сайын жарнамаланып, ілініп құрсаудағы қала жұртшылығына да, қаланы қорғаған әскерлерге жігер бергені Одақтың қай жерінде де, әсіресе Ресейде ұмытыла қойған жоқ-ты.
Жамбыл Жабаев 1945 жылы өмірден өтті. Жыр алыбына риза елі өлеңдегі өренін мәңгі ұмытпау мақсатында есімін елдің әртүрлі аймақтарына жайып ұлықтады. Содан бері Жамбыл – облыс, оның орталығы, оқу орындары, аудандар мен елді мекендер, республикалық өнер орталықтарындағы атаулармен өмір сүріп келеді. Ал, Шығанақ есте жүрер есім ретінде ресми атауларда қалмағаны таңдандырады.
Ол кезде Үкімет басшысы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов еді. 1904 жылы туып, өзі де жасында таршылық пен жоқшылықтың тауқыметін тартып өскен не бәрі 34 жастағы адам ел билігіне келген күннен бастап осы елінің жоғын түгендеуге белсене кіріскені белгілі. Оның биліктегі он үш жылдың ішінде жүзеге асырған, бағыт берген қызметтерінің игіліктерін арада қаншама уақыт өтсе де жұрты әлі көріп келеді. 1943 жылы Нұртас Оңдасынов «ауырып жүрген Шығанақтың жағдайын, дәрігерлерге қаратудың жайын білейін, қарастырайын, диқанның шаруасын өз көзіммен көрейін» деп екі қанатты аэропланмен диқан егіс салған далалыққа келіп қонды. Дала желінің күші белгілі, аэропланды ұшырып кетпес үшін қанаттарын қазыққа байлаттырып қойып, төрт жыл бойы жалғасқан рекордты өнім алудың қыр-сырымен жете танысты. Жоғары өнімнің жанқиярлық еңбекпен, нақ Шығанақтай «толық адамның» қажымайтын қайраты, мұқалмайтын жігерімен келетіндігіне көзін жеткізіп риза болған. Ел билігіндегі аз уақыттың ішінде жігерлі қайраткерлігімен танылған парасатты адамның алдында ол артық сөйлемей, асып та, сасып та айтқан жоқ. Осы алпыс екі жасына дейін алдымен отаршылдықтың, кейін төңкеріс пен елді ақ пен қызылға бөліп атыстырған, шабыстарған қырғынның жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы адамды адам жеудің, босудың алапатына тап болып, жаппай қуғын-сүргіннің құрсауында жүріп қисаймай, шашырамай, тоқырамай сау жүру өз алдына, адамдық қасиетінің бір тінін де жоғалтпай шыққан тұтас тұлғасын танып әңгімелесуінде әрине ірі ойлар мен терең түсініктер ортаға салынды. Шығанақ дана адам екендігіне көз жеткізді. Шығанақ мәнді ісі, өмірімен ұлық адам ретінде қалыптасқан тұлға. Оның ұлылығын кезінде Одақтың көп жерлерінде «Берсиевшілдік» қозғалыс жасап елі мойындады, соғыс құрсауындағы ленинградтықтарға вагондап тары астығын апара жатқан сапарында партия мен мемлекеттегі екінші адам Георгий Маленков тікелей өзі бірге жүрумен Кремльді, оның көрнекті орындарын аралатып құрмет көрсеткен. Алайда, сол Шығанақты сирек феномен, жарқын жаратылыс ретінде тану үшін оның кім, қайдан, қалай екендігін түсіну керек. Түсінудің қандайы да жеңіл-желпі болмайды, ал ол мына танымда өте күрделі. Қалай жеңіл-желпі болады, отыз алты жасына дейін оның елі, ата-баба жері Ресей империясының меншігіндегі жағдайда сол өз мекенінде табылғанын нәпақа етіп ғұмыр кешкен ауыр тіршілікте жүрді. Қазақ тұрмысына қай жағынан да жасалған қалың қысымшылық тұтас алғанда ұлттың, жекелей алғанда әр адамның, тіптен басқаны былай қойғанда, өзін-өзі тануын шектеп, санаға шабуыл жасады. Ондай елді азып, тоздырған құрылымнан Шығанақ шығады деп ойлай да алмайсың. Ол отыз жеті жасына келгенде, уақыт үшін өмірден қажудың басталатын кезі, тек империяны ғана емес, «бүкіл дүниені дүр сілкіндірген» қазан төңкерісі, бір елді, бір ауылды, бір отбасын бір-бірімен соғыстырып қойған азамат соғысы, отызыншы жылдардың алапат ашаршылығы, әр отбасының қасіретіне айналған айдау мен атудың жаппай қуғын сүргініне ұласып, тек елуінші жылдары ғана бәсеңсіген.
