Енді дезинформация үшін заң алдында жауап беруге тура келеді

0
2058

Тіл мен сөздің күші жайлы мақал-мәтелдерді түгендеп болмайсыз. «Оқ жарасы бітер, сөз жарасы бітпес», «Адам тілі тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Ауыр істің салмағы білекке түсер, ащы сөздің салмағы жүрекке түсер», «Жол қуған кәдеге жолығады, сөз қуған бәлеге жолығады» деп жалғасып кете береді. Бір ауыр сөзден екі ел арасында тұтанған соғыс оты тарихта да кездеседі. «Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады» деп осындайда айтылса керек. Қазақ бұрын жүйелі сөзге тоқтайтын халық еді. «Аталы сөзге арсыз да тоқтайды» дейтін. Өкінішке қарай, қазір осы қасиетімізден айырылып барамыз. Қазіргідей ақпараттық соғыстың уақытында жалған ақпарат тарату, манипуляция жасау әдетке айналды. Біреу біліп, біреу білмей жасайды. Бірақ, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өлетінін» де қазақ айтқан. Қазір жауапкершілік жүгі ауыр. Енді дезинформация үшін заң алдында жауап беруге тура келеді.

ЖАҢА
ЗАҢ ЖОБАСЫ
ҚАНДАЙ
МАҚСАТТАРДЫ
КӨЗДЕЙДІ?

«Ауыз менікі, әлеуметтік желідегі парақша да өзімдікі» деп ауызға келгенді айту, ойға келгенді жазу, біреудің ар-намысына нұқсан келтіру немесе жалған ақпарат тарату заңды бұзу болып саналады. Негізі бұрыннан солай. Дегенмен, соңғы жылдары жалған ақпаратты қасақана әрі мақсатты түрде тарататындар саны артып жатқандықтан, оның алдын алуға бағытталған жаңа заңдар қабылданып, ескі заңдарға жаңа нормалар енгізіліп жатыр. Себебі, «аяғы жаман төрді, ауызы жаман елді былғайды».

Маусым айының басында Мәжіліс «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қабылдады. Үш құжат сенаторлардың қарауына жіберілді. Егер Сенат аталған заң жобаларын кері қайтармайтын болса, онда дезинформаторларға артылған жауапкершілік жүгі ауырлай түседі. Бұрынғыдай олар бір ескертумен, кешірім сұраумен құтылмайды. Айталық, жалған ақпарат таратқандар 20 АЕК-ке (69 000 теңге) дейін айыппұл арқалайды немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынады. Жоғарыда аталған заң жобаларында осындай бірнеше норма бар.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың сөзінше, «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасы заңнама шеңберінде интернет алаңдардың қызметін жүйелейді, әлеуметтік желі қолданушыларын елдің әлеуметтік-экономикалық айналымына енгізеді, осы саланы мемлекеттік реттеудің негізін қалыптастырады.

«Заңның басты міндеті – қазақстандықтарды қаржы пирамидалары сияқты жағымсыз жағдайлардан қорғау, әлеуметтік желіде жиі кездесетін буллинг, сепаратизм мен экстремизмнің алдын алу. Заң онлайн алаңдарды реттеудің халықаралық стандарттарына сәйкес дайындалды», – деп нақтылады Ерлан Бияхметұлы.

ЕЛІМІЗДЕ
ЗАҢДЫ БҰЗҒАН
БЛОГЕРЛЕР
МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ
ҚОЛДАНУШЫЛАРЫ
ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАНАДЫ? 

Сенат қарауына жіберілген заң жобасында мәжілісмендер онлайн алаңдарда мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтті, «блогер» терминіне анықтама берді.

«Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар «жалған ақпарат» ұғымын нақтылауға бағытталған түзетулер енгізді.  Жалған ақпарат деген не? Ол – шындыққа сәйкес келмейтін не фактілердің елеулі бұрмалануын қамтитын, кез келген нысанда тіркелген тұлғалар, заттар, оқиғалар, құбылыстар мен процестер туралы жалған түсінік қалыптастыратын ақпарат. Заң жобасына «онлайн алаңдардың ұсынымдық жүйесі» анықтамасы енгізілді, құқыққа қайшы мазмұнға жататын ақпарат түрлері Конституцияға және басқа да заңдарға сәйкестендірілді, адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін және балаларға қатысты кибербуллинг деп танылған контент анықталған аккаунттарды бұғаттау туралы құқық қорғау органдарының хабарламасына назар аудару бойынша онлайн алаңдардың меншік иелері немесе заңды өкілдері үшін міндеттемелер жүктеледі», – деп заң жобасының жағымды тұстарына тоқталды Ерлан Бияхметұлы.

Заң жобасында онлайн алаңдардың иелері үшін жалған ақпаратқа және салықтан жалтаруға қарсы күрес бойынша мемлекеттік органдармен ынтымақтастық жөніндегі міндеттеме енгізілді. Интернеттегі ресурсты пайдаланушылардың санын анықтау және уәкілетті органмен өзара іс-қимыл бойынша өзінің заңды өкілін тағайындау үшін бағдарламаны белгілеу жөніндегі талап белгіленді. Сондай-ақ, заңдарда онлайн алаңдарды пайдаланушылар үшін олардың парақшаларында жарияланған онлайн-жарнаманы таңбалау кәсіпкерлік заңнама бойынша реттеледі.

Аталған заң жобаларымен депутаттар қолданыстағы қылмыстық жауапкершілікпен қатар (ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы) жалған ақпаратты орналастыратын немесе тарататын онлайн алаңдарды пайдаланушыларға 20 АЕК, ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлерге 40 АЕК айыппұл арқалататын әкімшілік жауапкершілікті де енгізді. Жалған ақпаратты қайта таратқандар да жазасыз қалмайды. Айталық, онлайн алаңдарды пайдаланушылар үшін 40 АЕК мөлшерінде айыппұл не 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу, инфлюенсерлер үшін 50-ден 200 АЕК мөлшерінде айыппұл, блогерлер үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл не 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу, кәсіпкерлік нысандар үшін 60-тан 250 АЕК мөлшерінде айыппұл жазалары қарастырылады.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, Әкімшілік кодексте жаңа бап енгізілді, ол онлайн алаңдар арқылы жалған ақпаратты таратқаны үшін жауапкершілікті көздейді.

ФРАНЦИЯ МЕН
ӨЗБЕКСТАН
ДЕЗИНФОРМАЦИЯМЕН
ҚАЛАЙ КҮРЕСЕДІ?

Әлемнің біраз елінде жалған ақпарат тарататындарды жауапкершілікке тартатын заң бар. Соңғы жылдары көбі қолданыстағы заңды күшейтіп тастады. Себебі, көбіне fake news айрандай ұйып отырған қоғамға іріткі салады. Сөз бостандығын шектемейтін қарт құрлықтағы демократиялық елдердің өзі дезинформацияға қарсы арнайы заң қабылдаған.

Бұрнағы жылы 27 елдің басын қосқан Еуропалық Одақ тұрғындары арасында fake news туралы әлеуметтік сауалнама жүргізілген екен. Сонда сауалнамаға қатысқан 27 мың адамның 85%-ы жалған ақпаратпен заң аясында күресу керегін, ал 83%-ы оның демократияға нұқсан келтіретін үлкен мәселе екенін айтқан. Дегенмен, нидерландтар мен шведтер жалған ақпаратпен күресу үшін арнайы заң қабылдауды артық санаған. Халық үніне құлақ асатын демократиялық елдер ғой. Дәл осы Швеция мен Нидерландта fake news туралы, яғни жалған ақпарат тарататындарды жауапкершілікке тартатын заң жоқ. Себебі, олар ақиқат пен жалған ақпаратты ажырата алады. Мектепте жалған ақпаратты анықтау жолы оқытылады. Сондықтан Нидерланд пен Швецияның еңбектеген баласынан бастап еңкейген қартын біздегідей дезинформациямен алдай алмайсыз.

