Алматылықтар кіл мықтыдан үш мықтыны анықтайды

0
464

Бүгін Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізіммен, қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Мажоритарлы жүйе арқылы орта есеппен бір орынға 21 кандидаттан келеді.

Алматы қаласында да кандидаттар арасында бәсекелестік жоғары. Айталық, №3 округ бойынша (басында) 49 кандидат (қаншасы додадан шығып қаланын білмедім) өз күшін сынап көруге шешім қабылдаған. Оның ішінде оппозиция өкілдері – тәуелсіз журналистер Ермұрат Бапи мен Инга Иманбайды ерекше атауға болады.

Дәл осындай кандидаттар саны №4 округте де тіркелді. Мұндағы танымал кандидаттар арасында саяси партия құруды мақсат еткендер кездеседі. Партияларын тіркеп үлгермесе де, соңғы уақытта ел аузынан түспей жүрген Санжар Боқаев пен Тоғжан Қожалы мажоритарлы сайлау жүйесі бойынша бағын сынады.

Тағы бір Алматы қаласының №5 округінде 45 кандидат Мәжілістің бір мандаты үшін күреседі. Кандидаттардың көбін ректорлар құрайды. Оларға Динара Егеубаева мен Мұхтар Тайжан сияқты белсенділер қарсылас болады. Басқа қаланы қайдам, бірақ оңтүстік астанада үгіт-насихат науқаны тартысты өтті. Бүгін алматылықтар мажоритарлы жүйе бойынша кіл мықтыдан үш мықтыны анықтайды.

Орталық сайлау комиссиясы осы науқанды жоғары деңгейде ұйымдастырды. Республикалық арналардан үш дебат өткізді. Жеті партияның кандидаттарын тіркеді. Биліктің оппонентерін де қатыстырды. Жоғарыда аты аталған кандидаттардан бөлек оппозициялық саясаткер Рысбек Сәрсенбай да сайлауға Алматы облысынан (№11 округ) түсті.

Алматыда тәуелсіз бақылаушылар көп тіркелді. Қазір олар әлеуметтік желі арқылы сайлаудың барысын баяндап отыр.

Сайлаушылар да белсенді. Оны осы әлеуметтік желіге жұрттар жариялап жатқан суреттерден байқауға болады. Бюллетеньдер жәшіктің бел ортасынан аса бастады. Орталық сайлау комиссиясы сағат 12:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 30 пайызы өз таңдауын жасағанын хабарлады.

Қорыта жазғанда, былтырғы Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар семіп қалған сайлаудың тамырына қайта қан жүгірткендей әсер қалдырады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here