Жас сарапшылар клубының кезекті отырысы өтті

0
620

Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Парламент Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының кезекті отырысы өтті. Онда қатысушылар әлеуметтік-еңбек қатынастары бойынша мәселелерді талқылап, Әлеуметтік кодекс нормаларын іске асыруға қатысты ұсыныстарын айтты. Іс-шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қатысты.

Отырысты ашқан Сенат Төрағасы еліміздің алдында жаңа сын-қатерлер тұрғанына назар аударды. Мәулен Әшімбаев қазір республикалық бюджеттің жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалатынын айтты. Соған қарамастан әлеуметтік төлемдерді ұтымсыз, ашық емес және әділетсіз бөлу жағдайлары жиі тіркеледі. Сондықтан жаңа әлеуметтік саясатқа баса мән беріліп отыр. Алдағы 1 шілдеде күшіне енетін Әлеуметтік кодекс осы саланы трансформациялайтын негізгі тетіктердің бірі болмақ.

«Үкімет Әлеуметтік кодекстің жобасын екі жылға жуық уақыт дайындады. Көптеген пікірталастар мен талқылаулар болды. Кодекс Парламенттің функцияларын Сенат атқарған кезеңде қабылданғанын білесіздер. Палата депутаттары жұмысты жүйел әрі өте мұқият жүргізді. Кодекс жобасы мен ілеспе құжаттарды талқылау барысында 500-ге жуық түзету ұсынылды. Мемлекет басшысы Әлеуметтік кодекстің іске асырылуын ерекше назар ұстап отыр. Сенат тарапынан Кодекс ережелерінің орындалуы бойынша мониторинг жүргізіледі. Алдағы уақытта бұл Құжат азаматтарды қолдау бағытына тың серпін береді және еліміздегі әлеуметтік әл-ауқат деңгейін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Сенат Спикері.

Отырыс барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Кодекс арқылы енгізілетін жаңалықтарға тоқталды. Сондай-ақ ол Кодексті әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамында болған қатысушыларға алғысын білдірді.

Жас сарапшылар клубының мүшелері де Кодекс нормаларын іске асыруға қатысты ұсыныстарын айтты және саладағы жағдайды одан әрі жақсарту жөніндегі пікірлерімен бөлісті.

Атап айтқанда, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Асқар Қысықов, Кәсіби әлеуметтік қызметкерлер ұлттық альянсының атқарушы директоры, әлеуметтік жұмыс жөніндегі PhD Динара Есімова, ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Жанар Санхаева, «Qoldau» білім беру ұйымдарының қамқоршылық кеңесі» ҚБ басшысы Фарида Сағындық, Еңбек және әлеуметтік құқық орталығының басшысы, М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университетінің Associate Professor-ы, заң ғылымдары жөніндегі PhD Мүслім Хасенов және тағы басқа сарапшылар сөз сөйледі.

Сенат Төрағасы отырысты қорытындылай келе, жаңа идеяларды әзірлеу кезінде мемлекеттің сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеуі маңызды екенін айтты. Сондай-ақ Клуб мүшелері алдағы уақытта да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен ынтымақтастықты арттыра түсетініне сенім білдірді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here