Архивте шаң басқан ащы шындық немесе құпиясыздандырылған мыңдаған құжаттар

0
3841
Өткен айда Жоғарғы сот саяси қуғын-сүргін құжаттарын құпиясыздандыру жұмысын толық аяқтап, 40 мыңнан астам мұрағат істерінен құпиялылық белгісін алып тастады

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан артынан ерген інілері Ахмет пен Міржақып түрмеде отырғанда: «Алда әлі күнді көретін ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Күрес жолына түскендеріңе еш өкінбеңдер», – деп хат жазған екен. Ұлт көсемінің айтқаны айдай келді. Қазақ бодандық бұғауынан босады. Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Алаш қайраткерлері ортамызға оралды. Былтыр Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланды, өзі шығарған «Қазақ» газетінің биылғы 110 жылдығы да жер-жерде аталып өтіп жатыр.

Қуғын-сүргіннің түрлі санаты бойынша құжаттар мен материалдар негізінде құрастырылған 31 томдық

ПРЕЗИДЕНТТІҢ
ЖАРЛЫҒЫ
ТАРИХШЫЛАРДЫҢ
ЖҰМЫСЫНА
ЖАРҚЫН ЖОЛ АШТЫ

Әрине, қуғын-сүргін құрбандары туралы сөз болғанда алдымен жоғарыда аталған қазақтың сүт бетіне қалқып шыққан қаймақтары айтылады. Дегенмен, Алаш қайраткерлері бір Әлекең, Ақаң, Жақаңдармен ғана шектелмейді. Ұлттық мүдде жолында қызыл империяға қарсы шыққан Алаш қайраткері көп. Отызыншы жылдардың ойранында жазықсыз жаланың құрбаны болып атылып кеткен қатардағы азаматтар одан да көп. Бізге белгілісі елімізде 25 мыңдай адам атылып кетті. Сұмдық статистика. Жан түршіктірер жағдай. Тіпті, тарихшылар елімізде 1928-1929 және 1937-1938 жылдары болған саяси репрессия кезінде нақты қанша адамның опат болғаны белгісіз екенін айтады. КСРО тұсында айтылмаған ақиқаттың бетін ашу үшін алдымен қара құлып салынған барлық мұрағаттың есігі ашылуы керек. Ал, қазіргідей азаттық таңында бұған кедергі келтіру тарихқа жасалған қиянат болады. Өкінішке қарай, азаттық алған жылдары тарихшылар мен зерттеушілерге барлық мұрағаттың есігі айқара ашылған жоқ. Бұл мұрағатта шаң басқан ащы шындықтың түбіне жетуге кедергі келтірді.

Осындайда «Ештен кеш жақсы» деген сөзбен жұбатамыз ғой өзімізді. Амал нешік, Сталиннің тоталитарлық режимінің кесірінен қазақ даласында болған ашаршылық, саяси репрессия, депортация туралы толыққанды шындықты шығаруда біраз жылға кеш қалдық. Мысалы, 193 елдің басын қосқан Біріккен Ұлттар Ұйымының 1948 жылы қабылданған геноцид туралы конвенциясы бар. Бізбен бірдей ашаршылықты бастан өткерген украиндар аталған конвенцияны алға тартып, сол нәубетті геноцид деп танып, қасақана жасалған қылмыс екенін дәлелдеуге барын салып жүр. Біз олай жасамасақ та, тым құрығанда нақты қанша адамның саяси қуғын-сүргін құрбаны болғаны, атаусыз қалған қайраткерлер туралы мәліметті анықтауға, жарыққа шығаруға міндеттіміз.

Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы осы олқылықтың орнын толтырды. 2020 жылы 24 қарашада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды. Осылайша, тарихшылар мен зерттеушілерге мұрағаттар есігі ашылып, үлкен жұмыстар басталды. Осы үш жылға жетер-жетпес уақытта Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мен оның өңірлік бөлімшелері ауқымды жұмыстар атқарды. Оған «Ашаршылық. Голод. 1928-1934» бірегей құжаттар жинағының жеті томы және қуғын-сүргіннің түрлі санаты бойынша құжаттар мен материалдар негізінде құрастырылған 31 томдық дәлел бола алады.

Міне, тарихшылар мен ғалымдардан құрылған комиссия мүшелері еліміздің мұрағаттарында, жабық қорларында шаң басқан құжаттарды жарыққа шығарып, ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қарағанды облысында сақталған 180 мыңнан астам жеке іс осы жазда Алматыдағы ҚР Президенті мұрағатына тапсырылады

