Әл-Фараби орталығының 30 жылдығына арналған форум

0
746

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әл-Фараби орталығының 30 жылдығына арналған «Философия тілі және Әбу-Насыр әл-Фарабидің философиясы» атты Халықаралық Фараби форумы өтуде.

Халықаралық Фараби форумы адамзаттың ұлы ойшылы – Әл-Фарабидің мұрасын терең зерттеуге, кеңінен таратып, насихаттауға арналған ірі ғылыми іс-шара. Шараның мақсаты – ойшыл ғалымның бай мұрасын жаңа қырынан зерттеу, Фараби  мұрасы арқылы қазіргі қоғам дамуының рухани, тарихи және философиялық негіздерін түсіну, қазақстандық және шетелдік фарабитанушыларды біріктіру, жаңа зерттеулерді саралау.

Форум жұмысын  құттықтау сөзбен ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев: «Бүгінгі халықаралық Форум әл-Фараби құбылысын заманауи талдауды және терең зерттеуді талап етеді. Біздің алдымызда әл-Фараби туралы барлық ақпаратты біріктіру міндет тұр. Форумның тарихи миссиясы – Фараби ілімі арқылы жастардың ой-өрісін кеңейту, тарихи және заманауи құндылықтарды тоғыстыру арқылы фарабитанудағы жаңа бағыттарды дамыту», – деп атап өтті.

Форумда сөйлеген сөзінде Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулы Мухсин Фағанидің пікірінше, Фараби – өз заманының данышпаны, өзінен кейінгі ойшылдардың ой өрісіне терең де елеулі әсер қалдырып, ислам өркениетінің гүлденуіне негіз бола білген ғұлама ғалым. Сондықтан көпшілік оны ең ұлы мұсылман философы және ислам философиясының негізін қалаушы деп атайды.

Форумның ашылу салтанатында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Мұхаммед аш-Шаххат Әл-Джинди (Египет), Алматы қаласындағы Өзбекстанның Бас консулы – Аброр Фатхуллаев (Өзбекстан), және т. б. сөз сөйледі.

Ислам Конференциясы (COMSTECH) ұйымының ғылым және технологиялық операциялар комитетінің бас үйлестірушісі Чаудхари Мұхаммед Икбал, түркі халықтары философиялық қоғамының тең төрағалары: философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Тұрсын Ғабитов және философия ғылымдарының докторы, профессор, Хаджеттепе Озкул Чобаноглу университетінің (Түркия) түрік халықтық білім беру кафедрасының меңгерушісі және т. б. форумға өз құттықтауларын жолдады.

Форум жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім, Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт, Сыртқы істер министрліктерінің өкілдері, ҚР ҰҒА мүшелері, Қазақстандағы шетелдік консулдар, шетелдегі әл-Фараби орталықтарының өкілдері, ғалымдар мен дипломаттар, Түркия, Нидерланды, Ресей, Өзбекстаннан келген жас ғалымдар қатысты.

Форумға қатысушылар ғылым мен білім берудің интеграциясына, қазіргі қоғамның рухани-адамгершілік және зияткерлік мәдениетін жетілдіруге қатысты өзекті мәселелердің кең ауқымын талқылады.

Форум аясында «Әбу Насыр Әл-Фарабидің мұрасы және әлемдегі психологиялық ғылымның дамыту», «Әл-Фарабидің тәрбие тілі: мәдениетаралық қарым-қатынас және ұлттық болмыс контекстіндегі тұлға» және т. б. пікірталас алаңдары ұйымдастырылып, арнайы семинарлар өтуде.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here