Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі Қазақстан-Германия институты құрылды

0
1537

Іле және Жоңғар Алатауының таулары алманың генетикалық отаны екені белгілі. Мысалы, Сиверс алма ағашы барлық алма ағаштарының түп атасы әрі сақтаушысы саналады. Американдық ғалымдар барлық дерлік сорттарда кездесетін осы түрдің маркерлік гендерін анықтады. Корнелл университетінің ғалымдары Фацио Дженароның жетекшілігімен «Женева» сериясының жаңа тамырлы шыбықтар тобын шығарды. Бұл қазіргі жеміс өсірудегі инновациялық төңкерістің бастамасы болды.

Өз кезегінде қазақстандық ғалымдар еліміздегі бақшаларда өзін табиғи жақсы танытқан және қазіргі уақытта итальяндық жеміс өсірушілер сынақтан өткізген «Жетісу» сериялы тамырлы шыбықтарының тобын өсіріп шығарды. Бұл туралы «Биологиялық әртүрлілік және экожүйелік қызметтер тұрақты дамудың құрамдас бөлігі ретінде» тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысқан ғалымдар мен сарапшылардың басқосуында айтылды.

Конференцияға Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Моника Иверсен, ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаев, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властемил Самек және Қазақстан, Қырғызстан, Қытай елдерінің көрнекті ғалымдары мен жетекші мамандары қатысты.

ҚазҰАЗУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, соңғы жылдары университет Германияның Қоршаған ортаны қорғау федералды қорымен бірлесіп, Қазақстан мен Қырғызстанның таулы аймақтарында эндемикалық алма ағаштары мен Сиверс сорттарының, ескі алма бақтарының биоәртүрлілігін сақтау бойынша «ALMA» жобасын іске асырып жатыр.

«Бұл жоба жалпыға бірдей қалыптасқан ғылыми нормалар мен стандарттар бойынша ең озық халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу және талдау нәтижесінде қабылданды. Ғалымдар Сиверс алма ағашының ерекше түрін сақтау мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі зерттей келе, оның практикалық қолдануын жандандырудың кешенді шараларын ұсынды. Адамзаттың шаруашылық қызметі нәтижесінде жоғалуға айналған қолда бар жабайы жеміс ормандарын күту және қалпына келтіру, сирек түрлердің генетикалық тазалығын сақтау мен генетикалық эрозияға ұшырауды болдырмау бағытындағы күресті күшейтуіміз қажет», – деп атап өтті Ақылбек Қажығұлұлы.

Жобаның маңызды элементі биоалуантүрлілікті сақтаумен қатар, автохтонды, яғни жергілікті сорттарды қалпына келтіру болып табылады, олардың кейбіреулері осы уақытқа дейін сертификатталмаған. Қазақстанда өзіндік формасы мен дәмі бар, бір ғана «Грушевка Верненская» автохтонды сорты тіркелген. Бірлескен жоба аясында ғалымдар жеміс дақылдарының ескі сорттарын қайта жаңғыртып, жаңа түрлерін өсіре бастады. Бұл жаңашылдық фермерлер тарапынан оң бағасын алды. Өйткені, жаңа тұқымдардың барлығы табиғатқа бейімделгіш, дәмі мен қасиеттері бойынша шетелдік сорттардан асып түседі. Жоба әйгілі қазақстандық «Апорт» алма ағашының брендін жандандыру үшін өте маңызды болып тұр.

Алдағы уақытта Қазақ жеміс-жидек және жүзім шаруашылығы ҒЗИ ХХ ғасырдың ортасында өсірген Ренет Бурхардта және Ренет Ландсбергский (жазғы және қысқы лимон), Столовка, Пеструшка сияқты танымал сорттар сөрелерде қайтадан пайда болып, қазақстандықтарды қуантады деп күтілуде. Ғалымдардың пікірінше, оларды көбейту үшін ҚазҰАЗУ-да толыққанды жұмыс істейтін Микроклоналды көбею зертханасын пайдалануға болады.

