Былтыр өлім жазасы қай елдерде қолданылды?

0
589

«Amnesty International» халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемдегі өлім жазасына қатысты 2022 жылға арналған есебін жариялады. Ұйым деректеріне сүйенсек, былтыр әлемнің 20 елінде кем дегенде 883 адамға өлім жазасы қолданылған. Бұл 2021 жылға қарағанда 53%-ға артық көрсеткіш. Ал, аталған деректер мемлекеттік құпия саналатын Қытай, Иран, Солтүстік Корея, Сирия, Ауғанстан, Вьетнам елдеріндегі өлім жазасына кесілгендердің нақты санын білу мүмкін емес. Бір Қытайдың өзінде жылына мыңнан артық адам жазаның ең ауыр түріне тартылады. Бірақ, оған қатысты ресми мәлімет жарияланбай келеді.

Былтыр Иранда жағдай күрделене түсті. Сиыр жылы 314 адамды өлім жазасына кескен Тегеран барыс жылы кемінде 576   адамды дарға асты. Сауд Арабиясында да жағдай көңіл көншітпейді. Тіпті, Эр-Рияд өткен жылы бір күнде 81 адамды өлім жазасына кескен. Мысырда 24 адамға, АҚШ-та 18 адамға, Сингапурда 11 адамға, Кувейтте 7 адамға, Палестинада 5 адамға, Бангладеш пен Мьянмада 4 адамға, Беларусь пен Жапонияда 1 адамға ауыр жаза қолданылды.

Бір атап өтерлігі, бүгінде әлемнің 112 елі өлім жазасынан мүлдем бас тартқан. Сол елдердің қатарына былтыр ресми түрде Қазақстан, Папуа-Жаңа Гвинея, Сьерра-Леоне және Орталық Африка Республикасы енді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here