Сенаторлар бұқаралық спортты дамыту мәселесін талқылады

0
205

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығымен, сондай-ақ спорт ұйымдарының өкілдерімен және сарапшылармен кездесті. Кездесуде бұқаралық спорт саласының жай-күйі, проблемалары, келешегі және оны құқықтық реттеу мәселелері талқыланды.

Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығы туралы айтқанын атап өтті. Біздің елімізде соңғы жылдары бұқаралық спорттың әлеуметтік маңызын арттыруда тұрақты үрдіс байқалады. Сенатордың айтуынша, бұл, ең алдымен, бұқаралық спортты дамытуды қолдауда мемлекеттің рөлі артып келе жатқандығымен көрінеді.

«Бұл кездесудің мақсаты бұқаралық спорт пен спорт инфрақұрылымындағы проблемалармен танысу, оларды тезірек шешу жолдарын қарастыру және құқық қолдану процесінде есепке алу болып табылады. Бүгінгі тақырып аса маңызды. Өңірлерде осы салаға қатысты бірқатар проблемалар бар екені белгілі», – деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.

Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері өз кезегінде сенаторларға саланы дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Олардың айтуынша, дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ саланы дамытудың өзекті міндеттерін ескере отырып, оларды іске асыру тетіктері 2023-2029 жылдарға арналған дене шынықтыру мен спортты дамытудың тұжырымдамасында, сондай-ақ 2020-2025 жылдарға арналған бұқаралық спортты дамытудың кешенді жоспарында көрсетілген.

Кездесуге қатысушылар спорттық инфрақұрылымды дамыту және оның қолжетімділігін арттыру жоспары туралы айтып берді. Спорт нысандары жыл сайын салынып келе жатса да әлі де жетіспей отыр. Бүгінгі таңда елдегі инфрақұрылымға қажеттілік 50% құрайды.

Отырысқа Сенат депутаттары, ҚР Мәдениет және спорт, Білім және денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері, мәслихат депутаттары, спорт ұйымдарының өкілдері қатысты.

Сенаторлар кездесу соңында қорытынды әзірленетінін және ондағы ұсынымдар Үкіметке жіберілетін атап өтті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here