Жоғары білікті кадрлар қарттыққа қадам басты – Марат Нұрғожин

0
2256

Осы күнге дейін (қазір саяси картада жоқ КСРО, ГДР, ГФР, Чехословакияны есепке алғанда) әлемнің 44 елі өз өкілін ғарышқа ұшырды. Соның ішінде еліміз де бар. Қазақтан үш ғарышкер шықты. Ал, ғарыш державасы саналатын саусақпен санарлық елдердің тізіміне көз жүгіртсеңіз, тек өркениетті елдерді ғана көресіз. Өйткені, ғарыш саласы күрделі технологиялық процестердің түйіні саналады. Сондықтан АҚШ, Ресей, Қытай, Франция, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдер ғарышты игеруді мықтап қолға алды. Өкінішке қарай, адамзаттың ғарышқа жолын ашқан «Байқоңыр» ғарыш айлағы елімізде орналасқанымен, КСРО тұсында оның әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік болмады. Дегенмен, дербестік ғарышты игеруге жол ашты. Азаттық алған жылдары отандық ғарыш саласының негізін кеңестік ғылыми және ғарыш мектебінің өкілдері қалады. Отыз бір жылда күрделі саланы дамыту жолында көп жұмыс істелді. Жеңіл-желпі қарауға болмайтын салмағы атан түйеге жүк болар саланы кадрмен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Бүгінде төрт отандық жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті «Аэроғарыштық инжиниринг» бағытында бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша мамандар даярлайды. Отандық ғарыш саласы мамандарының бүгінгі аяқ алысы туралы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор Марат Нұрғожинді ашық әңгімеге тарттық.

«ОЗЫҚ ЕЛДЕРДЕ
МАМАННЫҢ БІЛІКТІЛІГІН
АРТТЫРУДЫҢ ҮШ
ДЕҢГЕЙІНЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ»

– Марат Рахмалиұлы, елімізде кадрлық құрам бойынша қазіргі ахуал қандай?

– Өкінішке қарай, соңғы уақытта еліміздің ғарыш саласын құруға алғашқы күндерінен бастап атсалысқан жоғары білікті ғалымдар мен тәжірибесі, білімі мол, шеберлігі және дағдылары мықты мамандар басқа бағыттарға ауысып кетіп жатыр. Мұның басты себебі – ғарыш жобалары мен бағдарламаларын іске асыру жөніндегі жұмыстардың уақытылы басталмауы әрі тиісінше қаржыландырылмауы. Мұндай жағдай елді үлкен шығындарға әкелетіні анық. Өйткені, кеткен мамандарды даярлауға қомақты қаражат жұмсалған, олардың орнын толтыру үшін одан да көп ресурс және біраз жылдар, кем дегенде он шақты жыл керек болады.

Жалпы, ғарыштық технологиялар нарығындағы қазіргі жағдайға сай кадрларды даярлауда қазір жүргізіліп жатқан жұмыс көлемі жеткіліксіз. Бүгінде әлемде тек ірі ғарыш державалары ғана үстемдік құрмайды. Қазірдің өзінде «жеке ғарыш» саласы агрессивті түрде орнын табуға ұмтылуда және қосымша құны жоғары бәсекелестікке түсе алатын шешімді өз бетінше ұсынуға қабілетті. Сондықтан отандық ғарыш саласын барынша тиімді пайдалану және халықаралық нарықта өзімізді көрсету үшін алдымен бізге ғарыш саласына жақын салалардан мамандар қажет. Алайда, мұнда да қиындықтар бар екені белгілі болды. Атап айтқанда, кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау мәселелері көбінесе жүйесіз негізде шешіледі.

– Кадрлық қордың құрылымы туралы не айтасыз?

Қазіргі уақытта «Қазғарыш» қамқорлығымен жеті кәсіпорын жұмыс істейді. Саладағы мамандардың орташа жасы 45-тен сәл асады, 35 жастан төмені шамамен 30 пайызды құрайды. Жоғары білікті мамандар, ғылым кандидаттары, ғылым докторлары мен PhD докторлары жеткіліксіз екенін атап өткім келеді. Мысалы, 60 жастан асқан ғылым докторлары 70 пайыздан асады. Жоғары білікті кадрлардың қартыққа қадам басып бара жатқанын көріп отырмыз.

