Гиппократ антына берік болған ағайындылар

0
1988

Ізденімпаз журналист үшін тақырып қашан да табылады. 1982 жылы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін аяқтағаннан кейін еңбек жолымды облыстық «Қостанай таңы» газетінде бастадым. Бір күні сол кездегі редакторым Сержан Үсенов маған есімі облысқа белгілі бір оташы жайлы очерк жазуымды тапсырды.

ӘКЕ
АМАНАТЫНА
АДАЛ
БОЛҒАН ҰЛ

Әрине, ол кезде жұмысқа құлшынып тұрған кезіміз. Басшыларымыз тапсырма берсе, оны дер кезінде орындағанша асығатынбыз. Кәсіби этикамызды сақтап, сол жылдардағы облыстық аурухананың бас дәрігері Жаппас Айсиннің қабылдауында болдым. Жәкең өте қазақы кісі еді. Ана тіліміздегі басылымдарға қашан да ерекше жанашырлықпен қарайтын.

Содан уақытты көп созбай бірден келген шаруама көштім. Ол маған осы ауруханада жұмыс істейтін беделді оташы Бексұлтан Серікбайұлы Тұтқышевпен кездесуімді өтінді. Содан торакальды хирургия бөліміне жіберді. Мұнда медицина ғылымдарының кандидаты, білікті дәрігер Валерий Цхай мені жылы жүзбен қарсы алып, қарамағында қызмет атқаратын Бексұлтан ағаны өзіне шақырды. Кейіпкерім түр-сымбаты келіскен, ұлтымыздың кәдімгі нар тұлғалы марқасқа жігіті екен. Үстіндегі киген киімі мен сөйлеген сөзінен өз кәсібінің нағыз шебері, жауапкершілігі мол азамат екендігі бірден байқалды.

Екеуміздің әңгімеміз өте жарасты. Ол өзінің сонау артта қалған балалық балдәурен шағы, дәрігер ретінде қалыптасу кезеңдері жайлы тебірене баяндады. Кезінде ардақты әкесінің: «Балам, Бексұлтан, өскенде тек менің емес, еліңнің ұлы бол!» дегені көңілінде мәңгілік сақталып қалғандығын айтты.

Өсе келе ол әкесінің аманатын орындау үшін адам жанының арашашысы болуды алдына үлкен мақсат етіп қойды. Соған талмай тырысты. Республикамыздағы білікті дәрігерлердің қара шаңырағы болып табылатын Қарағанды мемлекеттік медицина институтына түсті. Студенттік жылдар тынымсыз ізденіспен өтті.

Қолына диплом алған соң, туған жеріне оралып, Қостанай қалалық ауруханасына травматолог-дәрігер, хирург болып, халқы мен еліне адал қызмет етті. Талай алдына соңғы үмітпен келген, өлім мен өмір арасында жатқан сырқаттарды қатарға қосты. Аға буын өкілдерінің ақ батасын алды.

«Алғыспен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» демекші, жерлестерінің шынайы тілегінен де болар, мәртебесі асқақтады. Есімін ел таныды. Жас дәрігерлер өзін тәлімгер тұтты. Өзінің біліктілігінің арқасында облыстың аурухана бас дәрігерінің орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. Бірақ, ешқашан кейбіреулердей кеудесін көтеріп, менмендікке салынған жоқ. Өзін қай ортада болмасын қарапайым ұстады. Кішіпейілдігімен көзге түсті. Ол үшін барлық адамдар бауыр, күллі ұлт өкілдері дос әрі туысқан болатын. Сондықтан да шығар, әлі күнге дейін үлкенді-кішілі қауымның бұған деген құрметі ерекше.

ЕЛІМ
ДЕП СОҚҚАН
ЖҮРЕК

Уақытпен санаспай әрі білгірлікпен атқарылған жұмыс қашан да өз жемісін беретіндігіне оның ғұмыры куә. Қостанай облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының I, II және III шақырылымдарының депутаты болып сайланды.

Қоғам қайраткері ретінде күллі қазақ еліне белгілі тұлға елордамыз Астанада қаншама беделді қызметтерді атқарды.