Осындай заманақырлық ортадан Шығанақ болып, ұлық болып шығу мүмкін бе? Түсіну қиын. Көпшілігіміздің дүниетанымдық көзқарасымыз төмен, не арнаулы оқуы жоқ, не үйренген тәжірибе, тағылымы жоқ, негізгі шаруасы мал соңында жүріп, аракідік ауылдағы ықылас білдірген шағын топпен шағын жерге дән сеуіп, шамалы өнім алса алған шығар, Қарасу дейтін кішкене ауыл өзге өнімділікті көрген жоқ. Сонда үш мың жылдан астам тарихы бар дақылын өсірумен айналысатын дүниенің үш құрлығында Ойыл ауданының Қарасу аталған шөлейіт топырақты шағын алқабынан дүние жүзінде бұрын-соңды болмаған жоғары өнім алуға алпыс жастан асқан қарапайым қазақ шалы қалай жеткен? Әрине, мұны дүниетанымы тар көпшілік түсінбейді. Үлкенді, кішілі биліктің басында отырғандардан да түсінік дәметпейсің. Түсінуге деңгейлері жетпеді. Осылайша, елдегі билік ұлтымыздың мақтанышына есте жүрерліктей бір дұрыс атау табуға жарамай, «болмайтынды болдырған» ұлы адамды өзі де ұмытып, өзге жұртты да ұмыттырумен келеді. 1943 жылы диқан соңғы рекордтық өнімін алғанда Кеңес Одағы ғылым академиясының академигі, биолог және агроном ғалым, Одақтағы өсімдіктер ғылыми академиясының президенті Трофим Лысенко Шығанаққа «сіз ғылым болжағаннан асып өнім алдыңыз» деуі біздің әрқайсымызды ғылымның арғы жағы деген не екенін ойландыруға тиіс еді. Оны академик түсінді. Оны түсініп атақты неміс ақыны, драматург Бертольд Брехт Германияда жүріп таңданумен «Тары» деген дастан жазды. Түсінгесін Ресей жазушысы Шығанақ туралы эссесіне, назар аударыңыз, «Болмайтынды», иә «Болмайтынды болдырған адам» деп тақырып қойды.
Иә, олар түсінді. Біз әлі түсіне алмай келеміз.
И.Сталиннің Шығанаққа телеграмма арқылы шайқастағы армияға көмек ретінде көп көлемдегі астық, ұшақ, танк колоннасын жасақтауға 50 мың сом ақша бергені үшін алғыс айтатыны да осы 1943 жыл. Диқан бұдан да бұрын, шамамен 1940 жылы, өнім алудағы екінші рекорды елдегі ең жоғарғы награда – Ленин орденімен марапатталып, «Правда» газетінде көлемді мақала жазылғаннан кейін атағы Одаққа тарап, көп жерлерде тары дақылын өсіру «Берсиевшілер қозғалысы» атауымен кеңінен өріс алған болатын. Осылайша, жаппай жігер тудырған ізгілікті өрлеудің әсіресе, Ақтөбе өңіріндегі көріністері Шығанақтық рекордқа жетпегенімен қарқындылығымен сүйсінтті. Диқанға алғыс айтып, тәжірибесін бөлісуді сұраған хаттардан осы жылдары бір үзіліс болмаған.
