ҚазҰУ: Ғылымнан өндіріске нақты қадам

0
644

Күні кеше Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойы аясында университет базасында химиялық гальваникалық қаптамалар шығаратын Chemical Coating innovations ғылыми-өндірістік орталығы ашылды. Жаңалығы желмен жарысқан бүгінгідей заманда өркениетті елдер ғылымға аса көңіл бөледі. Өйткені, ғылым дамымай елдің бәсекеге қабілеттілігі артпайды, экономикалық өсімі болмайды. Сондықтан еліміз де соңғы жылдары күрделі салаға көп көңіл бөле бастады. Ал, ғылымға көңіл мен қаржы бөлінгендіктен ғалымдар да өнімді еңбек етіп келеді.

Орталықтың ашылу рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен ғалымдары қатысты.

Айта кетейік, жоба ҚР ҒЖБМ Ғылым қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асып отыр. Мұнда ғалымдар машина жасау және техникалық құрал жасау қажеттіліктері үшін, сондай-ақ кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдары өңделіп, арнайы гальваникалық қаптамалар шығарумен айналысады.

Ашылу салтанатына жиналғандар алдымен өндірісті аралап, материалдық-техникалық базамен танысты. Жоба жетекшісі Алина Галиева қонақтарға ғылыми-өндірістік орталық туралы ақпарат беріп, кеңінен таныстырды.

Орталық жұмысымен танысқан вице-министр Дархан Ахмед-Заки ғалымдардың жұмысына сәттілік тілеп, отандық ғылымды дамытуда заманауи өндірістерді дамытудың маңызды екенін жеткізді.

«ҚазҰУ-да дайындалатын гальваникалық қаптамалар өнімнің қызмет ету мерзімін ұзартады. Яғни, бұл өндірушіге де, тұтынушыға да пайдалы. Бұл – тат басудан қорғаудың жаңа әрі тиімді әдісі. Сондай-ақ жаңа орталық  өндіріс технологы және операторы мамандарын даярлайды», – деді ректор Жансейт Түймебаев.

«Бүгінде елімізде электрохимиялық қаптамаларды жасау жұмысы қарқынды дамып жатыр деп айта алмаймыз. Мұндай ғылыми-өндірістік орталықтар іс жүзінде жоқ. Электрохимиялық қаптамалардың қасиеті мен құны өте тиімді және тәжірибеде берік болады. Қазіргі уақытта біздің орталықта мырыштау, никельмен қаптау және мыс өңдеу желілері орналасқан қойма бар. Өндіріс жылына он мыңдаған шаршы метр қаптамалар алуға мүмкіндік береді», – дейді Chemical Coating innovations ғылыми-өндірістік орталығының жетекшісі Алина Галиева.

Жобаны іске асыру өнеркәсіп секторының нақты сұранысына негізделген. Теміржол саласының алпауыты саналатын француздық ALSTOM компаниясының технологиясы бойынша теміржол автоматикасын шығаратын машина жасау зауыты – «ҚазЭлектроПривод» БК ЖШС халықаралық стандарттарға сәйкес қапталатын қорғау қаптамаларын алу технологиялары мен қызметтерін қажет етті. Осы ретте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да электрохимиялық технологиялардың тұтас жүйесі әзірленген, олардың ішінде әртүрлі мақсаттағы электролиттік қаптамаларды алу технологиялары коммерцияландыруға ұсынылды.

Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев: «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», – деген болатын. Ендеше, еліміздегі жетекші университеттің ғылымға және ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға үлес қосып жатқаны қуантады.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here