Сала қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне қатысты да туындайтын сұрақтар бар. «Қазғарыштың» қолдауымен «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» (ҰҒЗТО) АҚ салада жұмыс істейтін компаниялар арасында сауалнама жүргізді. Іс жүзінде барлық кәсіпорындар жұмысқа жаңадан қабылданған мамандардың біліктілік деңгейіне қанағаттанбайды. Кәсіпкер ретінде ойлана алу, теориялық кәсіби білім және тәуелсіз, дербес, креативті ойлау бойынша дайындықтың төмендігі байқалады.

Бұл ретте барлық ұйымдар жоғары оқу орнынан кейінгі даярлық пен біліктілікті арттырудың аса маңыздылығын атап өтіп, осы жұмыста оқу орындарына жәрдем көрсетуге дайын екенін жеткізеді. Сала үшін аралас мамандықтар бойынша кадрларды қайта даярлаудың маңызы зор. Мысалы, геоинформатика, үлкен деректерді талдау және жасанды интеллект, ғарыштық инженерия және IT дағдылары бар технологиялар керек.

Қазіргі таңда білім беру жүйесі түзетуді қажет ететінін ескерсек, оған көңіл бөлудің өзі маңызды. Әлемдік тәжірибеге жүгінейік. Дамыған елдерде маманның біліктілігін арттырудың үш деңгейіне басымдық беріледі. Бұл – жоғары оқу орындарындағы академиялық дайындық, мамандандырылған курстарда мерзімді (екі-үш жылда бір рет) біліктілікті арттыру және соңында өндірістік кәсіпорындарда практикалық тағылымдамадан өту. Жоғары технологиялық сала мамандарын даярлаудың әлемдік тәжірибесі практикалық жұмыс бағытына ауысқан. Демек, шетелдік ультра-капиталистік еңбек нарығында нақты нәтижеге қол жеткізе отырып, нақты мәселелерді шешу тәжірибесі жоғары бағаланады.

Бұл қазіргі заманғы жеке ғарыш саласының ең табысты кәсіпкерлерінің бірі Илон Масктың көзқарасын айқын көрсетеді. Жұмысқа орналасу бойынша әңгімелесу барысында ол әр үміткерден «Маған қандай ең қиын мәселелермен жұмыс істегеніңізді айтып берсеңіз. Оларды қалай шешкеніңіз туралы толық баяндасаңыз» деп, осы сұрақтарға жауап алады. Ол әрі қарай мәселені өз бетінше шешкен адамдар сол жағдайға толық қанық екенін және оның шешімін бүге-шүгесіне дейін білетінін айтады. Соған сәйкес олар күрделі техникалық жүйелерді құру және пайдалану кезінде ерекше сұранысқа ие болады.

Өзімізге оралайық. Зерттеу жүргізе келе өндірістік кәсіпорындар мен жоғары оқу орындары арасында нақты байланыстардың болмауы немесе оның жеткіліксіз болуы мамандарды даярлау сапасын төмендетуге әкеледі деген қорытынды шығардық. Қос тарап та, яғни жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар да бұл қажеттіліктің бар екенін мойындап, саланың болашақ мамандарын даярлау тұрғысынан бірлесіп жұмыс істегілері келеді. Дегенмен, бұлардың арасын жалғайтын «көпір» болмай тұр.

«ТЫҒЫРЫҚТАН
ШЫҒУДЫҢ
АЛТЫ ЖОЛЫ БАР»

– Марат Рахмалиұлы, бұл тығырықтан қалай шығуға болады? Бірінші кезекте не істеу керек?

– Менің ойымша, бірнеше нақты жүйелі жолы бар.

Бірінші. Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруден бастау керек. Атап айтқанда, ғылыми-оқытушылық және педагогикалық жұмыстың беделін қалпына келтіру жолына түсу, бұл жастарды ғылым мен білім саласында тұрақтандыруға әкеледі. Мұндай шешім материалдық-техникалық базаны нығайту және жетілдіру бағдарламаларымен тығыз байланысты. Әрбір университетте және ғылыми-зерттеу институтында жеке-жеке әр оқу орнына қатысты жұмыс тиімділігін талдау негізінде магистратура мен докторантураға қабылданатын адамдар санын оңтайландыру қажет. Негізгі мемлекеттік мүдделер, атап айтқанда, бюджеттік сала ұйымдары мен кәсіпорындардың қажетті мөлшерде жоғары білікті персоналмен қамтамасыз етілуі жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру жүйесін оңтайландыру жөніндегі жұмыстың басымдығы болуға тиіс.