Сол 1943-тің жазында Үкімет басшысы Мәскеуге Шығанақпен өзі бірге барып, диқанның денсаулығын Кремльде тексерткенде дәрігерлер Нұртас Дәндібайұлына сырқаттың дендеп кеткендігін, енді бой бермейтінін айтқан. «Біз бұл жағдайды күйзеліспен қабылдап, диқанға басқаша айтудың амалын таппай, «дәрігерлер қорқынышты ештене жоқ дейді, жазып берген ем-дәрісімен жақсарып кетерсіз» деп қимастықпен елге шығарып салдық», – дейді Оңдасынов өз естелігінде. Ол елге оралғаннан кейін көп ұзамай орылған егін, диқанның соңғы егісі гектардан 201 центнерден алынған өнімді көрсетіп, бұл туралы хабар тез тарап, дүниені дүр еткізді. Мәскеулік қаламгер Геннадий Фиш Шығанақтың таңғаларлық табысына таңдай қаққандай етіп «Болмайтынды болдырған адам» деген очерк жазып, әлемнің көп елдері атақты неміс ақыны драматург Бертольд Брехттің «Тары» деген дастанын оқыды. Америка хабарларында Шығанақты «тары докторы» деп атады. Бүкілдодақтық ауыл шаруашылығы ғылымы академиясының президенті, академик Т.Лысенко диқанға жолдаған жедел хатында «сіз алған өнім ғылымның болжауынан да асып кетті» деп жазды.
Осылайша, Кеңес Одағының газеттері Шығанақты айдай әлемге «Болмайтынды болдырған адам» деп жазса, есімі дүние жүзіне мәлім академик диқан өнімнің түсімі «ғылымның болжауынан да асып кетті», ал алыстағы Америкада оны «тары докторы» десе, енді оны біз кім деп атауымыз керек? Феноменнің табиғатын танып, тап басып айтуға біздің біліктік деңгейіміз жетпеді… Бұл екі пікірді де тегін айтылған дей алмайсың. Бірі – ірі державалы елдің өсімдік әлемі ғылымының жетекшісі солай айтуы керектігін айтқан. Екіншісі – Америка Құрама Штаттары – ғылым мен техникада дүниежүзіндегі ең озық ел, көптеген өзге жұрттың үлгі алар жері осы АҚШ. Бүгінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін, ол әрине ғылымның есебінде, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары дүниежүзі бойынша пайдалы өсімдіктер тұқымдарын жинау, сақтау және пайдалану мақсатында жүргізілген экспедициялардың алғы шебінде болған нақ сол американдықтар. Олар Шығанаққа теліп «доктор» деген дәрежені, атақ пен мәртебені тегін айтпаса керек. Өсімдіктің құнын білетін ел. Соның бір мысалы, елдің әйгілі ботаник ғалымы Джозеф Рок алапес ауруын емдейтін өсімдіктің барын естумен осы кезге дейін ақ адам аяғы баспаған алыс Сиамның (қазіргі Таиланд) таулы, шатқалды жерлерін қауіп-қатерге қарамастан аралап, әлгі өсімдікті тауып оралған.
Бұл әңгіме Шығанақтың тары дақылын өсірудегі теңдессіз көрсеткішінің растығын мойындаған шетжұрттың шынайы лебізі екендігін еске салу. Сонда, сөз жоқ, диқан өсімдіктер академиясының президенті, одақтық ғылым академиясының академигінен, дүниедегі ең озық ел Америка тарапынан әлгідей бағалауға қалай жеткен деген сұрақ тууы орынды. Бұл жерде бір ғана сөз шығады, ол – таным. Осы сөзбен байланысты италияндық ақын Франческо Петрарканың (1304-1374): «Танымнан өзге ләззат бар деп білмеймін», – деген сөзі еске түседі (Петрарка, «Росад». Мәскеу. 1997 ж.). Осы ұғымды бекіте түсетін тағы бір дәйек – белгілі жазушы-журналист, қоғам және мемлекет қайраткері, академик Бауыржан Омаровтың Қаныш Сәтбаев туралы жазған «Қаныштың құпиясы» материалындағы ежелгі латын мәтелі: «Тамшы тасты теседі күшпен емес, көп тамып,/ Адам ғалым болады күшпен емес, көп танып» («Егемен Қазақстан». 12 сәуір, 2025 жыл). Ол атыздардың бойында күні бойы кетпен арқалаумен егістікте тек қара күшпен күн кешкен шаруа емес, оның үлкен ұлы инженер Махмудтың естелігі бойынша жазылған «Шығанақ Берсиев» кітабында айтылады, өзге жазбаларда кездесе бермейді. Егінді баптау, күтудің генетикамен, биологиямен, математикалық есеппен, селекциямен, тыңайтқышты үстеумен байланысты ғылыми нормаларды, тәсілдерді туабітті зерде, зейін қуатымен игерген адам. Селекциялық тәсілдің нәтижесінде дақылдың «Шығанақтың ақ тарысы», халық арасында «Ақбикеш» атауымен тарының жаңа сорты пайда болды. Салмақтылығынан басын әзер көтеріп тұратын келдектің біреуін қолмен үгіткенде бес мыңнан астам дән шықты. Орта есеппен екі мың дәнді кез келген келдектен алуға болады («Қазақ әдебиеті». 4 том. 587 бет. Алматы. 1979 жыл).