«Бес саусақ бірдей емес» дегендей, жалған ақпарат мәселесіне келгенде француздар шведтермен келіспейді. Дезинформациямен заң аясында күресуді құп көреді.

2018 жылдың қарашасында Франция жалған ақпараттардың таралуына қарсы заң қабылдады. Аталған заң аясында әлеуметтік желідегі жарияланымдарды бақылау да күшейтілді. 2019 жылы Париж fake news-ке жол бергені үшін Facebook пен Twitter өкілдеріне де айыппұл арқалатқан болатын.

«Баспасөз бостандығы туралы» заңда да жалған ақпарат таратуға тыйым салынған. Аталған заңның 27-бабы бойынша жалған ақпарат жариялаған, оны кез келген жолмен таратқан, сөйтіп қоғамдық тыныштықты бұзған бұқаралық ақпарат құралына 45 мың еуро (22,3 млн теңге) айыппұл салынады. Егер жарияланған жалған ақпарат әскердің тәртібіне, моральдық жағдайына нұқсан немесе жұмысына кедергі келтірсе, айыппұл 135 мың еуроға дейін (66,8 млн теңге) артады. Сондай-ақ, заңның 32 және 33-баптарында жала жапқаны және қорлағаны үшін жазалау шаралары айқындалған. Жала жапқандар 12 мың еуроға дейін (5,9 млн теңге), адамның шығу тегіне, нәсіліне, жынысына, дініне байланысты жала жапқандар 45 мың еуроға дейін (22,3 млн теңге) айыппұл арқалайды немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Бес жыл бұрын Германия мен Болгария елдері де осы тақілеттес заң қабылдады. Ал, Рим екі рет fake news туралы заң қабылдауға талпынғанымен, итальяндықтардың басым бөлігі оған қарсы шықты.

Еуропаны қайтеміз, іргеміздегі өзбектерге тоқталайық. Өзбекстан парламенті 2020 жылы жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік санкциялар мен қылмыстық жаза енгізетін заң жобасын қабылдады.

Әкімшілік кодекске енгізілген түзетулер бойынша БАҚ-тағы немесе интернеттегі адамның қадір-қасиетін қорлайтын, беделін түсіретін жалған ақпарат үшін 50 базалық есептік шама мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл 11 млн сум немесе 431,7 мың теңге көлемінде айыппұл. Қоғамдық тәртіпке немесе қауіпсіздікке қауіп төндіретін жалған ақпарат үшін айыппұл көлемі екі есеге ұлғаяды, яғни айыппұл көлемі 22 млн сумды немесе 863,4 мың теңгені құрайды.

Қылмыстық кодекс жалған ақпаратты қайта таратқаны үшін баппен толықтырылды. Егер құқық бұзушыға әкімшілік шаралар бұған дейін қолданылған болса, ол 33 млн сум (1,3 млн теңге) арқалайды. Санкциялар арасында 240 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға, екі жылға дейін түзеу жұмыстарына тарту немесе сол мерзімге бас бостандығынан шектеу бар.

Қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін жалған ақпарат үшін адам 44 млн сумға дейін (1,7 млн теңге) айыппұл төлейді, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады және екі жылға дейін бас бостандығынан шектеледі. Егер мұндай әрекеттер үлкен мөлшерде зиян келтірсе, айыппұл 892 млн сумға дейін (35 млн теңге) артады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, «тәртіпсіз ел болмайтынын, тәртіпке бас иген құл болмайтынын» (Бауыржан Момышұлы) ескерсек, әлеуметтік желіні ретке келтіретін, ақша үшін кез келген нәрсені жарнамалауға дайын тұрар блогерлерді жауапкершілікке тартатын заңды құптамасқа болмайды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here