Ақылбек Күрішбаев Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігін және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында өсімдіктер мен жануарлардың генетикалық ресурстарының Ұлттық банкін құруды ұсынды. Ұлттық банкті құру республиканың агроөнеркәсіптік кешенінде ғана емес, Орталық Азияда да генетикалық ресурстарды жұмылдыру, мониторингтеу, сақтау, қалпына келтіру және ұтымды пайдалану жүйелерін құру есебінен отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

«ALMA» жобасының үйлестірушісі, Дрезден техникалық университетінің профессоры, NETSCI GmbH бас директоры, доктор Маттиас Крамер өзінің «Планетарлық шекаралар мен тұрақты дамудың мақсаттары – биоәртүрлілік және экожүйе қызметтері, экономикалық өсудің негізі» атты баяндамасында бірлесе жүргізілген жұмыстардың маңыздылығына баса назар аударды.

Маттиас Крамер  Алматыда бірнеше рет болып, жаңа өсімдік сорттарын шығарумен және алманың алуан түрлілігін зерттеумен айналысады. Жабайы Сиверс алма ағашының әртүрлі ауруларға төзімділігіне қайран қалған ол өз Отанында клон сорттары мен тұқымдарынан алма бағын өсірді. Оның айтуынша, биоалуантүрлілік саласындағы үш елдің бірлескен жұмысы АӨК алдында үлкен перспективалар ашпақ.

«Біз бұл мәселені түрлі кездесулерде бірнеше рет талқыладық, тағы да еске салғым келеді: тек Қазақстан мен Қырғызстан аумағында ғана сақталған Сиверс алма ағаштары – бұл ұлттық қазына! Егер қазақтар мен қырғыздар Сиверс алма ағашына баса көңіл аударса, олар қосымша экспорттық өнімді ғана емес, жаңа жұмыс орындарын да аша алады, сол арқылы сіздердің алмаларыңыз бүкіл әлемге танымал болады», – деді доктор Маттиас Крамер.

Сөз алған басқа спикерлер де қоршаған ортаның ластануы, климаттың өзгеруі жағдайында табиғи генофонд, сондай-ақ оның негізінде алынған және әлемге танымал сорттар иммунитетті жоғалтуы мүмкін екенін атап өтті. Мәселен, Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Бақытжан Дүйсембеков Сиверс алма ағашын аса қауіпті және карантиндік зиянкестер мен аурулардан қорғаудың өзекті мәселелеріне тоқталды.

«Ең алдымен, адамдардың Сиверс алма ағашының табиғи өсу ортасына тікелей әсерін азайтуымыз керек. Мысалы, БҰҰ мәліметтері бойынша, 1934 жылы тек Кіші Алматы шатқалындағы алма ормандарының ауданы 190 га құрады, ал 2004 жылы ол 9 га дейін қысқарды. Жоңғар Алатауында елді мекендердің шалғайлығы мен антропогендік стресстің болмауына байланысты алма бақтары біршама сақталды. Қазіргі уақытта Іле және Жоңғар Алатауындағы алма ормандарының жалпы ауданы 14 037 га құрайды», – дейді Бақытжан Дүйсембеков.

Жеміс өнеркәсібі индустриясының дамуын және адамның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, осынау таулы жерлердегі жабайы жеміс ормандары болып табылатын табиғи генетикалық ресурстарды сақтау шараларын күшейту қажет. Сөйлеушілер Сиверс алма ағашын сақтау мәселесін толық шешу үшін мемлекеттік, ғылыми-зерттеу, білім беру, халықаралық ұйымдар арасында жан-жақты үйлестірілген жұмыстарды жүйелі жүргізуді ұсынды.

Кешегі халықаралық конференция биоәртүрлілік пен климаттың өзгеруі, Сиверс алма ағашын аса қауіпті және карантиндік зиянкестер мен аурулардан қорғау, табиғатты қорғауды біріктіру, жаһандық факторлардың аймақтық қосылған құн тізбегіне және биоәртүрлілікке әсері т.б. мәселелер бойынша ақпарат алмасудың маңызды алаңына айналды. 

Конференция аясында ҚазҰАЗУ базасында Экожүйелер мен биоәртүрлілікті қорғау жөніндегі Қазақстан – Германия институтының салтанатты ашылуы болып өтті және ҚазҰАЗУ мен «KaGEB» арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here