Запастағы офицерлер жауынгерлік оқу-жаттығу жиынына шақырылды

0
614

Астананың жүзден астам запастағы офицері жауынгерлік оқу-жаттығу жиынына жіберілді. Әскери міндеттілер елорданың аумақтық қорғаныс бригадасында дайындықтан өтеді.

Әскерге шақырылғанға дейін олар әскери қызметке жарамдылығын анықтау үшін медициналық тексеруден өтті. Бас қаланың Қорғаныс істері жөніндегі департаменті алаңға келгендерді тексерген соң әскери міндеттілер құрамы 99255 әскери бөліміне жіберілді.

– Жауынгерлік оқу-жаттығу жиыны жұмылдыру ресурстарын дайындау және қайта даярлау мақсатында өткізіліп отырады. Заңнамаға сәйкес денсаулық жағдайы бойынша жарамды 60 жасқа дейінгі запастағы әскери міндеттілер әскерге шақырылуға жатады. Әскери жиынды өткізу кезеңінде олардың жұмыс орны, атқаратын лауазымы сақталады, сондай-ақ орташа жалақысы төленеді, – деді жиынға шақыру шарттарын айтқан Қорғаныс істері жөніндегі департаменті жұмылдыруды жоспарлау бөлімінің бастығы подполковник Рахат Жолдасбеков.

Он күн ішінде запастағы әскерилер тағайындалған лауазымдарға сәйкес даярлықтан өтіп, жауынгерлік үйлестіру шараларына қатысып, практикалық машықтарын пысықтайтын болады.

– Мен 2017 жылы әскери кафедра бітірген запастағы офицермін. Бұл жиынға келуімді міндетім әрі борышым деп білемін. Үйренген машықты меңгере білу де пайдалы. Бұл жиын бізге осындай мүмкіндік береді, – деп түсіндіріп өтті әскери міндетті Ержан Болатұлы.

Жауынгерлік жиын барысында әскери міндеттілер әскери мүлікпен, тамақпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Оқу-жаттығу жиынының бағдарламасын сәтті меңгерген әскери міндеттілерге кезекті әскери атақтар берілетін болады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here