Екінші. Бейінді кәсіпорындармен ынтымақтастықта университеттермен бірлесіп ғылыми білім беру орталықтарын құру. Біз қазірдің өзінде сол жұмысты бастап кеттік. 2021 жылы Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы және Алматы энергетика және байланыс университеті ғарыш саласы үшін жоғары білікті кадрлар даярлау мақсатында осындай құрылымды құру туралы шартқа қол қойды. Араға салынған көпір – осы орталық. Біз бұл туралы жоғарыда айттық. Ол болашақ мамандардың практикалық дайындығын (немесе қайта даярлауды) күшейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бңз «Роскосмостың» және корпоративтік университеттерді құру бойынша жұмыс істейтін ғарыш саласының басқа да әлемдік көшбасшыларының тәжірибесіне қараймыз. Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы қазірден-ақ тиісті ұсынысты енгізді.

Үшінші. Жоғары оқу орындары мен бизнес-қоғамдастықта сала үшін мақсатты кадрлар даярлаудан бас тарту және мақсатты келісімшарттық даярлыққа көшу қажет деп саналады. Яғни, ғарыштық байланыс, жерді қашықтықтан зондтау, аса жеңіл кластағы ракета тасығыш курстары бойынша мақсатты оқытуға көшу, ғарыштық робототехника және жер үсті инфрақұрылымын дамыту керек. Осылайша, кәсіпорын үш жыл ішінде (келісімшарттың қолданылу мерзімі) дайын инженерді, ЖОО кәсіпорыннан мамандар даярлауға кепілдендірілген тапсырысқа ие болады, ал жас түлек жұмыс орнына және әлеуметтік преференциялар мен жұмыс берушіден кепілдіктерге қол жеткізеді.

Төртінші. Қосымша кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша оқыту. Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау өндірістен қол үзбей жергілікті жерлерде сәтті жүргізілуі мүмкін. Бұл бағдарламаларды қысқа және орта мерзімді, нақты бағытқа ие және «Қазғарыш» корпоративтік университеті шеңберінде қашықтан оқытумен ұштастыра отырып, кәсіпорын қызметкерлерінің күшімен іске асыруға болады.

Бесінші. Үздік кадрларды тарту мен тұрақтандырудың маңызды құрамдас бөлігі Space Tech технологиялық платформасы алаңында жастарды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің инновациялық бағдарламалары шеңберінде болашақ технологияларымен жұмыс істеу үшін тәрбиелеу. «Болашақ» бағдарламасына «Ғарыштық инжиниринг» бағытын енгізу қажет. Сондай-ақ, ғарыш саласының жетекші әлемдік кәсіпорындарында өндірістік тағылымдамалар өткізу мүмкіндігін қарастыру керек. Осыған байланысты тиісті қаржы бөлуді қарастырған жөн.

Алтыншы. Осы жұмыстарды үйлестіру және кері байланыс орнату үшін республиканың ірі қалаларының бірінде Space Hub ұйымымен «Қазғарыштың» Қоғамдық кеңесін құру қажет.

Әрине, белгіленген ұсыныстар толық емес. Саланың кадрлық проблемаларын шешуде нақты нәтижеге қол жеткізу үшін нақты міндеттер қою да маңызды. Ғылыми жетістіктер нарық пен салаға қазір де, болашақта да қажет бәсекеге қабілетті өнімді құруға әкелуі керек. Коммерциялық табысы мол ғылымды қажет ететін өнім жасау жұмыс орындарын сақтап, олардың ауқымын кеңейтуді қамтамасыз ететініне сенімдімін. 

«АЛДЫҢҒЫ БУЫН
АРҚЫЛЫ ЖИНАҚТАЛҒАН
ТӘЖІРИБЕНІ
ЖАСТАРҒА БЕРУГЕ МІНДЕТТІМІЗ»

– Отандық ғылым мен технологияның алдағы дамуына коммерцияландыру да қандай да бір дәрежеде кепіл бола ала ма?