ҰМЫТЫЛМАУҒА ТИІС ТҰЛҒА
Шығанақ егінді күту, баптау барысында күннің сәулесін, айдың жарығын, ара-тұра Каспий теңізі жағынан соғатын желді де есепке алған. Диқан осы секілді өзге де танымдық, тәжірибелік сыннан өткен істерін үнемі жетілдіру арқылы жылдан жыл өткен сайын өнімді ұдайы молайта түсумен 1943 жылы «болмайтынды болдырып» дүниеде енді қайталануы сұрақ тудырған рекордқа жетті. Ал бізге, кейінгі пенделерге, ол еңбекке жарамдының барлығы соғыста, ауылда қалған азын-аулақ белдері бүгілген кемпір, шалдар мен кетпенді қолдары шаққа көтеретін балалардың істері сияқты көрінетіні таңдандырады. Шығанақ тек соларды бастап қана жүрген секілді. Ең өкініштісі, осылай пайымдаудың үлкенді-кішілі биліктің басындағыларда бар екендігі қайран қалдырады.
Ел ішінде «қазақтың қара шалы» деген сөз тіркесі сирек кездеседі, бірақ айтылады. Сиректік себебі ол тек әйтеуір айтыла салуға жатпайтын ұғым. Ұмытылса бүгінгі цифрлық, ақпараттық, бір күнінен бір күні жылдам зырлап өтіп жатқан заман енді қажет етпегендіктен ұмытылған болар. Ал, өткен уақыттарымызда «қара шал» хан, би түсіп ақылдасатын тұлға болған. Бұл тіркестегі «шал» сөзінің мағынасы баршаға мәлім – қариялық жастағы адам. Ал, «қара» көп мағыналы сөз ретінде мұнда мысалы, түсті білдірмейді, «күш, қуат, молшылық, көптік» сияқты көтереңкі айтылатын мағыналарға меңзейді. Ал, ол мына тіркесте ақыл, ес, қайраты, қуаты қалпындағы шалды бейнелейді.
Шығанақтың кім екендгін кәдуілгідей үйреншікті бір тұжырымға сыйғызып айту мүмкін емес. Оның білімі, болмысын, табиғатын тануға философияның пайымдары көмектесетінге ұқсайды. Жоғарыда айтылғандай, Шығанақ туғанынан сабырлы, қандай жағдайда да асықпайтын, аптықпайтын, ойлап сөйлеп пішетін алысты да, жақынды да тең көріп қарайтын, әділдігі әр ісінен аңғарылатын тұлға болып қалыптасқан адам. Осы реттердің есебімен келгенде, ол философиядағы стоицизмді еске түсіреді. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы 3 ғасырда өмірге келген ілім әлі күнге дейін өмірдің қандай күрделі, қатал жағдайларында да азбай, тозбай, қалыпты өмір сүре білудің сабақтарын үйретумен келеді. Бұл диқанға үйренумен келген ілім деу емес, ол философия пәнін мүлдем білмеген адам, оның әлем таныған Шығанақ болып қалыптасуына жаратқан о баста дарытқан әлгідей стойіктік мінезден қандай жағдайда да ауытқымай өмір сүргендігін көрсететін сипат.
