Азат ұлттың нышандарына құрмет қандай?

0
1132

Егемендіктің ең басты белгісі Тәуелсіздікті білдіретін мемлекеттің рәміздері. Неге десеңіз, әлемде өз азаттығын ала алмай, өз шекарасын сыза алмай, өз туын желбірете алмай, өз гимнін кеудесіне қойып шырқай алмай жүрген ұлттар көп. Мұны үш жүз жыл бойғы бодандық бұғауынан азат болған қазақ ұлты да жақсы түсінсе керек. Сондықтан Тәуелсіздігіміздің нышандарын көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз. Өкінішке қарай, осыған немқұрайлы қарайтын азаматтар арамызда аз емес. Жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік рәміздеріне құрметсіздік танытқан бірнеше келеңсіз оқиғалар орын алды.

Биылғы жылдың сәуір айының соңында әлеуметтік желі арқылы Талдықорғандағы сот ғимаратының аумағында ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының эталоны аяқ астында тапталып жатқаны белгілі болды. Мұны жергілікті блогер Сандуғаш Дүйсенова бейнетаспаға түсіріп алып елге таратты. Жетісу облыстық сотының Баспасөз қызметі Елтаңба жақын арада ауыстырылғанын, облыстық сот ғимаратында жөндеу жұмыстарының басталуына байланысты оның макеті сол күні сыртқа шығарылғанын айтып ақталды. «Алайда, ол жұмыс күнінің соңына дейін сақтау қоймасына қайта қойылуы керек еді. Негізгі құралдарды есептен шығару кестесі бойынша Елтаңба 2023 жылғы 31 шілдеде жойылуға тиіс болатын. Оған дейін ескі Елтаңба сот ғимаратында сақталуы керек», – деп нақтыланды хабарламада. Аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 418-бабының 1-1-бөлігімен облыстық сот әкімшілігінің инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы жауапқа тартылды.

Мамыр айында бірнеше жағдайға тап болдық. Әрине, бұл Мемлекеттік Гимнге қатысты. Астанадағы Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында күрес түрлерінен Азия чемпионатының жарысы өтті. Дүбірлі додада 22 мемлекеттен келген 400-ге тарта балуан бақ сынады. Жарыс кезінде ұйымдастыру комитеті салтанатты ашылу барысында Қазақ елінің ҚР Мемлекеттік Гимннің фонограммасын қоюға ұмытып кеткен болатын. Алтын медаль жеңіп алған спортшы Санжар Тәшкенбайды марапаттау рәсімінде Қазақстанның Гимні шырқалды. Алайда, Гимн орта тұсынан үзіліп қалды. Гимнді тоқтату себебі әзірге белгісіз. Осыған қарамастан қазақстандық жанкүйерлер оны музыкасыз аяқтады.

Астанада ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөнінде республикалық комиссияның отырысы өтті. Отырыста Атырау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің Мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жұмыстарының есебі тыңдалды.

Жиын барысында Мемлекеттік рәміздерді пайдалану кезінде кемшіліктерге жол берген кейбір өңірлерге ескерту жасалды. Сондай-ақ, белгіленген стандарттарды сақтау мақсатында өкілетті органдарға Мемлекеттік рәміздерді дайындайтын мекемелермен тиісті жұмыс жүргізу ұсынылды.

Отырыс соңында Ерлан Қарин құзыретті органдарға Мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау бағытындағы жұмыстарды бақылау ісін күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының бастамасымен Қазақстан бойынша 2,3 мыңнан астам қалалық, аудандық, кенттік, ауылдық округ әкім аппараттары арасында Мемлекеттік рәміздердің ұлттық стандартқа сәйкес екендігіне мониторинг жұмыстары жүргізілді. Сонда Елтаңбаның ескі нұсқасын қолданған 328, Елтаңба бейнеленбеген бланкі қолданған 59, мөріндегі Елтаңбадағы «ҚАЗАҚСТАН» жазуын «QAZAQSTAN» латын әліпбиіне ауыстырмаған 562 заң бұзушылық тіркелді.

Бүгінде ұлттық орталықтың жұмыс жоспары бойынша Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстарында «ҚР Мемлекеттік рәміздерін насихаттау және ұлттық стандартқа сай қолдану бағытындағы жұмыстар»  тақырыбында мобильді-әдістемелік семинарлар өтті. Мемлекеттік рәміздердің қолдану бағытында мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда кемшіліктер көп анықталып, жергілікті ішкі саясат бөлімдерінде идеология жұмыстарының төмен жүргізілетіні байқалды.

Мемлекеттік мекемелердің рәміздерді пайдалану ережесін бұзу фактілері көптеген жерде талқыланбайды. Әр облыс, қала, аудан мен ауылдың әкіміне дейін барып, тәуелсіз мониторинг жасау керек. Ол арнайы мемлекеттік тапсырыс арқылы жасалса жөн болмақ. Өкінішке қарай, жасалып жатқан қоғамдық жұмыстарымыз министрліктерден қолдау таппайтынына қарным ашады. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көрші елдерде өз рәміздерінің жоғары деңгейде насихатталуына көп көңіл бөлінеді, бұл бағытта әдістемелік семинарлар мен мониторинг шараларын өткізуге жылына қомақты қаржы қарастырылады.

Руслан ХАМЗА,
Мемлекеттік рәміздерді
насихаттау жөніндегі
ұлттық орталығының атқарушы
директоры, Қазақстан
Журналистер одағының мүшесі

АТЫРАУ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here