ҚАРАҒАНДЫ
ОБЛЫСЫ
ҚҰПИЯСЫЗДАНДЫРЫЛҒАН
180 МЫҢНАН
АСТАМ ЖЕКЕ ІСТІ
ПРЕЗИДЕНТ МҰРАҒАТЫНА
ТАПСЫРАДЫ

Өткен айда Жоғарғы сот саяси қуғын-сүргін құжаттарын құпиясыздандыру жұмыстарын толық аяқтап, Президент тапсырмасын орындады. Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 40 мыңнан астам мұрағат істері құпиясыздандырылды. Мысалға Қарағанды облысындағы жағдайды алайық.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқармасының бастығы Жұлдыз Бұламбекованың мәліметінше, Орталық Қазақстанда сақталған 180 мыңнан астам жеке іс осы жазда Алматыдағы ҚР Президенті мұрағатына тапсырылады. Қазіргі уақытта барлық құжаттар құпиясыздандырылды, оларды түгендеу және цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қарағанды облыстық мұрағатының жәшіктерінде 1930-1950 жылдар аралығында туған жерінен елімізге күштеп көшірілген кеңес азаматтары туралы жеке істері бар папкалар сақталған. Жүз емес, мыңдаған папка. Осындай әрбір папканың ішінде белгілі бір адамның тәлкекті тағдыры тұр. Олардың қатарында орыстар, белорустар, украиндар, поляктар, немістер, шешендер, татарлар, эстондар, латыштар сияқты ондаған ұлт өкілдері бар. Басым бөлігі атышулы 58-бап бойынша «Отанын сатты», «кеңес өкіметін құлатпақ болды», «шетелге тыңшылық етті» деген жалған айыппен сотталғандар болды. Көпшлігі мәңгілік мекенін қазақ жерінен тапты. Бірақ, оларды арулап жерлемегені айтпаса да түсінікті. Аянышты тағдыр.

«Мұрағаттық жеке істерді түгендеу және цифрландыру жұмыстары Мемлекет басшысының, Бас прокурордың, сондай-ақ Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның тапсырмасы бойынша жүргізіледі. Бүгінгі таңда біздің қорларда 182 746 жеке іс бар, қуғын-сүргінге ұшырағандардың 30%-ға жуығын Қарағанды облысының прокуратурасы ақтады», – деп нақтылады басқарма басшысы.

Жұлдыз Оңайбекқызының айтуынша, күштеп қоныс аударушылардың негізгі бөлігін немістер құрады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1941 жылы Еділ немістері тыңшылар қатарына жатқызылған болатын. Бұған дейін де Қарағанды облысына кеңестік республикалардан күштеп қоныс аударылғандардың қатары көп болған. 1944 жылы қақаған аязда «Жасымық» операциясы басталып, елімізге шешендер мен ингуштер жаппай күштеп жер аударылды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін олардың қатарын еврейлер, корейлер, армяндар сияқты ондаған ұлт өкілдері мен әскери тұтқындар толықтырды. Сталиннің осындай солақай саясаты онсыз да ашаршылық пен қуғын-сүргіннен саны еселеп кеміген қазақты өз жерінде азшылыққа айналдырды.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің өңірлік мұрағаттарын құпиясыздандыру, түгендеу және цифрландыру отандық ғалымдарға ел тарихының қайғылы кезеңін қамтитын құпияның бет пердесін ашуға мүмкіндік береді

ҚАЗАҚСТАНҒА
КҮШТЕП
ҚОНЫС АУДАРЫЛҒАНДАРДЫҢ
ЖЕКЕ ІСТЕРІ
ЦИФРЛАНДЫРЫЛАДЫ

Орталық Қазақстанға жер аударылғандардың бір бөлігін Кеңес Одағының басқа түзеу мекемелерінде негізгі жазасын өтегендер құрады. Олар КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды облысының аумағындағы арнайы екі лагеріне жіберілді. Біріншісі Қарабас теміржол бекетінің аумағында, екіншісі Жезқазған маңында орналасты. Арнайы лагерьлерде тұтқындарды ұстаудың қатаң режимі болды.

«Біздегі жеке істерде сауалнамалық мәліметтер, арнайы жер аударылғандар мен сотталғандардың отбасы мүшелері туралы ақпараттар, лагерьден келгені және кеткені туралы белгілер, фотокарталар бар. Осы деректердің барлығы өңделеді, цифрландырылады және Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Қазіргі уақытта бізге тек Қазақстанда ғана емес, жақын және алыс шет елдерде тұратын азаматтардан көптеген сауалдар келіп түсуде. Олар әке-шешелерінің, апа-аталарының тағдыры туралы білуге тырысады. Іздеу нәтижелері бойынша біз оларға мұрағаттық анықтамалар мен іздеудегі азаматтардың жеке істерінің көшірмелерін береміз. Мәселен, соңғы 1,5 жылда біздің басқарма 210 анықтама беріп үлгерді», – деп түсіндірді Жұлдыз Бұламбекова.

Айта кетейік, сұралған ақпарат заңмен қорғалатын дербес деректерге қатысты болғандықтан, ол тек тікелей туыстарына ғана беріледі. Яғни, олар іздестірілген адаммен туыстығын растауға міндетті. Сырттан келгендерге туыстарынан нотариалды куәландырылған сенімхат қажет.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің өңірлік мұрағаттарын құпиясыздандыру, түгендеу және цифрландыру отандық ғалымдарға осы жұмысты жалғастыруға және ел тарихының қайғылы кезеңін қамтитын құпияның бет пердесін ашуға мүмкіндік береді әрі мыңдаған жазықсыз жанның тағдырын анықтауға көмектеседі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Рас, зұлматты жылдарға қатысты құжаттарға «Совершенно секретно» деген белгі қойылып, сол шаң басқан құжаттар жатқан кейбір мұрағаттарға қара құлып салынғанның салдарынан ұзақ жылдар бойы көп адам тағдырының сыры ашылмай келді. Жоғарғы сот саяси қуғын-сүргін құжаттарын құпиясыздандыру жұмысын толық аяқтағанын жоғарыда жаздық. Енді тарихшылар мен ғалымдарға мұрағаттар қолжетімді болғаннан кейін біз білмейтін тұлғалар жайлы тың мәліметтер анықталып жатқан жайы бар. Сөйтіп, елеусіз қалған есіл ерлерді ұлықтауға, ақталмай қалғандарды ақтауға жол ашылды. Ал, бұл «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін қазақ үшін маңызды шаруа саналады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here