Алты оппозициялық партиядан құрылған «Халықтық альянс» атынан ортақ кандидат ретінде Кемал Кылычдароглу президент сайлауына түсетін болды. 74 жастағы саясаткер – осыдан жүз жыл бұрын Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік негізін қалаған Халықтық-республикалық партиясының қазіргі төрағасы.
30 жылдық тарихы бар «Euronews» телеарнасының мәліметінше, оппозициядан ортақ кандидатты таңдау оңайға түскен жоқ. Кемал Кылычдароглудың ортақ кандидат болғанына Жақсы партиясының басшысы Мерал Акшенер қарсы болған. Оппозициялық блоктағы дәрежесі жағынан екінші тұрған партияның 67 жастағы жетекшісі оның оппоненті ретінде Стамбул мен Анкараның мэрлерін қолдаған. «Оппозиция билікке келсе, екі мэр де вице-президент болады» деген уәде алған соң ғана саясаткер райынан қайтып, «Халықтық альянс» құрамынан шықпауға келіскен.
Саясаттанушылардың болжамынша, президент сайлауында оппозиция жеңіске жетсе, мемлекет басшысының бірқатар өкілеті қысқарып, парламенттік жүйеге көшу басталуы мүмкін.
Режеп Ердоған 10 наурызда сайлауға дайындықты бастау жөніндегі қаулыға қол қоятынын хабарлаған. Қол қойылғаннан кейін 60 күн сайлауалды кезең өтіп, 14 мамырда президент сайлауы өтеді. Ал, 69 жастағы Режеп Ердоған 2014 жылдан бері 85 млн халқы бар елді басқарып келеді.