Жанды да, тәнді де жаралаған шығыстағы тілсіз жау

0
640

11 маусым күні Абай облысына жасаған жұмыс сапары барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Семей орманы» табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан 14 орманшының қайтыс болуына байланысты 12 маусымды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Жалпыұлттық аза тұту күні ел аумағы бойынша мемлекеттік ту төмен түсірілді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін жанды да, тәнді де жаралаған тілсіз жауға қатысты соңғы жаңалықтарға тоқталады.

ТІРІДЕЙ ЖАНЫП
КЕТКЕНДЕРДІҢ АРАСЫНДА
ӘКЕЛІ-БАЛАЛЫ
ПУЗЫРЕВТАР МЕН СИДОРИНДЕР БАР

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Семей орманы» табиғи резерватындағы өрт кезінде қаза болған орманшылардың аты-жөнін жариялады. Министрліктің мәліметінше, өз аумағындағы өртті сөндіруге шыққан 14 орманшымен 9 маусымда байланыс үзілген.

Өрт кезінде қаза болғандар:

  • Тоқтасын Серікжан Бақытбекұлы – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалының инженері;
  • Жиенбаева Мейрамгүл Құсайынқызы – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының басшысы;
  • Губаев Алексей Григорьевич – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының орман шебері – мемлекеттік инспекторы;
  • Начинёнов Константин Сергеевич – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының аумақты қорғау бойынша инспекторы – мемлекеттік инспекторы;
  • Нұржігітов Саят Нұржанұлы – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының аумақты қорғау бойынша инспекторы – мемлекеттік инспекторы;
  • Сидорин Виктор Александрович – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының аумақты қорғау бойынша инспекторы – мемлекеттік инспекторы;
  • Сидорин Александр Викторович – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының аумақты қорғау бойынша инспекторы – мемлекеттік инспекторы;
  • Фоминых Максим Владимирович – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының аумақты қорғау бойынша инспекторы – мемлекеттік инспекторы;
  • Гражданкин Петр Александрович – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының орман өрт сөндірушісі;
  • Пузырев Сергей Николаевич – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының орман өрт сөндірушісі;
  • Пузырев Николай Иванович – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы орталық орманшылығының көлік жүргізушісі;
  • Дарибаев Александр Викторович – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының тракторшысы – машинисі;
  • Ганьшин Даниил Евгеньевич – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының көлік жүргізушісі;
  • Дүйсембаев Амангелді Спатайұлы – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалының көлік жүргізушісі.

Жоғарыдағы қара тізімнен байқасақ, тірідей жанып кеткендердің арасында әкелі-балалы Пузыревтар мен Сидориндер бар. Ажал құшқандардың жасы үлкені – 63-те, жасы кішісі – 25-те болған екен. Тілсіз жаудың құрбаны болғандардың ішінде жалғыз келіншек те бар. Ол – Успенка орманшылығының басшысы Мейрамгүл Жиенбаева. 33 жастағы оның ғұмыры да қыршыннан қиылды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен қаза тапқан осы 14 орманшы көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев «Семей орманы» табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарымен кездесіп, оларға көңіл айтты.

ПРЕЗИДЕНТ
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДАҒЫ
ӨРТТЕН САБАҚ
АЛМАҒАН МИНИСТРЛІКТІ СЫНАДЫ

Президент Абай облысындағы алапат өртке байланысты Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді. Жиынға қатысушылар, ең алдымен, табиғат апаты кезінде қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпхановты таныстырып, ведомствоға жүктелетін басты міндеттерді атап өтті.

«Бұл жағдай кәсіби салғырттықты, адамдардың тағдырына бейжай қарайтынымызды көрсетті. Мен бұған тағы да көз жеткіздім. Ал, қазіргі таңда сапалы, дұрыс жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойындауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту қажет. Министрлік және оның басшылары өздерінің қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай қайғылы жағдай болып отыр», – деді Мемлекет басшысы.

Президент өртпен күрес шараларының басы-қасында жүрген Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың табиғат апаты салдарымен күресу, жақын маңайдағы елді мекендер тұрғындарын эвакуациялау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндамаларын тыңдап, баяндамашылардың жауабына көңілі толмайтынын жеткізді. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановқа батыл кадрлық шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма берді. Ал, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады.

Мемлекет басшысы былтыр Қостанай облысында болған өрттен қорытынды шығарылмағанын, берілген тапсырмалар атүсті орындалғанын қатаң сынға алды.

«Қауіп-қатердің бағаланбағаны қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Болжам дұрыс жасалмады. Нәтижесінде табиғат апаты тиісті дәрежеде әрі дер кезінде ауыздықталмады. Демек, тиісті алгоритмдер жұмыс істемейді. Бұл, ең алдымен, ТЖМ-нің кемшілігі. Бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іс аясында уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Президент орман және дала өртін алдын ала анықтау және апатты жағдайдан сақтандыру жөніндегі жұмыс тәртібі жолға қойылмағанына назар аударды.

«Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен өңірлердің әкімдері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, өрт ошақтарын ерте анықтаудың цифрлық жүйелерімен жабдықтауы, өртті бейнебақылау және мониторинг жасау жүйелерін енгізу шараларын қабылдауы керек. Мұндай жүйелерді енгізгенге дейін орман алқабын авиация арқылы және жерден бақылау, сондай-ақ өрт қаупі жоғары кезеңдерде «ұшқышсыз ұшатын аппараттарды» қолдану жиілігін арттыруы қажет. Сонымен қатар табиғатты қорғау және орман мекемелерін өртке қарсы техникалармен жарақтандыру деңгейін талапқа сай нормаларға дейін жеткізуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы былтыр Қостанай облысындағы өрттен кейін азаматтық қорғаныс мекемелерінің, жергілікті атқарушы органдардың   төтенше жағдайларға нақты дайындығын тексеру жөнінде тапсырма бергенін еске салды. Өкінішке қарай, нәтижесі көңіл көншітпейді.

АЖАЛ ҚҰШҚАН
ОН ТӨРТ ОРМАНШЫНЫҢ
ОТБАСЫНА ЖЕТІ
МЛН ТЕҢГЕДЕН БЕРІЛЕДІ

Абай облысындағы алапат өртке байланысты Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне келтірілген шығын көлемін шұғыл анықтау, зардап шеккен тұрғындардың бәріне қолдау көрсету, қаза тапқан азаматтардың отбасына және зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу мәселесін шешу, алапат өрт кезінде өмірін құрбан еткен жандарды мемлекеттік наградаға ұсыну, бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастау жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Дүйсенбі күні ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Абай облысындағы ірі табиғи өртті жою және одан зардап шеккен отбасыларға қажетті қолдау шараларын көрсету мәселелері жөнінде жедел кеңес өткізді.

Әлихан Смайылов төтенше жағдай себептерін анықтау және салдарын жою үшін арнайы Үкіметтік комиссия құрылғанын, оның құрамына салалық министрліктер мен құқық қорғау органдарының өкілдері кіргенін атап өтіп, 10 күн ішінде оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тиісті қорытынды жасауды тапсырды.

Үкімет басшысы Мемлекет басшысының Абай облысындағы жедел штаб отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін қаза тапқандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, кәмелетке толмаған әр балаға 2 млн теңгеден төленетінін хабарлады. Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылғанын, 40-тан астам қазақстандық ЖОО өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне гранттар мен жатақханадан орын беруге дайын екенін, ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделгенін тілге тиек етті.

ОН ЖЕТІ
ЖЫЛДА ОН ЕКІ
ҚАРАЛЫ
КҮН ЖАРИЯЛАНДЫ

Бір өкініштісі, 12 маусымдағы Жалпыұлттық аза тұту күні – азат ел тарихындағы он екінші жағдай. Айталық, 2006 жылы Қарағанды облысындағы шахталардың бірінде жарылған метаннан 41 кенші опат болғанда Қазақстан халқы алғаш рет аза тұтты.

2008 жылы Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Абай» шахтасында тағы да метан жарылып, 30 кенші қайтыс болғанда, 2010 жылы Қызылағаш су қоймасында бөген жарылып, 45 адам су түбінде қалғанда, 2012 жылы Үшарал отрядының «Сары бөктер» заставасында 12 шекарашы мен қорықшы Владислав Челах қолынан ажал құшқанда, 2012 жылы Шымкент маңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің ұшағы құлап, борттағы 27 адам бақилық болғанда, 2013 жылы Алматы маңындағы Қызылту ауылына жақын жерде Scat әуе компаниясының Көкшетау-Алматы бағытындағы рейсі жерге құлап, 21 адам көз жұмғанда, 2016 жылы Ақтөбе қаласында радикалды ұстанымдағы қылмыстық топпен қарулы қақтығыс кезінде 21 адам өмірден өткенде, 2019 жылы Bek Air әуе компаниясының ұшағы Алматы әуежайында 2 қабатты үйге соғылып, 12 адамның жанын жалмағанда қаралы күн жарияланды.

2020 жылы 13 шілдеде еліміз коронавирустан көз жұмған азаматтарды еске алу үшін аза тұтты.

2021 жылы Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы 17 адамның өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамыз Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Соңғы рет былтыр 5 қаңтарда еліміздің Туы тұғырдан түсіріліп, қаралы қаңтарда қайтыс болғандарды үнсіздікпен еске алды.

* * *

Абай облысының полицейлері 10 маусымда жоғалып кеткен Долон ауылының тұрғыны, тракторшы Сергей Николаевич Архиповтың мәйітін тапты. Ер адамның денесі қызметтік иттің көмегімен өртті сөндіру орнынан 50 шақырым жерден табылды, зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Қызметтік ит Абай облысы ПД-нің кинологиялық есебінің құрамында іздеуге атсалысып, трактор табылған жерден орман жолағына дейінгі ер адамның ізін тапқан. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданатын болады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің деректері жарияланбайды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here