Нақтырақ айтсақ, нарықтың мүдделері мен талаптарын ескере отырып, шешімдерге назар аудару керек. Сайып келгенде, мемлекет мүддесі үшін бұл солай болуы тиіс. Оның ішінде отандық мамандардың импортты алмастыруға немесе белгілі бір технологияларды экспорттау мүмкіндігін жүзеге асыруға септік ететін позициялар құру керек.

Ғалымдар мен мамандардың құзыреттілігін арттырудың ең тиімді жолдарының бірі олардың нақты міндеттерді шешуге қатысуы, нарыққа қажет өнімді жасауы. Бұл өз кезегінде отандық ғарыш саласының әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді. Назар аударыңыз, ҒК (ғарыш кемесі) иерархиялық құрылымы бар күрделі техникалық жүйелер класына жатады: «ҒК ішкі жүйелер, ҒК ішкі жүйелердің компоненттері элементтер мен компоненттердің бөлшектері». Бұл ретте иерархиялық құрылым деңгейлерінің әрқайсысында өнім құнының жартысынан астамы бағдарламалық-математикалық қамтамасыз етудің құнын құрайды. Осындай өнімді әзірлеуге Қазақстанның ғарыш саласының ғылыми әлеуеті жетеді. Біздің ғылымда мұны істеуге болады, тек нақты міндет қойып, оны сәтті жүзеге асыру үшін жағдай жасау керек. Өйткені, әлемдік деңгейде атауы бар ірі ұйымдар, әдетте, ҒК өндірісі бойынша жұмыстар тізіміндегі барлық міндеттерді орындамайды, бірақ кооперация жолымен жүреді. Яғни, біз осындай бірлескен жобаларға қатыса аламыз және кез келген күрделі кластағы ҒК құрудың жаһандық өндірістік тізбектерінде өз орнымызды таба аламыз. Бұл өз кезегінде саланы дамытуға және мамандар арасында оған деген қызығушылықты арттыруға күшті серпін береді. Өндірілетін ғарыш техникасында қазақстандық үлесті арттыру жағын да есте ұстаған жөн.

Егер біздің ұсыныстарымызды нақтылайтын болсақ, онда отандық ғарыш саласын одан әрі дамыту және ғылыми, тәжірибелік-конструкторлық, технологиялық жұмыстарды ынталандыру жөнінде бірінші кезектегі қадамдар жасау қажет. Ең алдымен сұранысқа ие өнімдердің тізімін жасау. Мұны саланы дамыту жоспары негізінде әзірлеуге болады. Әрі қарай қолда бар мүмкіндіктерге сүйене отырып, бүгін не істей алатынымызды, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін өз күшімізбен қандай технологияларды әзірлеген дұрыс және қайсысын сатып алу оңай екенін анықтаймыз. Өз күшімен әзірленген технологиялардың көмегімен шешілетін бірқатар мемлекеттік міндеттерді айқындау қажет, тиісті міндеттер ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысында айқындалады және бекітіледі. Әрине, қаржыландыруға арналған мемлекеттік конкурсты өткізу кезінде дәл осындай жобаларға басымдық беру керек.

Аталған шаралар кешені отандық ғарыш саласы персоналының кәсіби деңгейін арттыруға, ғылымды қажетсінетін өнеркәсіп секторын жаңартуға, жоғары технологиялық салалардағы қазақстандық үлес пайызын ұлғайтуға және халықаралық ғарыш технологиялары нарығында бәсекелестікке ие шешімдерді ұсынуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, ұсынылған шаралар өзекті технологиялық өнімдерді әзірлеуге бағытталғандықтан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелігін бірнеше есе арттыруға ықпал етеді. Бірақ, ең алдымен, мұндай нәтижеге қол жеткізуге деген ұмтылыс іс жүзінде саланың кадрлық саясатын және кәсіптік даярлау процесін қайта іске қосады. Соның нәтижесінде біз алдыңғы буын арқылы жинақталған тәжірибені жас мамандарға беріп, олар үшін бұл саланың тартымдылығын арттырамыз.

– Марат Рахмалиұлы, ашық әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Дәулет ӘЛТАЕВ

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here