Әскери борышын өтеп жатқан сарбаздарға несиелік демалыс биылдан бастап беріледі. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің БАҚ-пен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Руслан Жангулин Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
«Мерзімді әскери қызметін өтеп жатқан сарбаздарға несиелік демалыс беру мәселесін қарастырып жатырмыз. Қаржы нарығын зерттеу агенттігі мен Қорғаныс министрлігі арасында тиісті меморандумға қол қойылды. Осы жылдан бастап Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздарға несиелік демалыс беріледі», – деп нақтылады Руслан Тұрғымбайұлы.
Несиелік демалысқа өтініш беру үшін банкке сарбаздың өзі баруы міндетті емес. Ол банктегі жұмысты атқару үшін жақын туыстарының біріне сенімхат бере алады. Сенімхатқа оның әскери бөлімде борышын өтеп жүргені туралы құжат негіз болады.