Әрине, оның бәріне тоқталып жату да мүмкін емес. Бексұлтан Серікбайұлының «Республикалық балаларды оңалту орталығы», «Ұлттық нейрохирургия орталығы», «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» акционерлік қоғамдары кеңесінің төрағасы болған жылдарын атасақ та оқырмандар біраз жайға әбден қанығары сөзсіз.

Халық қалаулысы атанған кезеңдерде денсаулық саласының өркендеуіне, жұртшылықтың мұң-мұқтажына ерекше назар аударды. Сенаттағы әлеуметтік-мәдени даму, экономикалық және өңірлік саясат жөніндегі тұрақты комитеттерінің мүшесі болғанынан да хабардармыз. Ата-аналар беделді азаматтың «Отбасы» депутаттық тобының жетекшісі секілді қоғамдық қызметті де жоғары жауапкершілікпен атқарып, ана мен баланың тағдырына әрқашан да сергек қарау қажет екендігін бір сәтке де ұмытқан жоқ. 

Өзінің әу баста таңдап алған мамандығын үнемі жетілдірумен қатар медицина ғылымын дамытуға да өзінің қомақты үлесін қосты. Осыдан біраз жыл бұрын мол жинақтаған бай тәжірибе, үздіксіз ізденістің нәтижесінде кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Осылайша қоғамдық, лауазымдық қызметпен ғылымды тығыз ұштастырып, республикамыздағы әріптестерінің арқасында өзінің дара да сара жолын қалыптастырды. Қаншама алынбастай көрінетін биіктерді бағындырып, адамгершілік асыл қасиеттерімен кейінгілерге ғибрат көрсетті. Кімді болсын көздеген мақсатқа кәсібіне шын берілгендік, жоғары парасаттылық жеткізетіндігін іс жүзінде дәлелдеді.

Еңбек қана құрмет пен даңққа бөлейтіндігін танытты. Егер біз оның өткен жылдардағы алған марапаты мен абырой-беделін тізбектейтін болсақ газет беті жетпейді. Оның омырауына тағылған «Құрмет», «Содружество» ордендері мен бірнеше медальдар, Президенттің Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары кейіпкеріміздің өмірінің жарқын беттері болып табылады.

Ол қызметтен тыс кездерінің бәрінде уақытты барынша тиімді пайдалануға тырысады. Осы кезге дейін қос монография, хирургия, денсаулық сақтауды ұйымдастыру тақырыбына арналған қырықтан астам ғылыми мақалаларды жазды. Оның осы беделді басылымдарда жарық көрген құнды дүниелерін медицина саласында жүрген әріптестері, жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болашақ дәрігерлер іздеп жүріп оқиды.

Бексұлтан ағамыздың берекелі отбасын әріптестері мен замандастары дәрігерлер шаңырағы деседі. Өйткені, жеңгеміз Гүлнәр да ақ халатты абзал жан. Дәрігер ретінде есімі баршаға жақсы таныс.

Ерлі-зайыптылар ғұмырларын денсаулық саласына арнаумен қатар өмірлерінің қуанышы балаларын да заман талабына сай тәрбиеледі. Олар да әке-шешесінің сенімін ақтады. Бекең мен жеңгеміз немере сүйіп, бақытты ата-әже атанды.

Азаматтығына кісілігі мен парасаттылығы үйлесім тапқан көрнекті тұлға туған жерін алтын бесікке балайды. Қостанайды жер бетіндегі ең көрікті де сұлу қала ретінде өзгелерге айтып отырады. Ата-анасының әруағына құран бағыштап, ағайын-туыстарының, жастық шақтары бірге өткен қимас достарының, әріптестерінің қуаныштарына ортақтасып отырады.    

Облыс орталығындағы тың өзгерістермен, аспанмен тілдескен биік ғимараттарды, оқтай түзу көшелерді, өзі бір кездері еңбек еткен қалалық, облыстық және басқа да ауруханалардағы қалың жұртшылық үшін жасалып жатқан игіліктер мен жаңа теңдесі жоқ құрал-жабдықтар мен апараттарды көріп, шексіз қуанышқа кенеледі. Өйткені, оларда өзінің де қолтаңбасы бар. Жастығы жалынға толы жылдары осында өтті. Осының бәрі де тәуелсіздіктің, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінің арқасы деп кеудесін мақтаныш сезімі кернейді.

