«Деректердің негізінде шешім қабылдау» бағдарламасы бойынша тренинг

0
553

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Academic Leadership Institute бағдарламасының Data driven decision making (деректер негізінде шешім қабылдау) үшінші модулі шеңберінде офлайн оқыту басталды. Жобаның бастамашылары – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Назарбаев университетінің Жоғары білім мектебі.

Басқарма Төрағасы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев тренингке қатысушылар алдында сөз сөйлеп, «Деректердің негізінде шешім қабылдау» бағдарламасының үшінші модулін ҚазҰУ мамандары әзірлегенін атап өтті. ҚазҰУ модулінде оқу кезеңінде алынған білім мен дағдылар тиісті деректер мен аналитикалық әдістерді пайдалана отырып, қызметтің әртүрлі салаларындағы стратегиялық өзгерістердің дизайнын, көлемін және сипатын тиімді анықтауға көмектеседі.

«Бұл бағдарлама тез өзгеретін ортада өзгерістерді басқару дағдылары бар университеттердің жоғары кәсіби және тиімді басқару командаларын құруға және кеңейтуге бағытталған. Бұл еліміздің жоғары оқу орындарын тиімді басқаруға тамаша мектеп және мотивация деп санаймын», – деп атап өтті университет басшысы.

Іс-шара аясында Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Рүстем Биғари, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов, QS агенттігінің өңірлік директоры Сергей Христолюбов, «Қазақстан Ұлттық банкі» ММ төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы басқарма төрағасының кеңесшісі Айдана Қасқырбек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлері және басқа да сарапшылар сөз сөйледі.

Академиялық көшбасшылық институтының бағдарламасы тоғыз модульден тұрады, олардың әрқайсысы университеттегі белгілі бір трансформация процестерін қамтиды. Мысалы, университеттердің құндылық бағдарлары және олардың қоғам үшін маңызы, көшбасшылық, университет құрылымын қайта қарау, студенттік мәселелерді шешу және академиялық бағдарламалардың сапасын қамтамасыз ету және т.б.

Оқу барысында жоғары оқу орындарының басшылық құрамы: ректорлар, проректорлар, декандар және департамент директорлары өз білімдерін жаңартады және бүгінгі күрделі жағдайда жоғары оқу орындарын тиімді басқару үшін қажетті дағдылар мен инновациялық технологияларды меңгереді.

2023 жылғы сәуірде басталған Academic Leadership Institute бағдарламасы 2023 жылғы қазанға дейін жалғасады және министрліктер өкілдерінің, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының, сондай-ақ жоғары білім саласындағы ұлттық және халықаралық сарапшылардың дәрістерін қамтиды.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here