Шығанақтың өміріне көз жібергенде танымдық-тарихи екі сәйкестілік көлденеңдей беретін секілді. Біріншісі – жоғарыда айтылған әлгі стоицизм, екіншісі – Ватикандағы Сикст капелласындағы көркем өнердің ғажайып туындысы – Микеланджело Буонарротидің Інжіл тақырыбындағы фрескалары. Рим папасы «мен суретші емеспін, мүсіншімін» деп тартынғанына қарамастан күмбезді көркемдеуді Микеланджелоға тапсырған еді. Сол күрделі іске 33 жасында кіріскен ұлы шебер биіктігі отыз метрге жуық ғимараттың күмбезіне төрт жыл бойы тік тұрумен суретті ұдайы шалқалап салғасын 37 жасында буын ауруы, омыртқалардың қисаюы, жоғарыдан ұдайы тамған бояу тамшыларымен құлақ ауруларымен шықты. Төрт жыл бойы шалқайып сурет салғандықтан басы төмен қарауға игілікпей шалқайып отырып оқитынға тап болған… Содан бері бес ғасыр өтті, көркемөнердегі шедевр адамзатта таңдандырумен әлі тұр.
Шығанақ о бастан диқаншылықтың шебері емес еді. Ел негізінен отырықшылыққа ауысқанынан кейін күн көріс көзінің бір амалы ретінде Ойылдың қуаң даласында климаттық жағдайында бірде өнсе, бірде өнбейтін тары дақылын ашқұрсақ ауыл тұрғындарына жетерліктей шағын қырлық алқапқа өсіретін. Кейін, етектегі Ойыл суын түйе шығыр арқылы жоғары көтерудің мүмкіндігі табылғанда егіс көлемі ептеп ұлғая бастаған. Енді суарма жағдайында өнімнің молаятынын көргеннен кейін Ақтөбе қаласынан су шығаратын құрылғыға қолы жеткенде барып, дақылды өсіру мен өндіруге түбегейлі кіріскен. Арғы жағы белгілі… Италияндық шебер әлемді таңдандырған шедеврді әлгідей ауруларды жамап төрт жылда аяқтады. Шығанақ «болмайтынды болдырып», «ғылымның болжамынан да асып» америка тарапынан «тары докторы» деген атаумен бесінші жылды әлемді таңдандырған ең үздік рекордпен, өте ауыр сырқатпен аяқтап, келесі 1944 жылдың көктемінде өмірден өтті. Тары дақылын өсіруге 60 жасында ғана ден қойып айналысқан қазақтың қара шалы не бәрі бес жылдың ішінде дүниеде бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетіп әлемді елең еткізген Дана шал атанып өткенде енді оны ел есінде сақтау мақсатында Нұртас Ондасыновтың басшылығымен мемлекеттік комиссия құрылып, бірқатар шараларды жүзеге асырудың міндеттері белгіленген болатын. Шаралар соғыстың төртінші фазасындағы елдің аса ауыр жағдайын есепке ала отырып жасалғандықтан, республика деңгейінде де, жергілікті жағдайда да орындалуға мүмкіндіктеріне негізделген еді. Алайда, 1951 жылы Нұртас Дәндібайұлының басқа қызметке ауысуымен ол шаралар шикілі-пісілі күйімен қала берген.
