Алаш жұрты қайраткерді ақтық сапарға шығарып салды

0
350

Мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев 70 жасында өмірден озды. «Өмірден озды» деп айту ауызекі жеңіл болғанымен, жүрек түкпірінен осы сөзді шығару, сол жүрекке қаншалықты қайғы салмағын сөзбен өру мүмкін емес…

Еліміз үшін еселеп еңбек еткен көрнекті қайраткердің айтуға тұрарлық кісілігі де, кішілігі де, еңбегі де мол. «Алаштың анасы» атанған Сыр елінің тумасы халқын қадір тұтып, елге қызметін қасиетке балады. Бердібек Мәшбекұлы Қазақстанның даму жолында барлық сала аясында, әсіресе саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуына бар күш-қайратын арнаған бірегей тұлға еді. Әр жылдары түрлі жауапты қызметтерді атқарды, оның ішінде еліміздің бес облысын абыройлы басқарды. Екі рет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі және ҚР Премьер-министрінің орынбасары болды. 

Жексенбі, 11 маусым күні Алматыда Алаш жұрты Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға шығарып салды. Бекзат тұлғамен қоштасуға жиналған жұртта есеп болмады. Қайраткермен қоштасу рәсіміне Бердібек Мәшбекұлының туған-туыстары, Үкімет мүшелері, депутаттар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Қаралы жиынға жиналғандар арда тұлға туралы тебірене еске алды. Табанды еңбегі мен адами қасиеті жайлы жылы естеліктер айтты. Премьер-министр Әлихан Смайылов Президенттің көңіл айту жеделхатын жеткізді. Мемлекет және қоғам қайраткері өзінің аманаты бойынша Алматы қаласындағы Кеңсай зиратына жерленді.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық қоры және «Qazaq» республикалық газетінің ұжымы тұғырлы тұлғаның отбасына, туған-туыстарына, інісі Нұрлыбек Нәлібаевқа көңіл айтады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here