ІНІСІ ДЕ
АҒА ЖОЛЫН
ЖАЛҒАДЫ

Өзіміз азаматтық биік тұлғасы жайлы тілге тиек еткен Бексұлтан ағаның бауырлары да көпшіл, жүректері елім, халқым деп соғатын жандар. Соның бірі – халықтың арасында үлкен құрметке бөленген Сұлтан Серікбайұлы. Ол да ағасы секілді нақты істің адамы.

Кезінде Бексұлтан ағасының жолын қуып, Қарағанды медициналық институтын аяқтады. Өз саласын жетік меңгерген білікті маман осы уақытқа дейін көп жылдар бойы өңіріміздегі жұршылыққа кеңінен танымал медицина мекемелерін басқарды.

Қайда болса да қарапайым халықтың алғысына ие болып, кәсібін үздіксіз шыңдап, жетілдірумен болды. Қазір де Қостанай қалалық урология бөлімінде жоғары санатты дәрігер. Қаншама адамдарға дертіне шипа тауып, құлан таза жазылып, отбасыларына оралуына септігін тигізді.

Ағайынды Бексұлтан және Сұлтан Тұтқышевтар ешқашан атақ дәреже, мансап пен байлық қуған азаматтар емес. Олар үшін ең бастысы – халықтың алғысына бөлену. Олардың денсаулығы, амандығы, отанымыздың берекесі бәрінен де қымбат.

Сұлтекең де түтіні түзу шыққан, берекелі де сыйластығы жарасқан отбасының тірегі. Оның ғұмырлық серігі Дәмеш те ер азаматының қадір-қасиетін жоғары бағалайтын әрі күндіз-түні қызмет бабына байланысты тыным таппайтын отағасының сенімді серігі.

Өзі Қарағанды облысының тумасы. Жастайынан ардақты ата-аналарының арқасында тағылымды тәлім-тәрбие алған. Ол бойындағы ізгі қасиеттер мен адамгершілік қырларынан анық байқалады. Сөз саптасынан инабаттылығы айқын сезіледі.

Ол Қостанай облыстық туберкулез диспансерінде ұзақ жылдар бойы абыроймен қызмет атқарды. Өз саласының нағыз майталманы атанды. Ғұмырларын медицинаға арнаған Сұлтекең мен асыл жеңгеміз Дәмеш ынтымағы жарасқан жанұя иелері.

Бұл шаңырақта Махаббат және Мәдина есімді сүйікті қыздары кішкентайынан зерек болып өсті. Жүректері қалаған мамандықтарды игерді. Жоғары білімді қарындастарымыз ата-анасының ғана емес, ел абыройын асқақтатып келеді. Қазіргі таңда осы ұрпақтарынан тараған немерелері Әлішер, Айниса, Амеля мен Марк әулеттің көз қуаныштары.    

Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген даналы сөзі бар. Бұл өмірден ойып алынған шындық екені белгілі. Ерлі-зайыптылар балаларын ес білгеннен адамның қадірін біліп, мамандық таңдауда ешқашан да қателесуге болмайтындығын айтудан жалықпады. Себебі, жүрек қалауымен таңдалмаған кәсіп ешқашан да нәтиже бермейтіндігін олар жақсы біледі.

 Бүгінде қостанайлықтар белгілі дәрігерлер ағалы-інілі Бексұлтан және Сұлтан Тұтқышевтерді үлгі тұтады. Еңбек жолын жаңадан бастаған бозбалалар мен бойжеткендер солардай халыққа танымал әрі білікті мамандар болуға талпынады.

«Мына тіршілікте адам баласына жақсылық жасаудан әрі оларға адал қызмет етуден артық бақыт жоқ. Дәрігер тек дәрі-дәрмекпен ғана емес, жылы сөзімен де емдей білуі қажет. Өз басым өткен жылдарда осыны жете түсіндім. Елімізде медицина қарқынды дамып келеді. Білімді жастар көп. Бай тәжірибемді соларға үйретіп, халықтың денсаулығын нығайтуға барымды сала бермекпін», – дейді Сұлтан Серікбайұлы ауруханада болған сұхбат кезінде.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here