Министр армия спортшыларын жетістігімен құттықтады

0
214

Қоян-қолтық ұрыстан Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен әлемдік біріншіліктің нәтижесі бойынша Қазақстан жалпыкомандалық бірінші орынға ие болды. Онда Қарулы күштердің әскери қызметшілері де жеңіс тұғырына көтерілді.

Бір алтын, үш күміс және үш қола медаль – бұл армия спортшыларының Әлем чемпионатындағы жетістігі.

Әлемдік біріншілік жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов құттықтады. Ол спортшыларға жекпе-жектен әлем чемпионатында лайықты өнер көрсеткені үшін алғыс білдірді.

– Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуды басым міндет ретінде айқындап берді. Осыған орай әскери қызметшілер өзгелерге үлгі болуы керек. Қызметтік міндеттерді сапалы орындау үшін әрбір әскери адамның күш-қуат тұрғысынан дамыған және төзімді болуы шарт. Біздің басты мақсатымыз – Қарулы күштерде қоян-қолтық ұрысты дамыту және әрбір әскери қызметшінің, оның ішінде мерзімді қызмет сарбаздарының негізгі дағдылар мен техниканы меңгеруіне қол жеткізу. Бұл жерде сіздердің тәжірибелеріңіз қажет. Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштердің басшылығы сіздерге әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Сіздерді жоғары жетістіктеріңізбен құттықтаймын, алдағы сайыстарда жаңа жеңістер тілеймін, – деді Қорғаныс министрі.

Қорғаныс ведомствосының басшысы әлем чемпионатында көзге түскен әскери қызметшілер мен олардың жаттықтырушыларын ақшалай және естелік сыйлықтармен марапаттады. 

Естеріңізге сала кетейік, әлем чемпионатының қорытындысы бойынша 73 келіге дейінгі салмақта Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының әскери қызметшісі ефрейтор Әсет Анарбаев алтын медаль иегері атанды.

32039 әскери бөлімінің әскери қызметшілері майор Вадим Федосеев, ефрейтор Жандос Мадехиянов және ОСК-ның спортшысы ефрейтор Аян Тұрсын күміс жүлдеге ие болды. «Қола» 32039 әскери бөлімінің әскери қызметшілері лейтенант Арман Ерменбет, кіші сержант Бауыржан Сұлтанов және 68665 әскери бөлімінің жауынгері ефрейтор Еламан Қуатовқа бұйырды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here