Сол қала берудің ақыры бүгінде атақты диқанды елде ұмыттыруға әкеліп отыр. Бүгінде Шығанақ есімі аталғанда екі дерек қана еске түседі. Оның бірі – жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ» романы. Екіншісі – рекордтық өнім алынған далалықта – кезінде «Қарасу» деп аталған егіс алқабындағы жалғыз тұрған белгілі сәулетші Төлеу Бәсеновтың жобасымен салынған «Даңқ мұнарасы». Роман сол жарық көрген қырқыншы жылдықтың өзінде елеулі сынға ұшырады. Оны автордың өзі де мойындады. Бұл пікірлер 2005 жылы Ақтөбе қаласындағы «Нобель» баспаханасынан жарық көрген «Шығанақ Берсиев. Тағдыры мен тағылым» деп аталған кітаптың 129-бетінде берілген. Тоқетерін айтқанда, романда еңбекқор, социалистік жаңа қоғам шаруасының алдыңғы шебінде жүрген Шығанақ бар, алайда қалай «болмайтынды болдырып» әлемді таңқалдырған, көркемдік қуатпен лайықты сомдалған Шығанақ жоқ. Бірақ, бұл пікірді тек тұлғаны толық сомдау деген үміттену, дәмелену тұрғысында ғана айтуымыз керек шығар. Әйтпесе, қазақ көркем әдебиетінің бүкіл тарихында Абайдың концепциясындағы Шығанақ сияқты «толық адамды» толымды етіп бере алудың мысалы әзірге жалғыз. Ол Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы. Шығанақ тақырыбы әліге ашық тұр. Елде, өңірде «шығанақтанушылар» жоқ, ұлы адам еді деп даталы кезеңдерін атап өту де көрінбейді. Осыдан жиырма жыл бұрын бір топ жанашырлардың диқанның туғанына 125 жыл толуын атап өту жөнінде мәселе көтергені есте. Өңір билігі оған да назар аударғаны шамалы еді, тек «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде 2005 жылғы 24 тамыз күнгі санында «Шығанақ ол – қазақ елінің еңбек паспорты» деген көлемді мақала жариялағаннан кейін ғана мойын бұрған. Сол шараның өту барысында Ойыл ауданы орталығындағы музейге диқанның есімін беру мен егін салған Қарасу жеріндегі шағын ауыл мектебіне оқу құрал-жабдықтарын тапсырудан өзге есте қаларлықтай шаралар көрінбеді. Ал, Ақтөбе қаласындағы ауыл шаруашылығы колледжіне Шығанақ есімін беру ұсынысы араға он алты жыл салып барып орындалып, кеуде мүсініне облыс орталығы алаңдары бірінен орын табылмағандай қаланың шығыс шетіндегі елеусіз түкпір апарылып қойылды. «Ұлы адамның ескерткіші бұлайша түкпірде тұрғаны елден ұят, жарқын жарық жерге шығару керек» деген ұсыныстар кезектесіп келген бес әкімдер қатысқан жиналыстарда айтылғанымен, әлі сол түкпірде тұр. Өзімізге өзіміз «қандай елміз, ә?» деп сұрақ қойғандаймыз. Астана да бір көшесіне есімін беруді қимай келеді.
Шығанақтанушылар, зерттеушілер болған емес. Жазушы Ғабиден Мұстафиннің романы қашан, қайда, қалай жазылғанын көп оқырманның біле бермесі анық. Еске сала кетуге болады, жазушы диқан қайтыс болғаннан кейін 1944 жылы кітап жазуға арнаулы тапсырмамен Ойыл ауданына жаз айында келеді. Бұрын көрмеген өңір, жұртының таныстығы жоқ. Соғыс әлі өршіп тұрған шақ, шал, кемпір, әйелдер, бала-шағадан басқаның бәрі майданда. Аудан басшылығындағылар қуғын сүргінде әлі бірі кетіп, бірі келіп жатқан жылдар. Осы жағдайда ел ішінен естілгенін, білгенін жинақтаған жазушы бар болғаны екі ай шамасы жүріп, жылдың қалған төрт, бес айында жазуды аяқтап, 1945 жылы баспадан шығарады. Яғни, романда назар аударлықтай татымды деректер жоқ деген сөз. Осындай себептердің де әсері болса керек «шығанақтанушылық» осы кезге дейін дербес зерттеу ретінде көрінген жоқ. Әрине, танымдылық