Биылғы 1 қаңтар және былтырғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың тізімін жасайды. Оған белсенді сайлау құқығы бар азаматтар тұрақты тіркелген жері бойынша қосылады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Конститантин Петров мәлімдеді.
«Әрбір сайлау науқанында азаматтардың тұрақты тіркелген жері және дауыс бергісі келетін учаскелеріне өтінім беру мүмкіндігі ескеріле отырып, сайлаушылардың тізімі жеке түзіледі», – деп түсіндірді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары.
Конститантин Петровтың мәліметінше, 2023 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сүйенген Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың тізімін жинақтады. Оған алдын ала тұрғылықты жері бойынша бөлінген 11 970 406 сайлаушы енді. Сайлаушылардың ең көбі – 1 177 507 сайлаушы Түркістан облысында, ал ең азы – 138 277 сайлаушы Ұлытау облысында тіркелді.
Айта кетейік, Қазақстанның 18 жасқа толған әр азаматы тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан сайлауда дауыс беруге құқылы. Ол үшін азамат сайлаушылар тізімінде болуға міндетті.