«Музей түні» – Қарулы күштердің музейі акция өткізуде

0
338

«Музей түні-2023 шарасы «Қазақстанның тірегі – айбынды жастар» деген тақырыпта Халықаралық музейлер күніне орай өткізіліп отыр. 

Мемлекеттік әскери тарихм музейдегі жиын қызықты өтеді деп күтілуде. Келушілер үшін түрлі іс-шаралар, байқаулар және театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылмақ.

Мұнда олар әскери техника және қару-жарақ үлгілерімен танысып, құрмет қарауыл ротасының дефилесін, Орталық әскери оркестр, Орталық ансамбль мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының балалар шығармашылық студиясы дайындаған концерттік бағдарламаны көреді.

Қазақстан Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейі 2015 жылы құрылған. Бұл ежелгі дәуірден бастап қазіргі заманға дейінгі елдің әскери тарихына арналған алғашқы және жалғыз ірі музей.

Жыл сайын мекемеге қырық мыңнан астам адам келеді, олардың ішінде алыс және жақын шетелдерден келген қонақтар да болды. Әсіресе мамырдағы мерекелерде мұнда адам көп келеді.

– Біздің музейге жиырма мыңнан астам экспонат қойылған. Олардың арасында әйгілі мемлекет қайраткерлерінің, Ұлы Отан соғысы мен жергілікті қақтығыстарға қатысқан ардагерлердің ұрпақтары сыйға тартқан отбасылық жәдігерлер де бар. Бізде Бөгенбай, Айдарбек, Қожаберген және басқа да даңқты батырлардың қару-жарағы мен сауыт-саймандары сақталған, – деді музей қоры жайлы гид Әлия Сәрсенова.

Мұнда сирек кездесетін тарихи және мәдени ескерткіштер, тас дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі қазақ жауынгерлерінің қару-жарағы мен сауыт-саймандары және картиналар, тарихи құжаттар мен фотосуреттер бар.

«Мәңгілік Ел» атриумы, «Көне заман» – XIX ғасыр» залдары, «ХХ ғасырдың әскери тарихы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері», «ХХ–ХХІ ғасырлардың қаруы», «Бейнелеу өнері», «Танк әскерлерінің тарихы» ғимараттың сәулетіне сай келіп, үйлесімді орын тапқан. Сондай-ақ, ғимарат алдындағы алаңда ашық аспан астына әр кезеңдердегі әскери техника қойылған.

Экскурсиялар барысында пайдаланылатын техникалық құралдар, Мәңгілік алау голограммасы және мультимедиялық LED-экрандар уақыттың тынысын жаңғыртуға, елін-туған жерді қорғаған қазақ батырларының рухын сезінуге ықпал етері анық.

Жоғарыда аталған құралдардың көмегімен музейге келушілер Ұлы Отан соғысының, қазақ хандары билік еткен кезеңнің, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен қазіргі заманғы әскери оқиғалардың нағыз қызықты кадрларын көре алады.

Осындай тамаша идеяларды іске асыру үшін экспозиция жасаушылар көп күш-қуат, уақыт пен ресурстар жұмсады. Дегенмен нәтиже ойдағыны ақтады. Қазақстанның тарихи өткені мен бүгіні күнін көрген келушілер рухани нәр алып, мақтаныш сезіммен шығады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here