біліммен айналысу алдымен ғылыми тәсілді қажет ететіні белгілі. Оқырманның қолына тиіп отырған кітаптың диқан туралы өзге басылымдардан ерекшелігі – алғаш рет оны ғалымның дайындауымен жарық көргендігінде. Филология ғылымының докторы, жазушы-журналист, қоғам қайраткері Серікқали Бәйменшеге Шығанақ танымдық жағынан да, тақырып жағынан да жақын. Ол сексенінші жылдары Ақтөбе облыстық газетінде қызмет істеді. Елдегі басқамыз не енжарлықтан, не ауырсынғандықтан 1948 жылы Одақтық «Огонек» журналында орыс тілінде жарияланып, содан бері қазақшасы болмаған ресейлік жазушы Геннадий Фиштің Шығанақ туралы жазған көлемді көрнекі очеркін 1986 жылы алғаш рет С.Бәйменше тәржімелеп айналысқа енгізді. Кейін шығармашылық ғылымдық, мемлекеттік жоғары лауазымды қызметтерде жүргенде қандай ісінде де елдікке мән берумен келе жатқан тұлға. Мәскеуде Бүкілодақтық мәртебесімен жұмыс істеген әйгілі көрме екі рет жабылып, үшінші рет енді Ресей Федерациясының меншігі ретінде жиырмасыншы жылдары бұрынғыдан да көріктендіріліп қайта ашылғанда бұрынғы Қазақстан павильоны аталған еңселі ғимараттың алдында Шығанақ пен Жамбыл мүсіндерінің сол бұрынғы көптің көзі үйренген қалпында тұрғызылуында, сөз жоқ, сол тұста Қазақстанның Ресей Федерациясы елшілігінде жауапты қызмет атқарған ғалым, қайраткер Серікқали Бәйменшенің еңбегі бар.
Әзірге әлемге айтулы еңбекті қазақтың қара шалы болып бастап, өмірін тоқу арқылы ғалымдыққа жеткізіп, дүниені дүр еткізіп таңдай қақтырумен аяқтаған дана шалды ұмытумен келеміз. Неге екені белгісіз, алайда бізден басқа тіптен алыс елдер оны ұмытпайтынға ұқсайды. Ұмытпағандықтан Германиядан 2006 жылы Ойылға Шығанақты іздеумен екі зерттеуші келді. Олардың сонда бұл жақтан не көріп, нені түсініп, қалай оралғандарын еш адам білмейді.
Дүниеде тары дақылының 400 түрі бар екен, олар Азияның, Американың, Африканың қоңыржай климат белдеулерінде өседі. 2023 жылдағы тамыз айында Жапониядан Ойылға Шығанақ феноменін қырық жыл зерттеумен айналысып жүрген Осака Гакуин университетінің профессоры, этноботаник ғалым Эмика Такеи келді. Ғалым сол ұзақ жылдардан бері даңқты диқаның елі мен жерін көруді, ол жақта дақылды қалай өндіріп, қалай жинайтынын білуді арман етумен келген екен. Бұл дерек «Актюбинский вестник» облыстық газетіндегі он төрт жолдық ақпаратпен ғана мәлім болды, басқа республикалық, облыстық басылымдарда мұндай хабар кездеспеді. Ал, оған республика, облыс билігінің мән бермегеніне таңғалу жоқ, қашаннан үйреншікті жағдай.
Тары сөктік қалпынан тағам болып ауызға түскенше, мысалы ұнға айналғаннан кейін тағам боларлық бидайдай емес, уақыт пен еңбекті қажет етіп, бірнеше өңдеуден өткізілетін дәм екендігі болмаса, қоректігі, түрлі тағам жасалатындығы жағынан, оның үстіне бұзылмайтын ас ретінде құндылығы қайсысынан да артық болмаса, кем емес дақыл. Сондықтан да, Біріккен Ұлттар Ұйымы 75-сессиясында 2023 жылды «Тары жылы» деп қабылдады.
Иә, біз ұмытып жүрміз, нені, кімді ұмытып жүргенімізді білмей келеміз. Өкінішті-ақ.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Келер жылы Шығанақ Берсиевтің (1881-1944) туғанына 145 жыл толады. Осы күн қарсаңында қазіргі қоғамда диқанды насихаттауда не істемек керек? Шығанақтанушылар, зерттеушілер неге жоқ? Осы іспеттес сан алуан сұрақтарға жауап іздесек орынды болар еді.
Идош АСҚАР,
Қазақстанның Құрметті журналисі.