Аумақтық әскерлер – Қарулы күштердің сенімді резерві

0
254

Бүгін – Аумақтық әскерлердің құрылған күні. 2017 жылғы 13 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойылған болатын.

Аталған нормативтік құқықтық актінің негізінде аумақтық әскерлердің құрамаларына Қарулы күштердің аумақтық әскерлері мәртебесі берілді. Құжатта Қорғаныс министрлігінің аумақтық әскерлерді басқарудағы өкілеттіктері мен оларды ұстап тұру жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың функциялары бекітілген.

Аумақтық әскерлер қалыпты уақытта қысқартылған штат бойынша жұмыс істейді. Қажеттілік туындағанда төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету, сондай-ақ табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жоюға жұмылдырылады.

Аумақтық әскерлердің бөлімшелері COVID-19 пандемиясы мен Сардоба су қоймасы бұзылған кезде төтенше жағдайлардың салдарын жою іс-шараларына қатысып, тәжірибе жинағанын атап өту керек. Өткен жылы олар Қостанай облысындағы орман өртін оқшаулауға, биыл Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны салдарын жоюға тартылды.

Ал ерекше кезеңде олар билікке халықты эвакуациялауға, объектілер мен коммуникацияларды диверсиялық топтардың террористік әрекеттерінен қорғауға көмектеседі.

Аумақтық әскерлердің әлеуеті жыл сайын артып келеді. Оларды материалдық-техникалық жарақтандыру, қажетті инфрақұрылымдық объектілердің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Аумақтық әскерлер ауқымды республикалық оқу-жаттығуларға қатысып тұрады. Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары мен аумақтық қорғаныс мамандары үшін біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылған. Аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тіркелген әскери міндеттілердің әскери жиындары да дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Мемлекет аумақтық әскерлердің әскери қауіпсіздік пен егемендікті қарулы қорғауды, елдің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету мен дағдарыс жағдайында халық пен аумақтарды қорғауға көмек көрсетуде жедел шаралар қабылдауы үшін барлық іс-шараларды қабылдауда.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here