Азаматтың конституциялық құқықтарын қорғау тетіктері талқыланды

0
252

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Бас прокуратурада көшпелі отырыс өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында берген тапсырмалары және «Прокуратура туралы» Конституциялық заңды іске асыру аясындағы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тақырыбы талқылаудың негізгі мәселесі болды.

Комитет төрағасы Андрей Лукин өз сөзінде Парламент кейінгі жылдары қылмыстық процесті ізгілендіруге бағытталған және құқық қорғау органдары мен сот жүйесін реттейтін бірқатар заңдарды қабылдағанын атап өтті.

«Еліміздің конституциялық дамуының қазіргі кезеңі құқық қорғау тетіктерін үнемі жетілдірумен сипатталады. Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауларында елімізге құқықтарды уақтылы қорғауды қамтамасыз ететін және халықаралық жоғары стандарттарға сай келетін прокуратураның осындай моделі қажет екенін бірнеше рет атап өтті. Біздің комитетте прокуратура органдарының өкілеттіктері, соның ішінде азаптауға қарсы іс-қимыл, прокуратура органдарының қаржылық қылмыстарға қарсы күрестегі рөлі бірнеше рет талқыланды», – деді Андрей Лукин.

Бас прокуратураның басшысының орынбасары Әсет Шындалиев шара барысында сөз алды. Ол прокуратура органдарының жұмысы туралы, атап айтқанда Президенттің тапсырмалары мен Конституциялық заңның жүзеге асуы туралы сенаторларды хабардар етті.

Көшпелі отырысқа қатысушылар қаржы қылмыстары үшін жазаны қатаңдатуға, заңдылықты сақтау бойынша тексерулерді тағайындау тәртібін реттеудің пәрменді құралдары мен тетіктеріне, прокурорлық қадағалауға, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық салада және бизнесті қорғауға қатысты мәселелерді талқылады.

Андрей Лукин отырыс қорытындысы бойынша Парламент Сенаты адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың өзекті мәселелерін шешуде заңнамалық тетіктер арқылы Бас прокуратураға жәрдемдесуге дайын екенін атап өтті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here