Қасіреттен қасиетке айналған киелі орында тарихтан тағылым алар жиын өтті

0
1802

Алматы қаласынан 40 шақырымдай жерде Жаңалық ауылы орналасқан. Алматы облысының Талғар ауданына қарайтын ауылдың аумағында отызыншы жылдардың ойранында «қызыл террордың» құрбаны болғандардың қаны төгілген. Сол ауылда 2018 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылған еді. Сондағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» залында жазықсыз жазаланған төрт мыңнан астам адамның аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып жазылып, қабырғаларына ілінген. Әрине, қара тақтаның қасына келгенде денең түршігеді. Қасіреттен қасиетке айналған киелі орынға тек музей ретінде ғана емес, нағыз ғылыми орталық ретінде қараған жөн болмақ.

Сол Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне орай «Азалы жылдар мен азапты жолдар: тарих сабағы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тарихтан тағылым алар тартымды жиынға саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның, өңірлік комиссияның жұмыс топтары өкілдері, отандық және шетелдік тарихшы ғалымдар, жоғары оқу орындары оқытушылары, архив қызметкерлері мен өлкетанушылар қатысты.

Конференцияда қуғын-сүргін мен ашаршылықты зерттеумен айналысып жүрген филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры, әлихантанушы-ғалым Сұлтан Хан Аққұлы, жазушы, публицист Бейбіт Қойшыбаев қатарлы архив ақтарып, тарих түгендеген қайраткерлер сөз сөйледі.

Жиын барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы № 456 Жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның жұмыстары таныстырылды. Сонымен қатар, «Кеңестік дін саясатымен қудаланғандар», «Алатау өңірі. Алаш қайраткерлері», «Хужирты құрбандары», «Серт», «Мұстафа Шоқай: өмірі мен қызметі, шығармашылығы», «Қожықов Қоңырқожа шығармалары», «Үш биік», «Мүбинә Ниязова: Алаш азаттығы жолында», «Түркістан облысындағы 1920-1921 жылдардағы және 1930-1933 жылдардағы ашаршылық», «Тараз тарланы», «Бостандық және Созақ аудандарындағы көтерілістерге қатысты архивтік құжаттар мен мақалалар жинағы» сияқты құнды еңбектердің лентасы қиылды. Алатаудың ар жағынан келген айыр қалпақты ағайындардың да кітабы оқырманға жол тартты. Айталық, Толебек Абдырахманов, Болотбек Абдрахманов, Жумагул Байдилдаев пен Салтанат Асекованың «Книга памяти о лицах казахской национальности и уроженцах Казахстана, репрессированных в Кыргызстане (1920-1953 гг.)» деп аталатын кітабының таныстырылымы болды. Бұл құнды туындыларда халықтың басына күн туғанда, атойлап алға шыққандардың солақай саясаты салдарынан «халық жауы» атанып, жаласыз жапа шеккен арыстарымыз және 1921-1933 жылдар аралығындағы қазақ халқының басына түскен ашаршылық қасіреті туралы баяндалады. Оқырман игілігіне жол тартқан бұл жаңа кітаптар зерттеушілер мен тарихқа қызығушылық танытқандарға құнды қазына болып табылары даусыз. Бір атап өтерлігі, «Арыс» баспасынан шыққан кітаптар ҚР Ұлттық кітапханасы қорына сыйға тартылды.

Қарт тарихтың қойнауына көз салсақ, қазақ халқының мерейі үстем болған дәуірлермен қатар, қайғы-қасірет тартқан кезеңдері де аз болмағанын байқаймыз. Тарихтың ақтаңдақ беттерін парақтаған сайын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргiн және ашаршылық құрбандарын еске алу күнiнің маңызын тереңірек ұғына түсеміз. Бұл – ескерткiштердiң басына гүл шоқтарын қойып, боздақтардың рухына Құран бағыштап қайтатын күн ғана емес, бүгінгі бейбіт күнге қандай қиямет-қайым жолдармен жеткенімізді санада саралайтын әрі тарихтан сабақ алар тұс. Ендеше, Ғарифолла Әнес басқаратын Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерделеуді мұрат еткен «Арыс» қоры мен баспаның тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашуға қосып жүрген зор үлесін атап өтпеске болмайды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here